Руханият • 12 Сәуір, 2021

Оразаның әр сәті сауап

2951 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Көптен күткен Рамазан да келіп жетті. Бұл Алланың мейірімі төгі­ліп, жұмақтың есігі айқара ашы­латын, сауаптар еселеніп жа­зы­латын шарапаты мен ша­па­ғаты мол ай.

Оразаның әр сәті сауап

Өйткені мұнда жан мен тәнді рухани тазартатын Ораза құлшылығы орындалады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана бе­ре­мін...» деп айтқан. Биыл­ғы Ора­за­ның ерекшелігі – пан­де­мия­лық ахуалға тап келіп отыр. Сон­дық­тан қасиетті айда жаса­латын діни жоралғылар төңі­регінде туындап отырған сұрақ­тарға дұрыс жауап алу үшін Қазақ­­стан мұсылмандары діни ба­с­қар­­масының төрағасы, Бас мүф­ти Наурызбай қажы Таған­ұлы­на­ жолығып, көпші­лікті тол­ған­дырып жүрген сауалға жауап алдық.

 

– Ассалаумағалейкум мүфти хазі­рет, күллі мұсылманға парыз етілген һәм ішінде Ораза құл­шы­­лығы бар Рамазан айы да келіп жетті. Өзіңізге және барша Пайғамбар (с.ғ.с) үмбеттеріне құтты бол­сын айтамыз. Осы орайда, аталған құлшылықтың мұсылман баласы үшін үкімі қандай және маңызы жайлы айтып берсеңіз?

– Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінде Оразаның үкімі жайлы: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрын­ғыларға парыз болғандай Ораза парыз етілді. Әрине, сақсынар­сың­дар...» дейді. Осы аяттағы «сақсынар­сың­дар» деген сөзге айрықша тоқтал­ғым келеді. Бірде әйгілі сахаба Әбу Һұрай­ра (Алла оған разы болсын) тақуа­лық туралы сұраған кісілерге бы­лай дейді: «Сіздер өміріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?». Сонда қасындағы адамдар: «Иә, өт­тік», деп жауап берді. Әбу Һұрай­ра (Алла оған разы болсын) тағы да: «Олай болса, сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» деп сұрады. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», деп жауап берді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», деп түсіндіріп берген екен.

Ораза құлшылығының мәні де осында. Ауыз бекіткен адамның санасында «Осы ісім Оразамды бұзып жібермей ме?» деген сауал әрдайым жаңғырып тұрады. Тіпті Ораза ұстаған жан біреуді ренжітіп алудан сақтанып, сауаптан құр қалмауға тырысады.

Әдеткі күнде біреудің әдепсіз әре­ке­тінің «қарымтасын» беруге асығып тұ­ратын жан қасиетті Рамазан айын­да өзге адам дауыс көтеріп, шектен шы­ғып жатса да «мен ораза едім» деп мә­се­лені тақуалық жолмен ше­шеді. Өйт­кені Рамазанда «мен ораза­мын» деп айту – сүннет амал, яғ­ни Пай­ғам­бар жолы. Ардақты Пай­ғам­барымыз: «Кім­­де-кім аузы берік бол­са, жаман сөз сөй­­лемесін. Дауыс көтеріп, айқай шы­­ғар­масын. Біреу оған тіл тигізсе немесе оны­мен керіс­кісі келсе оған «Мен ора­за­мын» десін» деп өсиет еткен.

Тақуалық – арнайы іздеп, уақыт-сәтін күтіп жасайтын амал емес. Алладан қорқу, күнәдан сақтану күн­делікті тіршілігімізде, жұмысымыз бен отбасымызда, кез келген қоғамдық ортада көрініс табуы тиіс. Ал Ораза айы тақуалықты ту ететін орайлы сәт.

Ауыз бекітіп жүргеніміздің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әбубәкір Кердерінің:

«Мұсылман болсаң – іждәт қыл,

Иман, руза, намазға.

Ағайын болсаң, тату бол,

Әуес болма аразға!» деп жырлайды.

Аузы берік адам бойындағы күш-қуатын өнбес дауды қуып, бос нәрсеге жұмсамайды. Нәпсі-қалауы «жуасып» қалған жан жамандықтан қа­шық жүреді. Қу нәпсі адамды азды­ра­тын амалға жетелегенмен, ақыл­ды мұ­сы­лман нәпсі қалауына ермей­ді. Ал қалауға ерік берген пенде оның «құ­лы­на» айналмақ. Нәпсіні тәрбие­леу­дің төте жолы – аштық, яғни Ораза ұстау.

Оразаның мүміндер өміріндегі маңызы ерекше. Бұл айда мұсылман бала­сының ниеті мен амалы үйле­сіп, жақсылыққа ұмтылады. Ізгі ғұла­ма­лардың бірі «Ережеп – желге, Шағ­бан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол айтпақшы, Рамазан – рухани азық жинайтын берекелі ай. Пенде ораза кезінде өзінде бар нығметтің берекесін сезінеді, қадіріне жетеді.

– Биылғы Ораза пандемиялық жағдайға тап келгендіктен, парыз-сүннет құлшылықтарды жасауда қандай өзгерістер бар және орындалуы жайлы не үкім айтасыз?

– Біз еліміздегі пандемиялық жағ­­­дай­ды ескеріп, жұқпалы корона­ви­рус ін­детінің алдын алу және одан сақ­тану үшін құлшылық жасау мә­се­­лесін үш аймаққа, яғни «жасыл», «сары», «қызыл» деп бөлдік. «Жа­сыл» аймақтағы мешіттерде та­рауық намазында қысқа сүрелер оқыл­а­ды. Ал ауа райы қолайлы, мысалы оң­түс­тік аймақтарда оқылатын тарауық намазы мүмкіндігінше мешіт аула­­сында өткізіледі. Тарауық намазы рұқ­сат етілген мешіттерде Құран ха­тым­ды бір парадан асырмай оқу ту­­ралы имамдарға тиісті тап­сыр­ма бе­рілді. Жамағат намазы кезін­де ара­қа­шықтық сақталады. Бұған қатыс­ты арнайы пәтуа шыққан. Осы ретте жасы үлкен кісілерге, денсаулығы нашар адамдарға жəне жас балаларға намаздарын үйлерінде оқуға кеңес береміз. Мешітке бетпердемен келу міндетті.

Ал «қызыл» аймақтағы мешіттерде, өкінішке қарай, жамағатпен намаз оқылмайды. Мешітте белгіленген орын­дарда жеке құлшылық жасалады. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынына көзіміз жетті. Осы ретте барша отан­дастарымды ауызашар кезінде, құл­шылық сәттерінде санитарлық талап­тарды қатаң сақтауға шақырамын!

– Ауызашар деп қалдыңыз, Ораза құлшылығында әдеттегідей «ауызашар» әдебі бар. Осы мәселеге байланысты не айтасыз?

– Әрине, ораза кезінде ауызашар беріп, сауап алуға тырысамыз. Алай­­да пандемиялық жағдайда жа­қын­дарымызға зиян тигізбей, олар­дың өміріне қауіп төндірмей, жұқ­палы дерт­ті таратпауға үлес қосу – бүгінгі күн­нің маңызды әрі үлкен сауап­ты ісі­нің бірі. Сауап алам деп біреу­дің обалына қалып жүрмейік дегім ке­леді. Қазіргі жағдай барынша сақ­тану қажеттігін ұқтырып отыр. Бас мем­лекеттік санитарлық дәрігердің №68 қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінде еске алу рәсімдері­не рұқсат берілгеніне қарамастан, ауыз­ашар­ды мүмкіндігінше отбасы ортасын­да өткізуді ұсынамыз.

Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандарға айтарым: ауызашар қораптарын ерік­тілер немесе мешіт қызметкерлері ар­қылы көмекке мұқтаж азаматтарға жет­кізуге болатынын қаперлеріңізге сала­мын. Діни басқарма Рамазан айын­да санитарлық талаптарды сақ­тай отырып, қайырымдылық іс-шара­ларын жоспарлы түрде жүзеге асыра­ды. Барша қауымды игі іске үлес қосу­ға шақырамын!

– Өткен жылдары ораза кезінде ауыл-үйді аралап «жарапазан» айтушыларды көріп қалдық... Бұл әрекет дінде бар ма, әлде дәстүр ме?

– Жарапазан сөзі «Жа-Рамазан», яғни араб тіліндегі «Рамазан келді» деген сөзден шығады. Жарапазан жы­ры­ның мазмұнында Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтылады. Жара­пазан жыры исламнан бұрын пайда болған деген тұжырым бар. Осындай тұжырым айтқан ғалымның бірі – Халел Досмұхамедұлы. Ол: «Бұл жырлар жартылай діни сипатты: жарапазаншылар өз өлеңдерінде ша­ри­ғатқа иек арта отырып, қайыр-садақа, сый сұрайды» деп жазған. Ал Ахмет Байтұрсынов: «Жарапазан – рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады» деген.

Ақын-жазушыларымыз дінді, адам­гершілікті өлең-жырмен насихат­таған. Мұхтар Әуезов: «Қазақ ортасына Ісләм дінінің тарауына көбіне қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір» деп жазады.

Жарапазан – қасиетті Рамазан айы­ның келгенін хабарлайтын, халықты ізгілікке үндейтін жыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін жарапазан жырын жатқа айтушылар арасында арнайы сайыстар ұйымдастырып, жер-жерде байқаулар өткізіп, осы игі дәстүрдің бұқаралық си­пат алуы үшін бірнеше жобаны жүзеге асырды. Жарапазан айту діні­мізде болмағанымен, дәстүрімізде бар жақсы үрдістің, жақсы ғұрыптың бірі.

Қазақша «ғұрып» сөзі «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адам­дарға үйреншікті болған, әдет­тегі іс-әрекет, үрдіс деген мағы­на­лар­ды білдіреді. «Әл-урф» сөзі­нің шари­ғат­тағы терминдік анықтама­сы мы­надай: «Ол ақыл-ойдың, логи­ка­ның құптауымен көңілдерге орнық­қан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайтала­натын­дықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.

Айтайын дегенім, жарапазан жыры да көңілге орныққан, халқымызға үйреншікті болған, адамдар арасында көп айтылатын жақсы дағдымыздың бірі. Сондықтан осы дағдыны қайта жаңғыртып, оның жаңа заманауи үлгісін қолданысқа енгізуіміз керек деп есептеймін.

– Жалпы, мұсылман жамағаты арасында «Ораза сауап айы» деген ұғым бар. Осының нақты шариғи жолы және мінсіз дұрыс орындалуы жайлы айтып берсеңіз?

– Алла Тағала «Фуссилат» сүре­сінің 34-аятында: «Жақсылық пен жа­мандық тең болмайды. Жаман­дық­ты жақсы ісіңмен жолға сал. Сон­да ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді» деп баяндайды.

«Мұсылман» деген сөз «мойын­сұнушы» деген мағынаны білдіреді. Демек, мұсылман баласы әр ісінде Алланың әміріне мойынсұнады. Тіпті, біреу жаман ниетпен дөрекілік танытса, оған көркем түрде жауап береді. Біреу ауыз бекіткен мұсылманға тіл тигізсе немесе онымен араздасқысы келсе оған «мен оразамын» деп жауап береді. Жоғарыда айтқанымдай, аузы берік адам әрбір теріс нәрседен сақтанып, әр амалын адамгершілік таразысымен өлшейді.

