Қазақстан • 17 Сәуір, 2021

ҰҚШҰ-ның бірлескен оқу-жаттығулары жөнінде келіссөздер жасалды

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің делегациясы Мәскеу қаласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен штабында бірінші штабтық келіссөздерге қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚШҰ-ның бірлескен оқу-жаттығулары жөнінде келіссөздер жасалды

Келіссөздерге сондай-ақ, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдерінің мүдделі министрліктері мен ведомстволарының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының хатшылығы мен Біріккен штабының өкілдері қатысты.

ҚР Қарулы Күштері Бас штабының Стратегиялық жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Марат Аймашев қазақстандық делегацияны басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар «Іздеу-2021» оқу-жаттығуын барлау күштері және құралымдарымен, «Эшелон-2021» материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштерімен және құралдармен, «Өзара іс-қимыл-2021» ҰҚШҰ-ның жедел ден қою құрылымдық күштерімен, «Мызғымас бауырластық-2021» ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштерімен және Орталық Азия өңірлерінде Ұжымдық жедел өрістету күштерінің бөлімшелерімен, «Шеп-2021» оқу-жаттығуларын өткізу және ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Оқу-жаттығу Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан аумақтарында өтеді. Іс-шараларды орындау тәртібі мен өткізу мерзімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.  

Бұдан өзге, келіссөздерге қатысушылар ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік аудандарында әскери қауіп-қатерлер мәселесін талқылады. Шартқа қол қоюшы тараптар қауіп-қатерлердің ауқымын және оларды бейтараптандырудағы үйлесімді бірлескен іс-қимыл қажеттігі туралы бірыңғай түсінігін растады.