Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов “Еуразия диалогы” халықаралық қоғамдық қорының президенті Салих Ақшайды оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеясы кездесудің басты тақырыбына айналды. Мәжіліс Төрағасы ХХІ ғасырда өркениетке бастаған елдердің арасындағы мәдени байланыстарды дамыту, Біріккен Ұлттар Ұйымы және әлемдік қоғамдастықтың қолдауына ие болған Қазақстанның тәжірибесі мен Мемлекет басшысының бастамаларына тоқталып өтті.
Бүгінгі таңда ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан ел ретінде Қазақстанның беделі артып келеді.
Жаһандық даму кезінде ынтымақтастық пен өзара түсіністік қалыптасқан жағдайда халықтардың рухани байлық арқылы жақындасуына мүмкіндік туатыны анық.
Мейман “Еуразия диалогы” тұғырнамасының бүгінгі атқарып отырған қызметі туралы баяндады. Айта кету керек, 1998 жылы Ыстамбұл қаласында өткен Еуразия жазушылары мен журналистері ассоциациясының алғашқы кездесуінде еркін, табыс табуды көздемейтін, мемлекеттердің саяси іс-әрекетіне араласпайтын халықаралық “Еуразия диалогы” тұғырнамасын құру туралы ой туындаған. Аталған ұйым осылай дүниеге келген.
Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы мейманның ізгілік жолындағы қызметіне табыс тіледі.
МӘЖІЛІС БЮРОСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палата Бюросының отырысында Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Депутаттардың талқысына “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының “Байқоңыр” кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы ұсынылатын болды.
Сонымен қатар, “1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасын талқыға салу көзделіп отыр.
Талқылауға “Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы” заң жобасы да шығарылатын болады.