Сарапшылар қор жұмысына қатысты қабылданған шешімдер сәтімен жүзеге асырылып келе жатқанын айтады. Статистика комитетінің дерегінше, республикада 8-8,5 млн адам жұмыспен қамтылған, бірақ зейнетақы жарнасы бір жылда шамамен 2,5-2,7 млн адамнан ғана тұрақты түсіп отыр. Енді салымы мүлде жоқ шоттарды жабу туралы шешім қабылданды. Биылғы ақпан айына дейін мұндай шоттардың саны 121 мың болған.
Жалпы, БЖЗҚ реформасы тұрғын үй нарығы үшін тиімді болып отыр. «Metra» жылжымайтын мүлік кеңселері желісінің бас директоры Ғалым Ысқақов бұл бағдарлама баспана бағасының көтерілуіне алып келгенін айтады. Мысалы, биылғы қаңтар айының екінші жартысынан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында пәтерге және жер телімдерін сатып алуға сұраныс күрт жоғарылаған. «БЖЗҚ салымшыларының 7%-ы «артылған» ақшасын ала алады. Ал олардың 42%-ы ипотекасын жапты немесе пәтер алды. Дегенмен де тұрғын үй нарығы дақпырттың қыспағында тұр. Үкімет нақтылауға тиіс тетік көп», дейді Ғ.Ысқақов.
БЖЗҚ салымдарын емделуге де жұмсауға болатынын естігенде ел елеңдеп қалды. Зейнетақы қорындағы қаржыны ем-домға жұмсау халықаралық тәжірибеде бар. Ал біздегі жағдай басқаша. Салымшы зейнетақы жинағын орфандық ауруларды, яғни өмірге қауіп төндіретін созылмалы дерттерді емдеуге жұмсай алады. Сондай-ақ бұл ақшаны тіс емдетуге, пластикалық операцияға, радиотерапиялар мен радиохирургиялық процедураларға және көзді емдету мен протон терапиясына да жаратуға болады.
Сирек кездесетін (орфанды) аурулар – қоғамның шағын бөлігін қамтитын, көбінесе тұқым қуалайтын және өмір бойы ауыратын гендік сырқат. Әзірге оның емі жоқ. Сирек кездесетін ауруларға шалдыққан жандар дертінен құлан-таза айығып кетпейді, тек күтінумен өмірін ұзарта алады. Олар ғұмыр бойы ферменттік дәрі-дәрмектерге тәуелді.
Мысалы, белгілі журналист Қарлығаш Сайлаубаеваның 20 жастағы Алтынай есімді қызы туабітті Шерешевский-Тернер синдромымен ауырады. Бойжеткеннің ай сайынғы дәрісіне, тексерулеріне, медициналық аппараттардан өтуіне бас-аяғы 280 мың теңгедей қаражат кетеді екен. Ал шетелден дәрі алдырту үшін халықтың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Қ.Сайлаубаева зейнетақы жинағындағы артылған ақшаны сирек кездесетін дерттерді емдеуге жұмсауға болатынын естігенде қуанып қалғанын айтады. Бірақ бүгінге дейін жиған-терген қаржысы бар-жоғы алты айдың қажеттілігін өтеуге ғана жететінін білгенде көңілі су сепкендей басылған. «Үкімет болашақта сирек кездесетін дерті бар адамдардың шетелде емделуіне мүмкіндік жасап, оған бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуы керек. Бар жауапкершілікті зейнетақы қорына аударып, қол қусырып отыруға болмайды. Мысалы, мен қызымды шетелде емдету үшін мемлекеттік квота сұрағалы үш жылдың жүзі болды. Квота түгілі, жай ғана мемлекеттік ауруханаға жатып ем қабылдаудың өзі мұң. Міне, бір ай болды, қалалық ауруханаға жату үшін порталға тіркеле алмай отырмыз. Біздің медицина жарымжан адамдарды емдеуден гөрі, одан әрі тұқыртуға бейім. Енді БЖЗҚ-дағы аз ғана салымымыз солардың пайда табу құралына айналып кете ме деп қорқамын. Тиісті мекемелерге барғанда олар: «БЖЗҚ-дағы салымыңызды емдеуге салыңыз» деп отырмасына кім кепіл?!» дейді Қ.Сайлаубаева.
