Петропавлдың «Жұмысшы» кентінде тұратын бір тұрғыны ауласына жақын қойылған доңғалағы бар тұрмыстық вагонының қолды болғанын айтып полицияға жүгінген. Өзі нақты қай күні жоғалғанын айта алмаған, тек вагонның құны 100 мың теңге екені белгілі болған.
Жедел іздестіруге кіріскен полиция кент тұрғындарынан бір апта бұрын осы маңда эвакуатор жүргенін білген. Бұл жерге ұзын эвакуатор келе қоймайды, тек шақырумен үлкен дүниелерді тіркеуге келуі мүмкін. Осылай деп шешкен полиция эвакуатор вагонды апаруы мүмкін деп ойлап темір қалдықтарын жинайтын жерлерді тексеруге кіріседі. Күдік шынға айналып, темір қалдықтарын жинайтын тіректердің бірінен вагонның кесілген бөліктері шығады. Ал оны өткізген Ресейдің ЖОО-ларының бірінде оқитын 18 және 24 жастағы студенттер болып шықты.
Қазір екі студенттің үстінен Қылмыстық Кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тексерістер жүргізілуде.