ЖҰМЫСТЫҢ БӘРІ – ЖОЛДАУДЫҢ АЯСЫНДА
Елбасының биылғы Жолдауы алдағы 10 жылдықта атқарылатын жұмыстар ауқымын айқындап бергені мәлім. Жолдауды тұрғындар арасында түсіндіру, оның мән-мағынасын талқылау бойынша ауданымызда сала басшыларынан, мәслихат депутаттарынан, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен ақпараттық топтар құрылып, насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.
Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеті – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Аудан бойынша бүгінгі күнге 41 адам жұмысқа орналастырылып, 23 жаңа жұмыс орны ашылды. 307 адамды қоғамдық жұмысқа орналастыру қажет болса, бүгінгі күнге 115 адам жіберілді. Республикалық “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 120 әлеуметтік жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ал жазасын өтеп келгендерден 5 адам жұмысқа орналастырылды. Жазасын өтеп келгендерді жұмыспен қамту мәселелері Елбасының биылғы жылғы Жолдауында баса айтылған. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен ішкі істер бөлімі арасында жазасын өтеп келген азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жоспар жасақталып, тығыз байланыс орнатылған.
Жастарды, оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамту бойынша өткен жылы қолға алынған “Дипломмен – ауылға” жобасы өз өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл бағыт бойынша аудан әкімдігінің сайтында (www.chіngіrlau.westkaz.kz) “Дипломмен – ауылға” жобасы ашылып, бос орындар тізімі орналастырылды. Өткен жылы 51 жас маман жұмысқа алынып, біржолғы көтермеақылар берілсе, биыл 20 жас маманды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Алдағы айда Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл толады. Елбасы Жолдауында да ардагерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдауға айрықша маңыз берілген. Жеңістің мерейтойына орай майдангерлерге Үкімет тарапынан 65 мың теңге көлемінде ақша берілетін болса, аудандық бюджеттен жеңіс сарбазының әрқайсысына 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілмек. Сонымен қатар, Жеңіс күні жақындаған сайын соғыс және тыл ардагерлерінің жас ұрпақпен кездесуі жиілеп, патриоттық тәрбие өрістей түсуде. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамуымыздың бағдарын айқындағанда, білім беру саласына да айрықша назар аударған болатын. Соның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – алдымызда тұрған үлкен мақсаттардың бірі. Бүгінгі күнге аудан бойынша тоғыз шағын орталық, сегіз балабақша мен үш мектеп балабақшасында мектеп жасына дейінгі 627 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш 83,8 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта аудан орталығында 140 орындық бір балабақша, Қарағаш ауылында 35 орындық бір балабақша ашу жоспарланып отыр. Осы балабақшалар ашылған жағдайда балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамту аудан бойынша 90 %-ды құрайтын болады.
Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарта түсуге ықпал етері сөзсіз. Бұл сала бойынша ауданда “Жарас”, “Жақып”, “Есен”, “Полтава” секілді агроқұрылымдар ұжымы табысты еңбек етіп келеді. Биыл 28300 гектар жерге жазғы дәнді дақылдар және 3300 гектар алқапқа майлы дақылдар, 161 гектар жерге көкөніс, барлығы 31761 гектар егістік алқапқа көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту бағытында да біраз жұмыс атқарылуда. “Бірлік”, “Төре” шаруа қожалықтары еділбай қойын өсірумен айналысса, “Өнім”, “Төре”, “Жарас”, “Османғалиев” шаруа қожалықтары облыстың мамандандырылған шаруашылықтар тізіміне енді. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын жыл он екі ай бойы көкөніспен қамтуды түбегейлі жақсарту мақсатында бау-бақша саласына көңіл бөліп, жылыжай шаруашылығын жетілдіруді қолға алудамыз.
Еліміздің экономикалық әлеуетінің артуы – ішкі саяси тұрақтылықтың кепілі. Елбасының сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде этносаралық татулық салтанат құрып, бұл фактор экономикалық ілгерілеудің берік алғышартына айналды. Демек, айқын мақсат, мерейлі міндет жүктеген Елбасының биылғы Жолдауы Отанымыздың экономикасын дамытып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында бізді жаңа жеңіс-жетістіктерге жігерлендіре бермек.
Марат ТОҚЖАНОВ, Шыңғырлау ауданының әкімі.
Батыс Қазақстан облысы.
