Руханият • 14 Сәуір, 2021

Ғарышкерлер күніне арналған көрме

3969 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғарышкерлер күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде «Адамға табын, жер, енді!» атты халықаралық көрме ашылды. Жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуының 60 жылдығы және Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапарына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Ғарышкерлер күніне арналған көрме

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ди­ректоры Бақытжан Темірболат көрме мен іс-шара бағдарламасы ғарышқа тұңғыш жол салушылардың ерлік­терін есте сақтап, құрметтейтін посткеңестік кеңістік халықтары мүдделерінің ортақ­тығын растайтын айрықша оқиға  екенін атап өтті.

«Бүгінгі ауқымды жобаны Елбасы кітапханасы Қазақстан, Ресей және Украина ұйымдарымен серіктестік негіз­де жүзеге асырды. Мұнда плане­таның басты ғарыш айлағына айналатын Ұлы даланың өркендеу кезеңін қам­титын бірегей құжаттар, эскпонат­тар ұсынылған. Іс-шараның жаңа елордадағы Ел­басының алғашқы жұмыс резиденция­сында өтуінің символдық мәні бар, өйт­кені оның салиқалы саясатының арқасында Байқоңыр бұрынғысынша өзінің стратегиялық маңызын сақтап келеді. Қазақстан өзінің ғарыш саласын қалыптастырып, батырларын аспан әлеміне аттандырды. Еліміздің әлемдік ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айта келе, Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын. «Байқоңыр – күл­лі адамзаттың игілігі, оның әлемдік кос­монав­тикадағы тарихи рөлі зор», деп атап өтті Б.Темірболат.

Көрме атауы Олжас Сүлей­меновтің ғарышты бағындырған адамзатты әйгі­леп, күллі әлемнен сүйінші сұраған «Адамға табын, жер, енді!» поэмасынан алынып отыр. Поэма ауқымды көр­менің арқауына айналды. Көрменің ашылуында көрерменге поэ­маның авторы, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов онлайн үн­деу жолдап, поэманың жазы­лу тари­хы мен аңызға айналған Ю.А.Гагарин­нің ғарышқа ұшқан күні туралы естелік­терімен бө­лісті.

«12 сәуір күні таңертең газетте ме­нің «Адамға табын, жер, енді!» өлеңім жарық көрді. Юрий Гагаринге арнал­ған осы өлеңім мыңдаған түрлі-түсті парақ­шаға жазылып Алматы аспанынан жерге төгілді... Барша халық көше­де  жиналған екі сәт есімде – бұл 1945 жылғы 9 мамыр және 1961 жылғы 12 сәуір. Бүкіл адам­зат­тың бойын бір ғана қуаныш, бақыт, болашаққа деген үміт сезімі биледі. Осы көңіл күйдің әсерімен өлеңімді жалғастырып, бір апта ішінде тұтас поэма жаздым», деп ой бөліскен О.Сүлейменов, өз туындысынан шағын үзінді оқып берді.

Көрменің ашылуына Ресей Феде­рация­сының Қазақ­стан Рес­пуб­лика­сын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Боро­дав­­кин қатыс­ты. Ол өз сөзінде көр­мені ұйымдастырушылар тара­пы­нан қазақстандық ауди­тория­­ға екі мемлекет арасындағы ынты­­мақ­тастық  аясында ғарыш сала­сын­дағы жетістіктерді көр­сету мақ­сатында үлкен жұмыс атқа­рыл­ғанын атап өтті.

«Алғашқы «Восток» ғарыш кемесін ұшыру және аспан әлемін одан әрі игеру қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан басталды. Осы жерден Қазақстанның тұңғыш ғарыш­кері Тоқтар Әубәкіров те ұшты, оның ғарыш­тағы алғашқы сапарының 30 жыл­дығын біз осы жылы атап өте­міз. Ғарышты бағындырған қос қазақстандық батыр Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтің есімдері әлемдік ғарышкерлер тарихына жазылды... Әрине, «Адамға табын, жер, енді!» жобасы гуманитарлық саладағы Ресей-Қазақстан байланыстарының қар­қынды дамуының жарқын айғағы», деді А.Бородавкин.

Көрме «Жер жағалауы», «Жер. Бай­қоңыр ғарыш айлағы», «Жер. Ал­ғаш­қылардың уақыты» атты үш та­қырыптық бөлімнен тұрады. Оның негізгі бөлігі бұрынғы резиденцияның конструктивті шешімі бойынша бірегей «Күм­безді» залында – жоғары деңгей­дегі мемлекетаралық кездесулер өткен, оның ішінде ғарышты игеру мәселесі де қаралған тарихи орын­да орналасқан.

Іс-шара ұйымдастыру­шы­ларын Украинаның Житомир қала­­сындағы С.П.Королев атын­дағы Ұлттық космонавтика музейі өкілдері Ғарышкерлер күні­мен құттықтап, бейнеүндеу жолдады.

«Украина – Сергей Королевтің отаны, ал Қазақстан оның арманын іс жүзінде жүзеге асыр­ған киелі мекенге айналды. Біз­дің елдерімізді ортақ тарих, ға­рыштық жетістіктер тарихы бірік­тіреді. Бұл болашақ ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың, екі халық арасындағы достық байланысты нығайтудың негізі болсын», деп атап өтті Алла Лектева.

Қазақстандықтарға Мәскеу қала­сын­дағы Ю.А.Гагарин атын­дағы космонавтика музейінің аты­нан Кеңес Одағының Ба­тыры, КСРО ұшқыш-ғарыш­кері Александр Лавейкин де сөз сөй­леп, құт­тықтау жолдады. «Құр­метті дос­тар, мен «Мир» стансасына экспедиция коман­дирі Юрий Романенкомен бірге ұшқан кезде, біз жерімізге көп қарадық. Әрине, көрікті жерлер көп. Бірақ ең әдемісі – сіз­дер­дің мекендеріңіз, сіздің таби­ғат­тарыңыз және сіздердің адам­дарыңыз».

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен М.Горь­кий атындағы мемлекеттік акаде­миялық орыс драма театры­ның әртістерінің  «Адамға табын, жер, енді!» музыкалық-поэти­ка­лық қойылымы іс-шараның көр­­кін ашты. Айта кету керек, халық­­­ара­лық көрмені дайындау және жү­зеге асыру үдерісі тарихи жад пен жалпыадамзаттық құн­дылықтарды құрметтеудің ортақ үлгісіне айналды.