«Ораза сауабы» деген іздеп жүріп, орайын күтіп алатын нығмет емес. Егер кез келген жағдайды, сындарлы сәтті сабырмен қабылдап, қайы­рын Құдайдан күтетін болсақ, ораза ұстаған адамның әр сәті сауапқа толы. Демек, Оразаның әр сәті сауап. Әбубәкір Кердерінің «Мұсылман бол­саң – іждәт қыл» дейтіні сондық­тан. Әр іске ыждаһат, дұрыс ниет керек. Ниет пен сөз түзелмей, амал түзел­мейді. «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Міне, көркем мінез дегеніміз осы. Көркем мінезді мұсылман айналасына ислам құндылықтарын паш етеді.

– Рамазан айында «Қадір түні» бар. Осы қасиетті түннің құлшы­лық үкімі жайлы айтып өтсеңіз?

– Алла Тағала жылдардың іші­нен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге кел­ген жылды бере­келі етіп қойды. Айлар­дың ішінде Рамазан –қасиетті ай. Күн­дердің ішін­де жұма, арапа күн­дерінің қасиеті ерекше. Ал Жаратқан Жаббар Иеміз түндердің ішінен Қадір кешінің қадірі мен қасиетін, дәрежесі мен сауабын арттырып қойған.

Иісі мұсылман баласының тағдыр жазы­латын түнді тағатсыздана күтуі­нің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Қадір кешінің әрбір сәтін құлшылықпен, дұғамен, Құран оқумен, т.б. Аллаға ұнамды сауапты амалдармен өткізетініміз сондықтан.

Қадір түнінің негізгі қасиеті – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелейтін Құран Кәрімнің түсуінде. Алла Тағала бұл туралы былай баяндайды: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істі атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын) бір хади­сінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешірі­леді», деген.

Бұл түнде Жаратқанға шынайы жалбарынған пенделердің тілектері қабыл етіліп, тағдыры жазылып, ри­зық-несібесі бекітіледі. Кейбір ғұла­малар қасиетті Қадір кешінде кім­дердің қажылыққа баратыны белгілі бола­ды деген. Демек, әр адамға қатыс­ты үкім шығарылатын түнді барынша сауапты амалға арнағанымыз абзал.

Осы ретте Қадір түнінде жасайтын қайырлы амалдарға тоқтала кетейін. Ең бастысы, мұсылман баласы бұл кешті иманмен, Аллаға деген мық­ты сеніммен, сауабын үміт ете отырып өткізуі тиіс. Намаз, Құран оқып, дұға жасап, Алладан кешірім сұ­рап, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, уағыз-насихат тыңдап өткізуге аса мән беру керек. Сонымен қатар алдын ала Қадір түнінің қасиеті туралы оқып-біліп алған жөн. Өйткені бұл кештің мәні мен маңызын, дәрежесі мен мәртебесін, сауабы мен қасиетін түсінген адам оның берекетінен әсте мақұрым қалмауға тырысады.

– Мүфти хазіреті, биылғы Ораза құлшылығы қарсаңында елі­міз көлемінде жұқпалы індет коро­на­вирусқа қарсы екпе салдыру науқаны жүріп жатыр. Осы мәсе­леде мұсылмандар арасында әртүр­лі пікір бар. Еліміздің дін басшысы ретінде сіз не айтасыз?

– Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз­деріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған.

Алла Елшісі (оған Алланың сала­уаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты», деген. Халқымызда: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», деген нақыл бар. Сол үшін кез келген адам емделудің жә­не аурудың алдын алу жолдарын қарас­тыруы тиіс.

Арнайы медицина мамандары қазіргі таңда әлемге қауіп төндірген коронавирус індетінің алдын алу үшін вакцинациялаудың адам денсаулы­ғын сақтап қалудың қауіпсіз және тиім­ді әдісі екенін айтуда. Ал шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Алайда екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі.

Сөз соңында айтарым, Алла Таға­ла елімізге амандық, жерімізге тыныш­тық нәсіп етіп, адамзатты жұқпалы індеттен сақтағай. Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамыз бен жасаған әрбір жақсы амалымыз қабыл болғай. Әмин!