БЕЛСЕНДІЛІК – ТИІМДІЛІК БАСТАУЫ
Еліміздің “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңы қолданысқа енгізілгелі бері қоғам мүшелері мен оның сан-алуан құрылымдары белсенділікті ұштай отырып, игі істердің ұйытқысы бола білді. Ауданның соңғы жылдары, оның ішінде әлемдік экономикалық дағдарыс дендеген кездің өзінде айрықша серпіліспен алға жылжығандығы қуантады. Біз мұны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын биылғы халыққа Жолдауындағы “Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды”, деген сөздерімен байланыстырамыз. Бұл орайда аудандық мәслихат пен депутаттарымыздың өңірлік даму саясатын оңтайлы жүргізуге септік жасағандығын айта кеткен жөн.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері 2009 жылы 11 миллиард 214 миллион теңге жалпы өнім өндіріп, 2008 жылдың көрсеткішін үш есеге арттырды. Ал егістік алқаптың түсімі гектарына 18,4 центнерден айналып, бес есеге өсті. Малшы қауымның қарауындағы ірі қара саны 2235 басқа жетіп, тұтынушыларға 636 тонна ет өнімі жөнелтілді. Өңірдегі ең ірі “ҚазГерҚұс” фабрикасының құрылысы аяқталып, жыл ішінде 20 миллион дананың үстінде жұмыртқа алынды.
Ел ішіндегі абыройлы азаматтардан жасақталған депутаттық корпус экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруға негізделген жоспар, жобалардың іске асырылуына күш салуда. Бүгінгі күні ауданымызда қолайлы инвестициялық жағдай орнықты. Мәселен, 2009 жылы негізгі капиталға құйылған қаржының көлемі 59 пайызға өсті. Осының нәтижесінде 5,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, облыстық үлестің 4,5 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік бюджетке түскен салық мөлшері болжамдық жоспардың 110 пайызын қамтамасыз етті. Аудан бұрын-соңды мұндай көрсеткішке қол жеткізбегендігін ескерсек, болашақ күндердің үміт шамы жарқырай түсетініне сенімдіміз.
Депутаттар президенттік “Жол картасы” бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруға да белсенділікпен атсалысты. Осының арқасында 112 әлеуметтік жұмыс орны құрылып, жоғары оқу орнын бітіріп келген 11 маман жастар тәжірибесіне тартылды. Былтыр тапсырылған 32 пәтерлік тұрғын үйге әлеуметтік сала өкілдерінің қоныстануы ерекше бақылауда болды. Қазір аудан орталығы ғана емес, шалғай елді мекендерде де кәсіпкерлік қозғалыс жандана түсті. Аудан бойынша орташа еңбекақының көлемі 56424 теңгеге жетіп отыр. Демек, бізде “Жол картасы—2020” бағдарламасының да табысты орындалатыны күмәнсіз деп санаймыз. Бұл аудандық мәслихаттың билік буындарымен ынтымақты, үйлесімді іс-қимылының нәтижесі деп білеміз.
Аудандық мәслихаттың ІV шақырылымы кезеңінде 23 сессия шақырылып, көкейкесті 184 мәселе қаралды. Биылғы жылдың үш айының өзінде депутаттар 19 мәселені талқыға салды. Оның ішінде халықтың күнделікті сұранысындағы денсаулық сақтау ісін дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, тарифтер мен салықтық төлемдерді реттеу, аудан құрылымына әкімшілік-аумақтық өзгерістер енгізу, тағы басқа мәселелерді бөлектеп айтуға болады.
Сессия – депутаттық қызметтің басты тірегі. Оны дайындаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруге ұмтылыстың өзі депутаттарымыздың уақыт талабындағы ізденісін, сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін терең сезінетіндігін көрсетеді. Біз арнайы құрылатын жұмысшы тобының алдын ала есептерін тыңдауды тәжірибеге енгіздік. Бұл жұмыс сапасын көтерді. Сондай-ақ, мәслихаттың кез келген шарасы ашықтық пен мөлдірлік жағдайында өтетінінен жұртшылық хабардар. Мұнда мемлекеттік қызметкерлермен қатар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, қарапайым тұрғындар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстар енгізе алады. Осының арқасында қабылданған шешімдеріміздің орындалуына қоғамдық бақылау күшейтіле түсті. Жекелеген сессияларға Парламент депутаттары, облыстық басқармалар мен ұйымдардың басшылары қатысуы да тиімді қайтарымын беруде.
