20 Сәуір, 2021

Қара жолдағы қатер

635 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақжайық аймағында созылмалы ауруы бар сырқаттардан гөрі, жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған және ауыр жарақат алған адамдар саны көбірек. Мұндай көңіл құлазытатын статистиканың айтарлықтай өзгере қоймағаны өкінішті-ақ.

Қара жолдағы қатер

Айталық, өңір аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі республикалық маңызы бар Атырау-Орал автожолының бойында болғанын көрсетеді. Аталған тас жолдың құрылысы өткен ғасырдың аяғында басталған. 2001 жылы дауылпаз ақын Махамбеттің туғанына 200 жыл толуына орай Атырау қаласынан Махамбет ауданының орталығына дейінгі трассаның алғашқы алпыс шақырымдық бөлігі пайдалануға берілгені де ұмытылған жоқ. Бұдан әрі ұзындығы 500 шақырымды құрайтын республикалық деңгейдегі жол құрылысы Орал қаласы тұсынан басталып, үш-төрт жылдың ішінде түйіскен еді. Трассаның аты – трасса. Белгілі бір уақыт аралығында күрделі жөндеу жүргізілмесе, күйі қашатыны айтпаса да түсінікті.

Әйтсе де, ұзақ жылдар бойы мұндай істің қолға алынбай келгеніне не деуге болады? «QazAvtoJol» ҰК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Ельдар Садықтың айтуынша, Орал-Атырау автожолына 15 жылдан бері жаңғырту жұмыстары жүргізілмепті. Осы уақыттың ішінде мұндағы көлік ағыны 4-5 есе өскен. Сонда бұл іс қай кезде атқарылмақ?

Қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу қамы қолға алынып, конкурс жарияланған. Көңілге бір медеу тұтарлығы, алдағы 2022 жылы Орал-Атырау автожолының 189-492 шақырым учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарға енгізіліпті.

Автотрассаға күрделі жөндеу жүргізу ісі бар да, оны жыл бойына күтіп ұстау мен пайдалану мерзімін ұзарту деген мәселе бар. Бұл міндет республикада «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-на жүктелген.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысы аумағындағы республикалық автожолдар желісінің ұзындығы 1 414 шақырымды құрайды. Қазіргі кезде оның 248 шақырымдық бөлігі күрделі жөндеуден өткізілуде. Қалған 1 176 шақырым автожолды күтіп ұстау «ҚазақАвтоЖол» ЖШС Батыс Қазақстан облыстық филиалының құзыретіне берілген.

Олар осы міндет үдесінен шыға алды ма? Бұл сауалға біржақты жауап беру қиын. Ең алдымен алға қойылған талаптардың мінсіз орындалуына бірқатар табиғи және техногендік фактор теріс әсерін тигізген. Соның ішінде биылғы қыста аталған ЖШС филиалының инженер-техник қызметкерлері бұрын-соңды болмаған қатал сынмен бетпе-бет келген еді. Атап айтқанда, қыс кезіндегі ауа райының құбылмалылығы, көзді аштырмай, ұйытқи соққан боран мен аязды күндердің алмасып келуі, ал келесі күні ауа райының күрт жылынып, көп кешікпей қайтадан температураның төмендеуі едәуір қиындық туғызған. Аталған фактор «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-ның қарқынды іс-қимыл танытуына тежеу салып, пайда болған мұздақтарды тегістеуге, құм-тұз қосылған қоспаларды себуге кедергі келтірген.

Биыл ақпан айының 22-сі және 26-сы күндері Орал-Атырау автотрассасы бойында жан түршіктірер үлкен жол-көлік оқиғасы болған еді. Мұның алғашқысында алты адам қаза тапса, екінші жағдайда екі адам көз жұмған. Осы қайғылы оқиғаларға байланысты  ведомствоаралық комиссия құрылып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілген кезде апатты жағдай «QazAvtoJol» ҰК» мен «ҚазақАвтоЖол» ЖШС филиалдары жүруге рұқсат етпеген жабық учаскеде орын алғаны белгілі болды. Дегенмен де сонау тоқсаныншы жылдардың аяқ кезінде басталған Атырау-Орал автожолының ені өте тар, екі бағыттан қарама-қарсы жүретін жүк көліктері қатарласа қалған жағдайда сығылысып, бір-біріне жанасып әрең өтеді. Міне, бұл жол-көлік оқиғасының жиі орын алуына себепші. Әрі Жайық бойын жағалай тартылған трассада ирек-ирек күрт бұрылыстардың көп болуы да жүргізушілерге қауіпті. Бұл факторлар жолдарды жаңғырту жұмыстарын жобалаған кезде мұқият ескерілуі қажет.

Қыс кезінде автожолды күтіп-баптап ұстау үшін мердігер ұйымдар қажетті техникамен толық қамтамасыз етілуі керек. Мысалы, «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-ның Батыс Қазақстан облысы филиалында қолда бар техника саны қажетті мөлшерден әлдеқайда аз. Аталған мердігер кәсіпорынның директоры Әділ Исатаевтың айтуынша, мұнда қысқы жұмыстарды атқаруға лайықталған техниканың саны 49 бірлікті құрайды. Ал алдын ала жасалған есептер биылғы қыс кезінде ЖШС-ға 84 техника керектігін көрсеткен. Соның ішінде қар мен мұзды тазарту және көктайғақ салдарын азайту мақсатында қолданылатын, жолға тұз аралас құм себетін арнайы техниканың жеткіліксізігі де ұжымның қысқы маусымда сапалы жұмыс атқаруына кедергі келтірген. Кәсіпорын жетекшілері өздерінде жоқ техниканы өзге өндірістік ұйымдардан жалға алуға мәжбүр болған.Бұдан шығатын түйін біреу-ақ. Қазірден бастап мердігер мекемені қажетті техникамен қамту ісі қолға алынуы тиіс. «QazAvtoJol» ҰК мен «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-ның орталық аппараты бұл мәселенің шешімін бірлесіп ойластырса, бұдан тек ұтары анық. Ал әзірше филиалға тек 3 МТЗ тракторы ғана алыныпты. Мұндай жағдайда мердігер мекеменің материалдық-техникалық әлеуетін көтеру ісі кешеуілдей бермесіне кім кепіл?! Қысы-жазы бір тыным таппай, далада жұмыс істейтін «ҚазақАвтоЖол» ЖШС филиалының механизаторлары мен жүргізушілерінің және өзге де қарапайым сала жұмысшыларының орташа айлық жалақысы 120 мың теңгеден аспайтындығы да ойландыруы тиіс. Бүгінгі өлшеммен қарастырғанда, бұл өте төмен жалақы.

Жол-көлік оқиғасын азайту мен оны болдырмау ісіне кешенді көзқарас қалыптастыру қажет-ақ. Ортақ мәселені шешуге жол құрылысы мен мердігер ұйымдар мамандары, полиция органдары және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жұмыла кіріссе, нәтижесі де көп күттірмесі анық.