Жақында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев “МетроГрупп” компаниясының өкілдерін қабылдады. Екі тарап Тараз қаласынан ірі сауда орталығының құрылысын салу мүмкіндіктерін талқылады.
Баспасөз мәліметі бойынша, сауда орталығының құрылысына жұмсалатын қаржының көлемі 15 миллион еуроны құрайды. Әрбір кешеннің сауда алаңы 11 мың шаршы метр болмақ. Болашақта онда азық-түлік және өнеркәсіп тауарларының 25 мыңға тарта түрі өткеріледі. Бүгінде осы алып құрылыс кешеніне ыңғайлы жер қарастырылуда.
Тараз қаласында бұрын “Гросс”, “Метроном”, “Smal” cияқты үлкен әмбебап дүкендер шоғыры бар болатын. Бұлардың қатарын енді “МетроГрупптың” сауда орталығы толықтыра түссе артық етпейді. Халық таңдағанына барады. Сол халықты өздерінің сауда сөрелеріне қарай тарту үшін олардың менеджерлері де тауарларын арзандата бастайды. Бір сөзбен айтқанда – игілікті іс. Бірақ...
Ойды ой қозғайды дегендей, тараптардың осы жақсы бастамасының бас-аяғына жіті көз жіберіп, жан-жақты ойланатын болсақ, тараздықтар атынан қосатын ұсыныстар да сұранып тұрғандай.
Шынын айту керек, Тараз қаласы Алматы мен Шымкент қалалары сияқты ірі мегаполистердің соңғы жылдардағы экономикалық және мәдени тұрғыдағы даму қарқынына ілесе алмай, көрер көзге қарабайырлау көріне бастады. Облыс әкімі Қ. Бозымбаев осы олқылықтардың орнын аз уақыттың ішінде қалпына келтірмекші. Жоғарыда айтылған “МетроГрупптың” Таразға қомақты қаржымен келуін де осы мақсаттағы бастаманың бірі деп санап отырмыз. Сонымен...
Айтайын дегеніміз, болашақта қолға алынбақ осы ірі сауда кешенінің ішінен неге мәдени және көңіл көтеру орталығын да ашпасқа? Ондай үлкен орталықтар, мысалы, Астананы айтпағанда, Тараз қаласының қос қапталындағы Алматы мен Шымкент қалаларында да бар. Осы шаһарларға жолымыз түскенде кішкентайларымызды “Мегаорталық” деп аталатын сол таңғажайып думанды орындарға апарып, көңілдерін көтереміз.
Адам күнделікті тұтынатын тауарлармен ғана өмір сүрмейді. Тамағы тоқ, көйлегі көк жан рухани қажеттілігін замана талаптарына сай өтегісі келеді. Ол үшін алыс-жақында бар мәдени орындарды аңсап, іздей бастайды. Ал біздің еліміз, құдайға шүкір, “ораза-намаз тоқтықта” дейтін кезеңнен, әлдеқашан өтіп кетті. Дағдарысқа да анау айтқандай даурыға қоймадық. Ендеше “сауда-сауда” дей бермей, сол сауданы қыздыратын орталықтардың ішінен сауда жасай жүріп бір мезгіл отбасымен демалып, көңіл көтеретін орындар жасауды да естен шығармаған абзал шығар. Мысалы, біз барып көріп жүрген мегаорталықтардың ішінде сауда дүңгіршектерінен бөлек, шағын мұз айдыны, шағын кинотеатр, боулинг, кафелер мен кафетерийлер, неше түрлі әткеншектер дейсіз бе, әйтеуір, балалар түгілі ересектерді де еліктіретін қызықтардың бәрі қарастырылған.
Біздіңше, бұл ұсынысты облыс әкімдігі қуана қолдаса керек. Ал облыс, қала басшылары қолдап, “осы жағын да ескеру керек екен” десе, берісі Азия, арысы Еуропадағы сауда орталықтарының көшбасшыларының бірінен саналатын “МетроГрупп” үшін түк те емес деп ойлаймыз. Бұл, әрі, жаңа сауда орталығын басқалардан ерекшелендіріп, қала тұрғындарын өзіне баурауда да үлкен рөл атқарар еді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.