Күні кешеге дейін сары құрлықтың басты додасында Қазақстанның ауыр атлеттері табысты өнер көрсетіп, үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүрді. Алайда соңғы жылдары допинг дауына байланысты Азия чемпионатында олжалаған жүлделеріміздің саны күрт кеміді. Енді бірте-бірте жағдай оңалып келеді. Жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыру үшін Ташкенттегі тартыста толағайларымыз бар күш-жігерін жұмсайды деп үміттенеміз. Осы сөзіміз дәлелді болу үшін соңғы бес Азия чемпионатының нәтижелеріне көз жүгіртейік.
2013 жылғы сары құрлықтың басты додасын Астана қаласы қабылдады. Өз жерімізде өткен жарыста жерлестеріміз жергілікті жанкүйерлерді қуанту үшін барын салды. Ерлер сайысында 94 кило салмақта сынға түскен Александр Зайчиковтің асқан шеберлігіне тәнті болдық. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 385 (175+210) кило салмақта еңсерген Сыр бойының сайыпқыраны жеңіс түғырының ең биік сатысына көтерілді. Әйелдер арасында Анна Нұрмұхамбетова (75 кило) мен Александра Аборневаға (+75 кило) тең келер ешкім табылмады. Фархад Харки (62 кило) күміс алса, Евгений Естафьев (85 кило) пен Ибрагим Берсанов (+105 кило) қолаға қол созды. Қорытынды есепте отандастарымыз (3 алтын+1 күміс+2 қола) үшінші орынды еншілесе, бірінші орынды Солтүстік Кореяның (4+3+2 қола), екінші орынды Иранның (4+1+2) зілтеміршілері жеңіп алды.
2015 жылы Таиландтың Пхукет қаласында өткен жарыста Айдар Қазов (77 кило), Ермек Өміртай (85 кило) және Рүстем Сыбай (94 кило) бас жүлдені олжаласа, Әсем Садықова (58 кило), Фаина Сыбанбаева (63 кило) және Майра Файзолаева (69 кило) қола медальді мойындарына ілді. Осы нәтижемен жерлестеріміз жалпы есепте екінші орынды иеленді. Алдымызда тек Қытай құрамасы. Аспанасты елінің өкілдері 6 алтын, 3 күміс және 1 қоланы қоржынға салды.
2016 жылы Ташкентте өткен жарысқа Қазақстаннан қосалқы құрамдағы зілтеміршілер аттанды. Өйткені белді спортшыларымыз Рио Олимпиадасына даярланып жатты. Бапкерлер олардың еш алаңсыз жаттығуына кедергі жасамауды құп көрді. Өзбекстанның бас шаһарында отандастарымызға бір алтын ғана бұйырды. Оның иегері – 85 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Денис Уланов. Нәтижесінде, Жапония, Моңғолия және Қырғызстанмен бірге 6-9 орындарды өзара бөлістік.
2017 жылы допинг дауының өршуіне байланысты Түрікменстанның астанасы – Ашғабадқа үш зілтемірші ғана аттанды. Солардың арасынан 69 кило салмақтағы Альберт Линдер суырылып шығып, алтын медальді олжалады. Жалпы есепте біздің команда жетінші орынға табан тіреді. 2018 жылғы жағдай да дәл солай болды. Санаулы ғана спортшыға сенім артқан Қазақстан құрамасы Қытайдың Нинбо қаласынан үш қоламен оралды. Бұл жүлделердің иегерлері – Арли Чонтей (55 кило), Денис Уланов (81 кило) және Раушан Мешітханова (81 кило). Командалық есепте 14-орынды қанағат тұттық.
Ташкентте шымылдығы түрілген Азия чемпионатында басты үміт әлемнің үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Зүлфия Чиншанло (55 кило), әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Арли Чонтей (55 кило) мен Игорь Сон (61 кило), осыған дейін де Азия біріншілігінде үздіктер санатынан көрінген Раушан Мешітханова (87 кило) мен Ибрагим Берсанов (109 кило) сынды сақа спортшыларға сенім артылуда. Одан бөлек, жастайынан жасындай жарқылдап, өз қатарластары арасында қарсылас шыдатпай жүрген 17 жастағы Рахат Бекболат (102 кило) та қалың топтың арасында қалып қоймайды деп үміттенеміз.
Ал Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын ауыр атлеттердің толық тізімі мынадай:
Ерлер: 55 кило – Абылай Әуелханов пен Арли Чонтей, 61 кило – Игорь Сон мен Алексей Дроздов, 67 кило – Сайрамкез Ақмолда, 81 кило – Александр Уваров, 89 кило – Нұрғиса Әділетұлы, 102 кило – Артем Антропов пен Рахат Бекболат және 109 кило – Ибрагим Берсанов.
Әйелдер: 55 кило – Зулфия Чиншанло, 64 кило – Гүлнұр Ыбырай, 71 кило – Екатерина Быкова мен Айша Омарова, 81 кило – Карина Құзғанбаева, 87 кило – Раушан Мешітханова және +87 кило – Айзада Мүптілда.