Коронавирус • 14 Сәуір, 2021

Адамзат соғыстан емес инфекциядан көп зардап шекті – ғалым

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жүздесуде Клиникалық және фундаменталды медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев коронавируспен ауырып-жазылған тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Адамзат соғыстан емес инфекциядан көп зардап шекті – ғалым

Ғалымның сөзінше, екпе алмайынша адамдардың «иммундық әсері» әлсіз болады. Ал екпеден соң азаматтардың 95%-ында коронавирусқа қарсы тұра алатын иммунитет қалыптасады.

«Вакциналар Ресейде немесе Қазақстанда, яғни қай жерде өндірілгеніне қарамастан, жақсы иммундық әсерге ие, сондықтан біздің міндетіміз – халыққа вакцинациядан қорықпау керектігін түсіндіру. Себебі бүкіл әлемде ұжымдық иммунитетті тек вакцинация арқылы қалыптастыра аламыз», деп атап өтті Сәкен Әміреев. Спикер өзі де вакцинаның бірінші компонентін алғанын және одан кейін ешқандай жанама әсер байқамағанын, алайда оның жұбайында вакцинациядан кейін жеңіл әлсіздік белең алғанын айтты. Профессордың пайымынша, әр организм әр түрлі, сондықтан кейбір жанама әсерлердің пайда болуы қалыпты құбылыс.

«Өкінішке қарай, әлі де вакцинаның тиімділігіне сенбейтіндер көп.Тарихқа жүгінсек, шешекке қарсы вакцина жасау кезінде де оған қарсы шыққандар болған. Алайда, жаппай вакцинацияның арқасында ғана шешек ауруын жеңу қолдан келді. Вакцинацияға сенімсіздік таныту жасанды түрде қолдан жасалып отыр. Біз бұл мәселеге өркениетті түрде қарауымыз керек және адамзат соғысқа қарағанда, инфекциялардан жаппай қырылғанын ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, біз туберкулезді менингитке қарсы БЦЖ вакцинасын қолданамыз, ол ағзаны инфекцияның өзінен емес, аурудың ауыр салдарынан қорғайды. Әзірге бізде вакцинациядан басқа коронавирустан қорғанудың тиімді әдісі жоқ», дейді Әміреев.    

Профессор, жүргізіліп жатқан егу науқанына қарамастан, бетперде режімі мен қорғанудың басқа да әдістерін сақтауды ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін жалғастыру керек деп есептейді. Сонымен қатар, коронавируспен ауырып-жазылған адамдар вакцинация алуды кешіктірмеуі керек, өйткені олардың антиденелері вакцинация алғаннан кейінгідей  күшті болмайды. «Шындығында, басқа аурулармен ауырған  адамдарда иммунитет қалыптасады, бірақ коронавирус жағдайында олай емес. КВИ ауруынан кейін жақсы иммунитет қалыптаспайды. Көптеген қазақстандықтар ауыр формасымен ауырды, бұл клиникалық тұрғыдан дәлелденді. Мұндай адамдар қайтадан жұқтырулары мүмкін, олардың инфекциядан кейінгі қорғаныс антиденелері әлсіз келеді. Оларда жад жасушалары қалыптасады, бірақ сонымен бірге антиденелер азаяды. Әзірге бүкіл әлемдік қауымдастық вакцинаны екі рет енгізу керек дегенге тоқтады. Сондықтан, кері тартып екпе салдыруды кешеуілдетудің еш қажеті жоқ», дейді Сәкен Әміреев.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше