Руханият • 22 Сәуір, 2021

Күлтөбеден табылған алтын сырғалар қорық-музей қорына тапсырылды

12 рет көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Түркістан қаласындағы ортағасырлық Күлтөбе қалашығында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған заттар қорық-музей қорына тапсырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі күнге дейінгі археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған заттардың ішінен ХVII-ХIХ ғасырларға тән 193 дана керамикалық, 77 дана мыс бұйымдар 298 дана ХVIII-ХIХ ғасырларға тән монеталар, 17 фарфор ыдыстардың фрагменттері, II ғасырдың екінші жартысы-IV ғасырларға тән 6 дана алтын әшекей мен ХIII- ХIV ғасырларға тән 2 алтын сырға, 7 дана алтын әшекей бөлшектері сондай-ақ 9 дана күміс тиындар мен 2 дана күміс әшекейлер жалпы саны 600-ге жуық зат «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына қабылданды.

Тарихи жәдігерлердің қатарында, Күлтөбе қалашығының ең көне құрылыс қабаттарынан табылған алтыннан жасалған әшекей бұйымдар: сырғалар, киімге тағатын бұйымдар бар. Олар б.з. II – IV ғ мерзімделеді.

Алтын сырғалар жұқа алтын фольгадан, әшекей беті анар тәрізді безендірілген, бұратылып жасалған. Күлтөбе қалашығынан табылған қазіргі уақытта ең ежелгісі және үлкен қызығушылық танытатын бұйым полихромды стилде жасалған, археологияда «калачик тәрізді» деп аталатын сырғалар.

Оңтүстік өңірде осыған ұқсас бір сырға, Ордабасы ауданында орналасқан Күлтөбе қорымының катакомба деп аталатын жерлеу құрылысында табылған болатын.

«Әдетте алтыннан жасалған жәдігерлер қаланың ішінде емес сырттағы обалардан табылады. Күлтөбеден табылған сирек кездесетін жәдігердің де ерекшелігі осында. Мұның жасалу үлгісі сақ дәуірінде басқаша болған, қосымша тастарды әшекейлеп бетіне жапсыру болмаған. Бұл ғұн, сармат кезеңдеріне тән, II-III ғасырларға тән алтын қатарын толықтырып тұр. Әрбір жәдігер ата-тегіміз бен салт-дәстүр, ғұрпымыздан хабар береді», деді тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.

Сонымен қатар XII-XIII  ғасырларда сәнге айналған - сұрақ белгісінде жасалған, інжу тастармен безендірілген алтын сырға да бар.

«Мұндай сырғалар 2000 жылы Сауран қалашығының қазба жұмыстары барысында табылып қорға қабылданған болатын. Ғылымда мұндай сырғалар «қыпшақ» үлгісіндегі алтын сырғалар деп аталған және оларды билік өкілдері емес, қарапайым халық тұтынған деп атаған. Екінші әшекей  сегіз саны пішінді етіп жұқа дөңгелек сымнан жасалған. Екінші жағында жұқа сымға 4 кішкентай інжу байланған.

II-III ғасырларға тән алтындар сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері ең алғашқы металлургия пайда болған орталықтардың бірі болғанын және олардан түрлі әшекейлер жасау шеберліктерін меңгергендігін дәлелдейді», дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Қор сақтау бөлімінің басшысы Н. Әшірбаева.

Айта кетсек, Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі - Күлтөбе қалашығын қайта қалпына келтіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты 2018 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Үздіксіз жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде Қоқан және Қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орындары, ХVІІ-ХІХғғ. тән қыш-құмыралар, басқа да түрлі құнды жәдігерлер табылған.

2019–2021 жылдарға жоспарланған археология және реставрация жұмыстары аясында көне қалашық аумағында табылған тарихи орындарды бастапқы келбетіне сай қабырғасын қалау, сондай-ақ туристердің аралап, танысуына ыңғайлы галереялық жолдар салу сияқты бірқатар іс-шаралар атқарылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалажұртына кешенді түрде археологиялық қазба, консервация және реставрация, жартылай қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Күлтөбе қалажұртында әлі де ашылмаған тарихи сырларды зерттеп, анықтау, ЮНЕСКО және ИКОМОС халықаралық сараптамалық қоғамдастығы ұсынған Күлтөбе қалажұртындағы маңызды тарихи орындарды сақтау және қалпына келтіру, археологиялық парктің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеу және әр түрлі әлеуметтік бағыттарға арналған – ғибадатханалар, үйлер, қолөнер шеберханалары және өзге де тарихи археологиялық нысандардың 3D үлгісін жасау, тарих, археология, этнография, мәдениеттану және өнертану тұрғысынан Күлтөбе қалажұртын зерттеудің әртүрлі аспектілеріне арналған монография, ғылыми жинақ, иллюстрациялық альбом және бірқатар ғылыми мақалалар форматында жарияланымдар ұйымдастыру жоспарланған. Жобаның демеушісі - ERG компаниясы.

Айта кетейік, біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректе Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы моңғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі.

Соңғы жаңалықтар

Алматы қаласында жер сілкінді

Аймақтар • Бүгін, 17:39

Мереке қарсаңында марапатталды

Аймақтар • Бүгін, 13:58

Ұқсас жаңалықтар