Аймақтар • 20 Сәуір, 2021

Петропавлда мас жүргінші әскери жасаққа шабуыл жасады

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 сәуір сағат 20.00 шамасында патрульдердің бірі Петропавлдағы Ульянов көшесінде мас жүргіншіні байқаған, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ сілтеме жасап.

Петропавлда мас жүргінші әскери жасаққа шабуыл жасады

Ер адам әскери жасақтың медициналық куәландырудан өту ұсынысына қарсылық білдіріп, өзін агрессивті ұстаған. Арақтың сынған бөтелкесімен өзіне жарақат келтіріп, әскери қызметшіге жұдырық ала ұмтылған.

Шабуыл жасаған ер адам ұсталып, автопатрульге тапсырылды. Аталған факті «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті бұрын адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын келтіргені және тонағаны үшін бұрын сотталған 29 жастағы Петропавл тұрғыны болып шықты. Медициналық куәландыру оның мастығын растады.

«Күдіктіге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Баптың санкциясы ірі мөлшердегі айыппұлдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Биыл облыс орталығында билік өкіліне қатысты күш қолданудың 2 дерегі тіркелді. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдай спирттік ішімдікті асыра пайдаланумен байланысты болады», дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.

Петропавлда күн сайын 151 әскери қызметші құқықтық тәртіпті сақтауға кезекшілікке түседі. Полицияның кешенді күштері құрамында олар қала көшелерін патрульдейді, шақыртуларға барады, бағдарлармен жұмыс істейді.