Пәкістан әлеуметтік желілерсіз қалды
Пәкістан үкіметі ел аумағында Facebook, Twitter сияқты бірқатар әлеуметтік желіні уақытша бұғаттады. Бұл әрекетін билік елдегі шиеленіспен байланыстырды.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар әлеуметтік желі бұғатталды. Бұл уақытша екенін ескертеміз», деді елдегі Байланыс министрлігі.
Ішкі істер министрлігі (ІІМ) болса Facebook, Twitter, YouTube, WhatsApp, Telegram мен TikTok платформалары елдегі жалпұлттық қозғалысты басу үшін қабылданып отырған шара дейді. ІІМ жалпыұлттық қозғалыс деп өткен аптада Терик-и-Лаббаик партиясының көшбасшысын қамауға алғаннан кейін туындаған шиеленісті меңзеп отыр. Партия басшысы тұтқындалғаннан кейін елдегі азаматтар Францияға қатысты наразылығын білдірді.
Бір аптаға жалғасқан шиеленісте 4 полиция қызметкері көз жұмған деседі. Оған қоса 600 азамат жарақат алып, оның 200-і ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Жалпы, Пәкістанда Францияға қарсы наразылықтың туындауына жыл басында Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбар бейнеленген карикатураның жариялануы себеп болды. Сурет үлкен дау туғызып, арты наразылыққа ұласты. Бұл ұшқын Франция президенті Эммануэл Макронның карикатураны жариялаған басылымды қолдауынан кейін үлкен агрессия болып тұтанды.
Пәкістандағы Франция елшілігі елдегі барлық Франция азаматын олардың қауіпсіздігі үшін уақытша Отанына қайтуға шақырды.
Енді Пәкістан үкіметі наразылықты бәсеңдету үшін әлеуметтік желілердің жұмысын тоқтатуға мәжбүрміз деп ақталады. Пәкістандықтар болса, билікті Франция тарапын қолдап отыр деп айыптауда.
Халықаралық ұйымдар үнсіз қалғанымен, әлеуметтік желідегі құқық бойынша жұмыс жүргізетін Digital Rights Foundation қоғамдастығы мұндай әрекет кикілжіңді одан сайын өршітпесе, оң нәтиже бермейді деген пікір айтты.
Дания бас тартқан вакцинаға сұраныс бар
Бұған дейін хабарланғанындай, Дания AstraZeneca компаниясы дайындаған коронавируске қарсы вакцина адам қанын ұйытып, кісі өліміне алып келеді деген тұжырым жасап, аталған вакцинадан алғаш болып бас тартты. Одан кейін көршілес Норвегия да осы тұжырымды растап, індетке қарсы басқа вакцина іздейтінін хабарлаған-ды.
Кейін Дания үкіметі 200 мың дозаның сатып алынғанын мәлімдеді. Көп ұзамай ДДҰ-ның Еуропадағы директоры Ханс Клюг Данияның басқа елдерге вакцина бөліп бере алатынын жеткізді.
«Дания Сыртқы істер министрі вакцинаны басқа елдермен бөлісе алатынын айтты. Біз бұл ісін құптаймыз», деп мақұлдады ДДҰ өкілі. Ал қанның ұюына қатысты мәселе бойынша «Вакцина вируске қарсы тұра алады. Ал қан вирус жұқтырған жағдайда да ұюы мүмкін» деп жауап берді.
Сонымен, жаңалық жариялана сала Чехияның денсаулық сақтау министрі Жан Хамацек вакцинаға қызығушылық танытатынын білдірді. «Шыны керек, вакцинаны әлем бойынша іздеп жатырмыз. Ал егер Дания бөлісемін десе, біз сатып алуға ниеттіміз», деді министр.
Одан кейін Литва үкіметінің басшысы Инрида Симонит Вильнюстің де вакцина сатып алғысы келетінін жеткізді. Көп ұзамай Латвия Денсаулық сақтау министрі Даниел Павлутус «Даниямен вакцина мәселесін талқылағымыз келеді» деген хабарлама жіберді. Осылайша, аз уақыт ішінде Еуропаның бірқатар мемлекеті одақтастарынан індетке қарсы вакцина сатып алуға ниетін білдірді.
Дегенмен вакцина сатуға Еуропа Одағы рұқсат беруі екіталай. Өйткені елдер арасындағы вакцина саудасы халықаралық құрылымның бақылауында. Алайда аумақта вакцина тапшылығы әлі де бар. Соңғы мәлімет бойынша Еуропа елдеріне 2,6 млрд доза вакцина қажет екен.
Дайындаған
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»