Тарих • 13 Сәуір, 2021

Жан күйзелткен жылдар жадында

585 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жасы 95-тен асқан Кәкен апаның қасында уақыттың қалай өткенін аңдамай қаласыз. Әулетінен 3 бірдей жан «халық жауы» деген жаман атты жамылып, із-түзсіз кеткен әке-аға­ларының жалғасындай болып отырған кейуана өмірі көпке ой тастағандай.

Жан күйзелткен жылдар жадында

– Әкем бірнеше ағайынды еді. Отыз екінің алапат аштығында ел тоз-тоз болып, әлі келгендер шұбырып, жан-жаққа нан іздеп кетті. Ал біздің әулет қозғала ал­­маған. Себебі бір ағасының үйінде ауру жан болғандықтан, бәрі соған қарайлады. Өзге үй­лерден бірді-екілі бала шеті­не­генімен, аман қалған да, Ералы әкемнің үйін сол аштық түгел жал­мады. Шаңырағы ортасына түсті. Әкемнің енді бір бауыры аштықтан бұрын өз ажалынан қайтқан-ды, ал аштықта сол үйдегі шешеміз өліп, олардың жетім қалған балалары біздің үйге келді. Алдында колхоз құрарда әкемнің інісі Әбдікәрім: «Бәрі ортақ, қазан да, әйел де», дегенді естігенде қарсы сөз айтып, сол заматта ұс­талған. Содан із-түзсіз кеткен, – деп әулетінің тарихын айта бас­таған апа Әбдікәрім әке­сінің есімі қазақтың айтулы бір ұлына қалай көмектескенін айтып берген. – Қалқам, сол қиыншылық заманда 6-сыныпты бітіріп, 7-шіде оқып жүргенде соғыс басталып, әрі қарай колхоздың жұмысы­на кірдім. Бірақ сол біліміммен өмір бойына кітап, газет-журналмен дос болдым. Сендердің «Егемендеріңді» өмір бойы оқып келемін. 1991 жылы газет ақтарып отырып, «50 жыл өзге адамның тегіне жазылып келдім, енді қа­жылыққа барарда өз әкемнің есі­мін қайтарғым келеді. Әкем Са­дуақас Ғылманидің басын аман алып қалу үшін түрмеде қай­тыс болған Әбдікәрім Мусиннің құжатын әкеме беріп, Ғылмани қайтты деп ресімдейді. Содан мен өмір бойына Мусина Үкі­жан Әбдікәрімқызы болып ке­лемін. Енді қартайған шағымда Ғыл­маниқызы атансам дегенді оқып, ал кеп аңыра. Әкемнің көзі төрт болып, бауырым қайда екен, тірі жүрсе табылар деген үмітінің сол жылдарда-ақ сөнгенін, есесіне атының ғұлама адамның өмірін сақтағанын естіп, шүкір айта оты­рып жыладым, шырағым. «Ха­лық жауы» деген жаман сөз сонда да әулетімізге жабысқан екен, артынан әкемнің бауырлары Әлібек, Қазыбек тағы да ұсталды. Әкеткеннен келмеді. Ауылымыз – әйгілі «Алжир». Басында бар мұң болған соң ана аш-жалаңаш әйелдердің тегіс «жау» еместігін әке-шеше аяп, ақырын айтып қояды. Не көрмедік, шырағым. Талай мықтының жарлары, сүй­гендері отырғанын артынан ес­тідік қой, үйіміз лагерьден он­ша алыс еместігінен жиі көреміз. Қа­рауылдары ажалы жетіп, демі тау­сылған әйелдерді арбаға үйіп, үсті-үстіне салып шұңқырға кө­міп, қайтар бетте үйге тоқтап, алтын тістерді көрсетеді, аласыңдар ма деп. Кішкентаймыз, үркетін де миымыздың жоқтығы ғой, қо­лымызбен ұстап, керек емес деп қайтарамыз. Ол кезде адамға алтын емес, ас керек заман. Ке­йін ата-анамыз «жоламаңдар, ұстамаңдар» деп үйретті ғой.

Жүзінен нұры төгіліп, жұмсақ сөйлей отыра, өмір парақтарын ақтарып, ел тарихымен астасқан әулет баянын әңгімелеген ападан қалалық өмірінің қашан, қай кезде басталғанын сұрадым.

– Ой, шырағым-ау, жасөспі­­рім шағым соғысқа тура келді. Ауыл­да сауатты адам болмаған­дық­тан, «Информбюроның» жаңа­лы­ғымен таныстырып тұра­сың деп ауылдағы шағын ғана кітапхананы берді. Өгізбен жер жыртып, мал күзетіп, пішен шаба жүре, ақпарат жинап, елге майданнан хабар таратамын. Жұрт­тың көзі жасты болғанымен, же­ңіске деген үміт бар. Соғыс уақытында әжем қайтты. Сонда әжемнің қырқына жиылған ха­лыққа ауылнай 40 адамның «қа­ра қағазын» әкелгені бар. Өйткені ауыл адамдары үйіне біреу беттесе қорқады, жаман хабар айта ма деп. Содан бәрі жиналғанда біріне-бірі сүйеу болсын дегені ме, ауылнай 40 «қара қағазды» бірден берді. Сұмдық-ай, сондағы дауыс құлағымда қалды, күні бү­гінге дейін еске түскенде төбе құй­қам шымырлайды. Ондай жы­ласты одан бұрын да, кейін де көрген емеспін. Аңыраған, жоқтаған, бір-бірімен құшақтасып жылаған, жаулығын жұлып алып, шашын жайып дауыс қылған әйелдер әбден шаршап, солықтап барып басылған. Солай, қарғам...

