27 Сәуір, 2010

ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫҢ ҚЫРҚЫ БЕРІЛДІ

777 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен сенбі күні Қызылағаш ауылында тасқын салдарынан қаза болғандардың қырқы берілді. Марқұмдардың рухына бағышта­лып атқарылған бұл рәсім облыс әкімі Серік Үмбетовтің мұрындық болуымен, аудан, ауыл әкімдерінің атсалысуымен өткізілді. Ашық аспан астына екі қатар етіп жайылған кең дастарқанның басына жайғасқан жұртшылықтың алдында ең алдымен Ақсу аудан­дық ақсақалдар алқасының төраға­сы Нұрбек Сәрсенбайұлы сөз алып, қаза тапқандардың қырық күндік нәзіріне орай ағайынға арнау сөз айтты. “Табиғат апаты салдарынан қайғылы оқиға орын алғанымен тір­шілік тоқтап қалмақ емес. “Орнын­да бар оңалар” дегендей, ел ес жиып, жағдай бірте-бірте қалыпқа түсіп келеді. Зардап шеккендерге бар­лық жағдайды жасап отырған республика облыс пен аудан басшы­ларына да рахмет. Жақын күндердің бірінде алғашқы тұрғын үйлер де пайда­лануға берілмек. Сондықтан өліге иман, тіріге береке-бірлік тіле­йік” деген қарияның басалқалы сө­зін жиналғандар бірауыздан құптады. –Қызылағаштағы сияқты табиғат­тың тосын апаттарын ауыз­дықтай алмай қалатын кездеріміз болады. Мұндай апаттар бүгінде Қытайда алапат жер сілкінісі ретін­де орын алса, Исландияда жанартау түрінде атқылауда. Тағы бір жерде ұшақтар құлап жатыр. Ендігі жерде ондай апаттар қайталанбасын деп тілейік, – деп бастады сөзін облыс басшысы Серік Үмбетов. – “Төр­теу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деген­дей, ең бастысы, елімізді ауыз­бірлік пен ынтымақтан ажыратпасын, ел іші аман болсын деп тілейік. Ауыз­бірлігінен ажырап қалған қырғыз ағайындар не болып жатыр бүгінде? Ынтымағымыз бол­са, бәрі қалпына келеді. Қаза бол­ған жақындары­мыздың жаны жәннатта болсын. Енді біраз күнде 40 шақты тұр­ғын үйдің пайдалануға беріліп, Егін­су мен Ақтоғандағы қалпына келтіру жұмыстарының қарқын алатындығын айтқан облыс әкімі зардап шеккендерге қажетті барлық көмектің көрсетіліп жатқандығын, басқа да тиісті шаруалардың ат­қары­латындығын тағы бір атап өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңіріндегі өкіл-имамы Жұманәлі Аманов қаза болғандардың рухына бағыштап құран оқығаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Егеубек Далбағаев сөз алып, қаза болғандардың отбасы­лары мен туған-туыстарын сабырға шақырды. Бұл жайындағы әңгімені Қазақ радиосы директорының орын­басары, қаламгер Кө­пен Әмір­бек жалғастырып, халқы­мыздың торқалы той мен топырақ­ты өлімді бірігіп атқаратын игі дәс­түрі жайында сөз қозғады. Қырық күндік асты өткізу бары­сында ауыл тұрғындары да сөйлеп, қиындықта жалғыз қалдыр­май, барлық көмекті жасап жатқан республика жұртшылығына, облыс басшылығына деген шынайы алғыстарын білдірді. Күмісжан БАЙЖАН,  Алматы облысы.