Зейнетақы қорындағы ақшаны қанша адам емдеуге жұмсағаны туралы әзірше нақты ресми дерек жоқ. Көпшілік ипотека нарығына басымдық беріп кетті де, қаржыны емге жұмсау мәселесі назардан тыс қалды. Сарапшылардың пікірінше, бұл фактор да біздің әлеуметтік тұрмысымыздың деңгейінен хабар беріп тұр. Сарапшы Ерлан Ибрагим адамның өмірі, денсаулығы тұрмыстық қажеттіліктерден де жоғары тұруы тиіс екенін, бірақ қазіргі жағдай оған мүмкіндік бермей тұрғанын айтады. «Салымшылардың 42%-ы қаражатын ипотекадағы қарызын жабуға жұмсады. Оған да түсіністікпен қарауға болады. Ал қалған 48%-ы салымын қайда салғысы келетіні туралы мәлімет жоқ. Адам ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл мүмкіндікті шектеуге ешкімнің құқы жоқ. Сол себепті салымшыға Қазақстандағы ақылы клиникаларда профилактикалық ем-дом алуға мүмкіндік берілген жөн», дейді Ерлан Ибрагим. Оның айтуынша, Үкімет БЖЗҚ реформасына қатысты шешімдерді әлеуметтің жағдайымен санаса отырып қабылдаған дұрыс. Мұндай шешімдер билік пен қоғамның арасын жақындатады дейді ол.
Ал сарапшы Мұрат Темірханов зейнетақы қорының жұмысына реформа қажеттігін айтады. Мысалы, 15-20 жылдан кейін БЖЗҚ қалай жұмыс істейтіні туралы бүгіннен бастап ойланған дұрыс. Қазіргі төленіп жатқан зейнетақылардың 10-15%-ы ғана зейнетақы қорынан аударылып отыр. Қалған 80%-ға жуығы мемлекет есебінен төленіп келеді. Демек бюджетке салмақ түсіп отыр. Сондықтан осы мәселені реттеп алу керек.
«25-40 жас аралығындағы, орта есеппен ай сайын 10-15 мың теңгесін қорға аударып отырған азаматтардың зейнетақысы келешекте қалай болатыны, оның бюджетке әсері жөнінде және экономикалық белсенді топ азайып, халық қартайған кезде жағдайдың қалай өрбитінін жан-жақты зерделеу қажет. Бұған БЖЗҚ алдын ала дайындалып, жоспарын құрып, көзқарасы мен ұстанымын белгілеуі тиіс», дейді М.Темірханов.
Сарапшының сөзінше, Үкіметтің «көлеңкелі экономикамен» күресінің нәтижесі алдағы тұжырымдамада көрініс табуы тиіс. Мысалы, елімізде экономикалық белсенді топтың шамамен 12%-ы өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар. Олардың зейнетақы қорына қаржы аудару мәселесі де – үнемі жетілдіруді талап ететін бағыттардың бірі. Қазір мемлекеттің бюджеті Ұлттық қордың трансфері арқылы толықтырылып отыр. Сондықтан мұнай бағасы төмендеп, табыс сарқыла бастаса, Үкімет қандай шешімдер қабылдауы мүмкін? Міне, қор реформасына қатысты мәселеде де қауіп-қатердің барлығы ескерілуі тиіс.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚФҚ) басқарушы директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, салымшылар жинаған ақшасының бір бөлігін басқарушы компанияға берсе, бұл инвестициялық кірісті арттырып қана қоймай, қаржы саласындағы ашықтықты да қамтамасыз етпек.
