Өткен жылы шілде айының 26-сында Қарой-Алматы көлік трассасында кешкі сағат 22.10-да болған жол апатынан 35 жастағы әлі отау құрып үлгермеген Қанат Молдабаев көз жұмды. Апаттан кейін “Toyota 4 Runner” маркалы автокөлік жүргізушісі Евгений Жовтис үстінен қылмыстық іс қозғалып, Алматы облысы Балқаш аудандық сотының шешімімен Е.Жовтис 4 жылға бас еркіндігінен айырылған болатын.
Еліміздің Жоғарғы Соты Евгений Жовтистің мүддесін қорғаушы адвокат Виталий Вороновтың Қылмыстық кодекстің 67-бабы бойынша екі жақтың бітімге келуіне байланысты Евгений Жовтис ісіне қатысты сот актілерін өзгерту мен жазасын өтеушіні қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы берген өтінішін қарады.
Айыпталу қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-ші бөлігіне сәйкес абайсызда Қылмыс жасаған адамдарға арналған колония-қоныста жазасын өтеп жатқан Евгений Жовтиске қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босату жөніндегі өтінішті қараған Жоғарғы Сот оның кінәлі екендігі қылмыстық іс материалдарында өз дәлелін тапты, автотехникалық сараптаманың қорытындысы бойынша, осы оқиға жағдайында, жүргізуші Жовтистің тежегішті жедел басуға техникалық мүмкіндігі болды, өйткені, жаяу жүргінші қалыпты адыммен көлікпен бір бағытта қозғалған болатын. Егер автокөлік дер кезінде тежелгенде, жаяу жүргінші қауіпсіз қашықтыққа кетіп, кісі өлімі орын алмаған болар еді. Сарапшылардың қорытындысымен Е.Жовтистің кінәлі екендігі расталды, деген Жоғарғы Сот іс бойынша жиналған материалдарды зерделеп барып, сотталғанның мүддесін қорғаушы В.Вороновтың ұсынымы бойынша сот актілерін қайта қарау туралы қадағалау ісін жүргізуді негізсіз деп тапты. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының 2009 жылғы 20 қазандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылып, облыстық соттың қадағалау алқасы 2009 жылғы 10 желтоқсандағы қаулы мен сот актілерін қайта қараудан бас тартты.
Алқа шешімін жария еткен оның төрағасы Ақылтай Қасымов тараптардың бітімге келу шарттарының жетімсіздігіне байланысты 67-бап қолдану мүмкін болмауын жеткізіп, жазасын өтеушінің өз атынан сот орындарына және прокуратура органдарына өтініш беру құқығы бар екендігін айтты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.