Директорлар кеңесі қазіргі AIX қаржы директоры Ренат Бектұровтың 2021 жылғы 24 мамырда Astana International Exchange басқарма төрағасы болып тағайындалатынын хабарлады.
Айта кетейік, AIX қазіргі төрағасы Тим Беннетт Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде үш жылдық мерзімге сайланды және AIX пен АХҚО-ның капитал нарықтарын дамыту жөніндегі аға кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастырады.
«Тим Беннеттің халықаралық тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеттері кәсіпқойлардың үздік командасын жинауға және қысқа мерзім ішінде шетелдік және жергілікті инвесторлардың жоғары класты инфрақұрылымы мен интеграцияланған экожүйесі бар әлемдік деңгейдегі алаң болып үлгерген биржа құруға, бірнеше ондаған листингтер өткізуге және инновациялық өнімдерді іске қосуға мүмкіндік берді. Біз Т.Беннеттің капитал нарығын дамыту жөніндегі іс-әрекеттерімізді одан әрі қолдайтынына сенеміз және жас басқарушы Ренат Бектұровқа AIX-ті одан әрі дамыту міндетін лайықты атқаруға тілектеспіз. Өткен жылы Ренат Бектұров Президенттік жастар кадр резервіне алынды, бұл оның Қазақстанның болашақ көшбасшыларының бірі ретіндегі әлеуетін көрсетеді», деп пікір білдірді АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Сонымен бірге, AIX Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Құсайынов Ренат Бектұровтың АХҚО құрылған 2016 жылдан бері жұмыс істейтінін және 2017 жылдан бері – AIX қаржы директоры екенін атап өтті. Нұрлан Құсайынов AIX директоры, Директорлар кеңесінің мүшесі болып қалады.