Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 4,2 миллион адамның өліміне ластанған ауа әсер етеді екен. Ал ауадағы зиянды қалдықтар адамның ғұмырын орта есеппен бір жылға қысқартып отырады. Нашар ауамен күнделікті тыныс алған адамдарда тыныс алудың қиындауы, демікпе, ентігу, жөтел, жүрек-қан тамырларының аурулары асқынатыны белгілі жайт. Сондықтан атмосфераның жай-күйіне немқұрайлы қарауға болмайды.
Атмосфераның ластануына әсер ететін факторлар көп. «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, елордада ауаның ластануына себеп болып отырған басты мәселе – өндіріс орындары мен жер үйлер отын ретінде көмірді пайдаланатындығы. Мұржалардан будақтап шыққан қою түтін айналаға тарап, ауаны ластап жатыр. Сондықтан эколог-маман жылу электр орталықтарына заманауи технологиялар енгізіп, жаңғыртқан жөн дейді. «Бүгінде әлемнің көптеген елі десульфуризация технологиясын қолданады. Мұндай сүзгілер мұржадан шығатын түтінді зиянды қалдықтардан 99%-ға тазалап шығады. Мысалы, Чикагода елорданың жылу электр орталығынан екі есе үлкен өндіріс орны бар. Ол қаланың қақ ортасында орналасқан. Бірақ одан шығатын түтіннің қоршаған ортаға ешқандай да зияны жоқ, себебі мұржасына десульфуризация орнатқан. Біз де осы мәселені көтеріп, Энергетика министрлігіне хат жаздық. Әзірше жауап жоқ», дейді А.Әміртай.
Елорданы газдандыру да – экологияны тазартудың басты жолы. Осы мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келеді. Соңғы екі жылда сең қозғалғандай болды. Қазір қала біртіндеп газға көшіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов есеп беру кездесуінде атап өткендей, шаһардағы өнеркәсіптік сектор мен шағын аудандарды газдандыру үш кезеңде өтеді. Былтырғы жылыту маусымында «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Оңтүстік-Шығыс» шағын аудандарды газбен қамтамасыз етіле бастады. Одан кейін осы мекеннің 2020 жылы газға қосылмаған тұрғын үй алаптарының тұрғындарына газға қосуға арналған техникалық шарттарды беру рәсімі басталды. «Аталған тұрғын үй алаптарын, сондай-ақ «Көктал-1», «Промышленный» тұрғын үй алаптарын келесі жылыту маусымына дейін газға қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр», делінген қалалық Ішкі саясат басқармасының мәліметінде.
Қаланы газдандыру ауаға таралатын зиянды қалдықтарды 6 есе, қатты заттарды 40 мың тоннаға дейін азайтады деген болжам бар. Эколог-мамандар елорданы газға көшіруді әлі де жылдамдату керек дейді. Бұл саладағы жұмыстар неғұрлым тезірек жүзеге асса, соғұрлым қаланың экологиясына жақсы әсер етпек. Әрі жеке үйлерде тұратын тұрғындардың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.
Астана аспанын қою қара түтінге орайтын тағы бір фактор – елордадағы көліктің көптігі. Әсіресе ескірген автокөліктердің қоршаған ортаға зияны көп. «Бұл мәселеде бақылау жұмыстарын күшейту керек. Тиісті орган қызметкерлері ескірген көліктерді тоқтатып, олардың катализаторы, сүзгісі уақтылы ауыстырылуын қадағалау қажет. Ол үшін халықпен тығыз байланыс орнатып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Қазір әлемде электр энергиясының көмегімен жүретін электромобильдер сәнге айналды. Мұндай көліктер көптеп шығарыла бастағаннан кейін бағасы да арзандай түсті. Еліміздің көлік нарығына осындай экологиялық таза көліктердің келуіне жағдай жасауымыз қажет», дейді А.Әміртай.
Қазақстанға әкелінетін бензиннің сапасы да көңіл көншітпейді. Бізде еуростандартқа сай келетін таза бензин жоқ. Нашар жанармай да экологияға орасан зиянын тигізетінін ескергеніміз жөн.