Тұрақты комиссиялардың жұмысы елеулі түрде жанданды. Мұнда өткен жылдан бері 14 мәжіліс өткізіліп, 16 мәселе қаралды. Ал тексеру комиссиясының ескертпелері бойынша қабылданған шешімдер аудан тіршілігін жақсартуда маңызды орын алуда. Осы ретте, 9 адамнан тұратын “Нұр Отан” ХДП депутаттық фракциясының бастамашыл жұмыстарын атап өткен жөн. Оның жетекшісі аудандық газеттердің редакторы Валерий Устьянцев бес елді мекенді біріктіретін Үлгі ауылдық округінде өзін-өзі басқаратын қоғамдық кеңестің құрылуына ұйытқы болды. Кеңес құрамындағы елге сыйлы азаматтар ауыл өміріне қатысты мәселелерді батыл көтеруімен көзге түсуде. Қазір мұнда бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы, ауыл тазалығы, қоғамдық тәртіп пен ел дәстүрінің сақталуы, болашақ ұрпақ тәрбиесі өзгелерге үлгі етіп көрсететіндей жағдайда.
Аудандық мәслихат депутаттарының тең жартысына жуығы – қатарынан екі мерзімге сайланған беделді азаматтар. Соған қарамастан, олардың білімдерін көтерудің әрқилы тәсілдерін қолданып келеміз. Мәселен, біздің бастамамызбен “Тұрғындарға қызмет көрсету орталығы” мемлекеттік мекемесінде, “ҚазГерҚұс” фабрикасында, “Бүркітті” туристік-сауықтыру кешенінде өткізілген семинар-кеңестердің әсері мол болды. Алдағы жоспарымызда, Жолдауға сәйкес ортақ ісімізді жандандырудың басқа да қадамдары қарастырылып, қолдау табатын болады.
Марат ИСАЖАНОВ, Еңбекшілдер аудандық мәслихатының хатшысы.
Ақмола облысы.
МАҚСАТ – БІЛІКТІ МАМАН ДАЯРЛАУ
Тәуелсіз мемлекетіміздің сәулет-құрылыс мамандықтары бойынша талапкерлерге білім беріп келе жатқан Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының шаңырақ көтергеніне де отыз жыл болыпты. Білім – қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогресті қамтамасыз етеді. Бұл жоғары құндылық та болып саналады. Оның негізгі қызметіне келер болсақ, адамның ой-санасын өсіріп, менталитетін қалыптастырады. Адамгершілік рухын көтеріп, шығармашылық қабілетін шыңдайды. Жоғары оқу орындарының бүгінгі алға қойып отырған негізгі мақсаты, Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, егемен еліміздің өркендеуіне қажет білікті мамандар дайындау болып табылады.
Іргелі оқу орны алғашқы қадамын бұрынғы Политехникалық институт, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде нақтылай түссе, 1957 жылы өндірістік және азаматтық құрылыс мамандығына алғашқы талапкерлерді қабылдаған екен. Араға алты жыл салып, сәулет мамандығы қосылып, соның негізінде факультет құрылған. Ал 1980 жылы аталмыш факультет Алматы сәулет-құрылыс институты, артынан академия болып бой тіктеді.
Институттың алғашқы ректоры профессор С.Байболов еді. Бұл оқу орнының биік дәрежеге жетіп, қалыптасуына қазақтың айтулы құрылысшылары әрі сәулетшілері Т.Басенов пен М.Меңдіқұлов, өзге де азаматтардың қосқан үлесі ерекше. Олардың еңбегінің өлшеусіз болғанын кейінгі біздер әркез есімізге сақтаумен қатар, құрмет көрсетіп отырамыз.
Соңғы он жылдан бері академияның президенті қызметін атқарып келе жатқан А.Құсайыновтың оқу орнын әлемдік деңгейге көтеріп, бәсекелестікке төтеп беру жолындағы ізденісі мен еңбегі елеулі деп ойлаймын. Академиямызда қазір 6 факультет, 9 кеңестер мен бірлестіктер жұмыс істейді. Соңғы жылдары мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы игілікті істер өз нәтижесін беруде. Қазақ тілінде дәріс оқитын оқытушылардың саны артуымен қатар, ұлтымыздың рухани дүниелеріне ден қоюшылық басым бола бастады. Әсіресе, жастарға сапалы білім беріп, өмір талабына жауап беретін мамандықтар дайындау жұмысы жақсы жолға қойылған.
Бәсекелестік пен жоғары технологияларсыз ғылым мен білімді ілгері бастыру әсте мүмкін еместігі Жолдауда нақты айтылды. Бұрынғыдай қала ма, қалмай ма, мұғалімнің дәрісін тоқсан минөт тапжылмай отырып тыңдаудың орнын кредиттік технология алмастырды. Бұл дегеніңіз, білімге құштар әрбір студент өзінің қалаған оқытушысының дәрісін тыңдауға құқылы. Мұның тағы бір артықшылығы, жақсы оқыған жастарға әлеуметтік жеңілдіктер жасалып, мүмкіндіктер туғызылатындығы. Тек студенттерге ғана емес, біздерге де көрсетіліп жатқан қамқорлықтар аз емес. Соның бірі жұмысқа қатынау үшін бөлінген арнайы автобустар. Мұның өзі академияның материалдық базасының, техникалық жағдайының айтарлықтай екенін көрсетсе керек.