Қазір жеке компаниялар зейнетақы активтерінің номиналды кірісін 70% деңгейінде қамтамасыз етуге міндеттелген. Салымшылар зейнет жасын күтпей, инвестициялық кірістіліктің бір бөлігін алып отыруға мүмкіндік алса, айлық жалақыны конвертпен беріп отырған кейбір компаниялар көлеңкеден шығуға өздері мүдделі болады. Сонда ғана салымшы зейнет жинағының негізгі бөлігін қордың есебінде қалдырып, тек қана инвестициялық кірісті алып, тұрмыстық қажеттілігіне пайдалана алады.
Сарапшылар БЖЗҚ төңірегіндегі бізге белгілі мәселелер Ұлттық банк, Үкімет және нарықтың осы сегментінің қатысушылары арасындағы ұзақ уақытқа созылған пікірталастардан соң көпшілікке жария болғанын айтады. Е.Бурабаевтың айтуынша, ең ұзақ талқыланған мәселе салым ақшаның бәрін жеке компанияларға беру төңірегінде болыпты. Сарапшы атап өткендей, Үкімет пен Ұлттық банк осы нұсқаға келіскен болса, бұл салымшы үшін де, жеке компаниялар үшін де тиімді болатын еді. «Бұл − әзірге идея ғана. Біз мұны Үкіметке әлі жеткізген жоқпыз. Егер БЖЗҚ активтерінің инвестициялық тартымдылығына тек Ұлттық банк қана емес, барлық ұйым, соның ішінде жекелеген компаниялар да мүдделі болса, біз бұл тақырыпқа қайта ораламыз», дейді Е.Бурабаев.
Әзірше БЖЗҚ-дағы қаржы тек тұрғын үй нарығына бағытталып жатыр. БЖЗҚ-дан артық қаржысын алып, ипотекасын жапқан салымшының қормен байланысы тоқтап қалмайды, ай сайынғы қаржысын құюды жалғастыра беретіні анық. Жыл сайын қордың есепшотына 100 млрд-тан 300 млрд теңгеге дейін аударылады. Сарапшы бұл қаржыны қор нарығына жіберуге болатынын айтты. Мысалы, 40 жастағы салымшының жиғаны 10 млн теңге болса, оның 6,7 млн теңгесіне ипотекасын жапты делік. «Артылған қаражатты жеке компаниялардың басқаруына жіберуге болады. Мұндай стратегия салымшының қаржылық сауаттылығын арттырады және қор нарығының инвесторы атануына мүмкіндік береді», дейді сарапшы.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өкілдері болса, мұндай ұсыныс түсе қалса, талқылауға дайын екендіктерін жақында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Олардың ойынша, БЖЗҚ салымдарын қаржы институттары депозиттеріне орналастырудың тәуекелі жоғары.
БЖЗҚ активтерін басқаруға берген жеке компаниялардың тәуекелін Үкімет өз мойнына алуға дайын екені соңғы кезде қабылданған шешімдерден байқалып жүр. Бұл фактор мемлекеттің экономикадан кеткісі келсе де жақын арада кете алмайтынын дәлелдеп қойды. Бизнесі дұрыс өркендемей тұрған, әлеуметтік саясатқа басымдық беретін қазіргі жағдайда асығыс шешім қабылдау халыққа ауыр тиетіні белгілі. Үкімет, Ұлттық банк БЖЗҚ-ға қатысты кез келген шешімде сақтық таныта бастауының өзі жетістік. Бүгінде зейнетақы қаржысын қайда жұмсайтынын білмей, ойланып жүргендер көп. Өйткені ақпарат көп. Кейбіреуі үйге салған дұрыс десе, енді бірі жеке компанияға басқаруға берген ұтымды дейді. Бұл тұста салымшылардың экономикалық сауаты жоғары болғаны керек. Қордағы артық ақшаны қайда жұмсау тиімді болатынын жан-жақты ойластырып шешкен жөн. Сондықтан ақпараттық текетіресте ақырын жүріп, анық басқандардың ғана ұпайы түгел болмақ.
АЛМАТЫ