Күні кеше шамамен таңғы сағат 5-те полицияға Н. Назарбаев көшесіндегі үйлердің бірінен кезекті шақырту келген. Облыс орталығының 62 жастағы тұрғыны көрші пәтерден шыққан қатты музыкаға және шулаған адамдарға шағымданған. №4 учаскелік полиция пунктінің инспекторы, полиция майоры Серік Әубәкіров оқиға орнына келгенде жалдамалы пәтерде 19 жастағы жігіт сауық кешін өткізіп жатқан. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Тыныштықты бұзу» бабы бойынша оған хаттама толтырылды. Кештің басқа қатысушыларымен полицейлер профилактикалық әңгіме жүргізіп, сағат 23-тен кейін шулауға тыйым салынғаны туралы естеріне салды.
«Түнде көңіл көтерген адамдардың басым бөлігі қабырғаның арғы жағында жұмыстан шаршаған адамдардың, балалар мен зейнеткерлердің демалып жатқанын ойламайды. Жыл басынан Петропавлда осындай 829 факті тіркелді», дейді Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полковник Әлібек Ғабдуллин.