Соғысқа кеткендерден жаралы болып оралғандар аз, ал бригадир атаулы, колхоз бастығы қыздарға қырындайды. Біз байғұстың ажарымыз бар, балауса жаспыз, оған қарап обал дейтін жан жоқ, содан қой құрысын, тезірек күйеуге тиейін дедім. Бірақ аяғым ауыр күйде жесір қалдым. Ата-енем бар. Олар менің жайымды ойлап, мына жас адам қашанғы отырады деп қалада жүрген туы­­сын шақырып, «жесіріңді ал, баланы жетім етпе» дейді. «Со­ғыстан кейін теміржолға жұ­мысқа орналастым, табысым жақ­сы, берсеңдер алып кетейін, ауыл­ға көшіп келе алмаймын», дейді ол. Содан тұңғышым ата-енемде қалып, қалаға келдім. Ал­ғашында базарға барып, ауыл­дастардан баламның жайын сұрап жылап жүрдім. Іле аяғым ауыр­лап, қызым дүниеге келді. Со­сын ата-енемнің жұбанышы ғой, мені құдай құр тастамай бала бер­ді ғой деп жұбандым. Ұлым жетінші бітіріп барып, ата-әжесі дүние салған соң қолымызға келді. Ол кезде қазақтың қолы­нан іс келеді, бұлар бірдеңе бі­леді демейтін заман. Нансаң, қаладағы Теміржолшылар үйіне киімілгішке жұмысқа үлкен кү­мәнмен зорға қабылдады. Бірде директордың әйелінің, ол өзі би үйірмесін басқаратын, мексика биін билейтін бишілер киімінің жеңін қондыра алмай, әуреге түсіп жатқанын көріп, былай-былай деп оп-оңай тігісін айта қойдым. Ертесіне директор шақырып: «Сәметова, сен тігіншілікті оқы­ғансың ба?» дейді. «Жоқ, әжем үйреткен деймін». «Онда сен киімберуші костюмердің кө­мекшісі бол», деді. Ол кезде үйір­менің барлық киімі қолдан тігіледі. 15 ұлттың киімін, би­шілер мен оркестрдің сахнаға кие­тіндерін көз майымды тауысып тігіп, олар республикалық сайыс­тан орын алып, көзге ілмейтін қазақтан құрметті қазақ болып шыға келдім.

Ол заманда қазаққа үй де ти­мейді, әйтеуір, күйеуім де жұ­мы­сын жақсы атқа­ра­тын­дық­тан, 5 баламыз болғанда осы отырған үйімізді берді. Бұ­рын­ғы балалар бөлмесі – қазір ме­нің бөлмем, шалым екеуміздің қо­лымызда өскен үлкен немерем осы қарашаңырақта. Намазымды қаза етпей, құлшылығымды жасап, қажылыққа да бардым», де­ген Кәкен апаны ақмолалық ба­йырғы тұрғындар да жақсы та­ниды екен. Соның бірі, өнер мен ұлттық мәдениеттің жана­шы­ры Оспан Сүлейменұлы: «Кә­кен апаның шапағатын ұлт­тық өнерді насихаттаушылар бі­раз көрдік. Ол кезде концертке ұлт­­тық бірдеңе алып шығайын де­сең, киетін концерттік киім жоқ. Оркестр шығарайық десек те сол қолбайлау. Жүгіріп апаға келеміз. Апаның арқасында сол кездегі Целиноградта алғаш ұлттық киім киген оркестр шығарғанбыз. Ол кез несін айтасыз, ұлттық әр дү­ние үшін кәдімгідей майдан еді ғой. Сондай кездерде Кәкен апа қасымыздан табылатын», дейді ризашылықпен.

Апа 1988 жылы зейнетке шыққан соң да отырмапты. Шай­­за Сексенбаева, Күнбала Оба­­нова, Зекен Абдуллина, Ұр­қия Елеусізова бесеуі жина­лып, ұлт­тық дүниелерді тірілтеміз, бала­лар­ға үйретеміз деп ансамбль құ­рып, ұлттық салт-сана, дәстүрді ұр­пақ­қа сіңіреміз деп біраз ең­бек­тенген екен. Табиғатында өнер­­сүйер апаның бойында ақын­дық­­тың ұшқыны да бар. Балала­ры екі жинағын шығарып берген Кәкен Балабекқызы сонау жылдары Бөгенбай батырдың асында «Қаламызға байырғы атауын қайтарыңдар, Ақмоламен қашан қауышамыз?» деп өлеңмен сауал да қойған екен. 95-тен асқан Кәкен апа: «Қарағым, бүгінде немере-шөберелерімнің осы тәуелсіз елде, ешкімге жалтақтамай, көз­ге ілінбейтін емес, мемлекет құ­райтын ұлттың ұл-қызы, азаматы болғанына күніне мың шүкір айтамын. Тәуелсіздік біз түгіл, аталарымызға арман болып еді ғой, тәубе, тәубе», дейді.