Сонымен бірге, оқу орнындағы дәрісханалардың бәрі компьютермен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Оны оқытушылар мен студенттер кез келген уақытта пайдалана алады. Дәріс кезінде біз электронды байланыстар арқылы қосымша ақпараттар алып, соны тақырыпқа пайдалана отырып, талапкерлерге жан-жақты мәліметтер береміз. Кітапханадағы кітаптар мен электронды оқулықтарды ұштастырудың тиімділігі өз алдына бір әлем.
Студенттер жатақханасында жастарға қажет жағдайдың бәрі жасалған. Соның бір дәлелі өткен жылы қаладағы студенттер жатақханалары арасында өткен байқауда бірінші орынды жеңіп алуы.
Жалпы, ел дәулетіне сай сәулетті құрылыстарды бұрын, қазір, болашақта жүргізетін құрылысшылар мен сәулетшілер дайындау саласындағы еліміздегі тұңғыш оқу орнының отыз жыл ішінде жеткен биігі алдағы асуларының одан да зор екенін айғақтайды.
Аида САРИЕВА, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының оқытушысы.
АЛМАТЫ.
ӘЛЕМ ӨЗ НАЗАРЫН ҚАЗАҚСТАНҒА АУДАРДЫ
2010 жылғы қаңтар айының соңындағы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2008-2009 жылдары көптеген экономикаларды иықтан басқан қаржылық және экономикалық дағдарысқа қарамастан, елдегі дамудың біршама оң ырғағы қалыптасқанын атап айтты. Іс жүзінде бұл дағдарыстың теріс салдарымен күрес жүргізу үшін Қазақстан бар мүмкіндігін пайдаланғанын көрсетеді. 2009 жылы өсу небәрі 1,1% құрады және бұл алдыңғы жылдардағы екі еселенген көрсеткіштерден төмен болды, бірақ ел өзінің оң дамуын тоқтатқан жоқ.
Қазақстанның келесі бір жетістігі 56 елді біріктіретін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалығы болып табылады. Кейбір қарама-қайшылықтарға қарамастан, Батыс Қазақстанды дамыған, демократиялы ел ретінде бағалап, өңірде және жалпы әлемде лидер болуға зор әлеуеті бар екендігін мойындады.
Президент Назарбаев саясатты, экономиканы, әлеуметтік саланы және адам капиталын дамытуда Қазақстанға өте іргелі міндеттер қойды. Болашаққа қарай отырып, ол бірқатар ең құнды жағдайларды атап өтті.
Экономикада Қазақстанның мүмкіндіктері жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарысқа төтеп беретіндей деңгейде. Әлемдік экономикада турбуленттілік әлі де тулауда. Оның әсері Қазақстанды да шарпитыны анық. Сондықтан қалайша қаржылық институттар мен үрдістерді бекемдеуге болады? Алдағы уақытта шектен тыс кредиттеу мен артық заемдар беруді қалай болдырмаған жөн? Мемлекеттің табиғи ресурстарынан түсетін табыстарды экономиканың беріктігін және икемділігін арттыру үшін қалай стратегиялық түрде инвестициялауға болады? Басқару қалайша фискалды бола алады?
Президент Жолдауында белгіленген мақсаттарға тек мемлекеттің қазақстандық адам ресурстарына жүйелі түрдегі инвестициялауды жалғастыру арқылы ғана жетуге болады деп көрсетілген. Білім беру мен кадрларды дайындауға да басты көңіл бөлінуі керек және нақты дарындарды танып, жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін олар бар мүмкіндіктермен қамтамасыз етілулері қажет.
Қазақстанның табиғи байлықтары мен халықаралық беделінің өсуі, ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қоса алғанда, әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аудартты. Бұл жағдай Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлесін қоса алатын ел серіктерінің мүдделерін пайдалануға жәрдемдеседі. Сонымен қатар, ол елдегі демократиялық институттар мен құқық нормаларының даму мәселесіне көңіл аударуды міндеттейді. Президент өз Жолдауында мемлекеттің заңнамасын “ізгілендіру... және сапасын арттыру” қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ, ол “екпін ведомство мүддесінен азаматтар мен мемлекеттің мүддесін қорғауға ауыстырылуы қажеттігін” айтып өтті. Осылайша, қазақстандық саясаткерлер жоғары мақсаттарды жүзеге асыруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отыр. Және де осындай үдерістер жақсы жалғасатынына күмән жоқ.
Астрид С.ТУМИНЕЗ, доктор, Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің проректоры.