Спорт • 22 Сәуір, 2021

Ақтоғайдан Алматыға, одан кейін Бордо...

729 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Ирина Герлицтің туған күні. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдардың басында бұл есім ерекше құрметпен аталатын. Қазақстанда туып-өскен ол ұзақ уақыт бойы баскетболдан Алматының «Университет» клубының намысын қорғады. КСРО құрамасы сапында жасындай жарқылдап, әлемдегі үздік ойыншылардың санатына қосылды. Міне, сол даңқты жерлесіміз бүгін 55 жасқа толып отыр. 

Ақтоғайдан Алматыға,  одан кейін Бордо...

Ирина Герлиц баскетболмен 11 жасында табыс­ты. Павлодар қаласында жергілікті бапкер Валерий Тарасовтың қол астында жаттығып, осы өнердің қыр-сырына қанықты. Орта мектепті аяқтап, қолына аттестат тиген бетте ол еш ойланбастан, киім-кешегін жинастырды да Алатау баурайына аттанды. Өйткені сол кездері Қазақстанда КСРО чемпионатының жоғары лигасында ойнайтын жалғыз ғана клуб болды. Ол – Алматының «Университеті». Герлиц дәл сол республикамыздың бас командасының құрамында өнер көрсетуді армандады.

«Университеттің» сапында Ирина жасындай жарқылдап, бірден майталман мамандардың қырағы назарына ілікті. Көп ұзамай дарынды қыз КСРО-ның жастар құрамасы сапына қабылданды. Сол командамен бірге жерлесіміз біраз белестерді бағындырды. Атап айтсақ, 1984 жылы Испанияның Толедо қаласында Еуропа біріншілігінде күміс медальды иеленсе, 1985 жылы АҚШ-та әлем чемпионы атанды. Ақтоғайлық арудың үлкен спорттағы карьерасы осындай жарқын жеңістермен басталды.

а

1986 жылы КСРО-ның бас командасына қабылданған Герлиц әлем чемпионатына қатысты. Бұл бәсекелер Мәскеу, Минск және Вильнюс қала­ларында өтті. Топтық турнирде барлық қарсыласын бет қаратпай ұтқан Одақтың баскетболшылары жар­тылай финалда Чехословакиядан (78:67) басым түскенімен, финалда АҚШ-қа (88:108) есе жіберді. Осы жарыста Қазақстанның өкілі де өзін жақсы қырынан көрсетіп, командалық әріптестерімен бірге күміс медальды мойнына ілді. Дәл осы чемпионаттан кейін КСРО құрамасының бас бапкері Вадим Капрановтың тарапынан Герлицке Мәскеудің ЦСКА-сына ауысуы жайында ұсыныс түсті. Әрине атағы алысқа жайылған әскерилер клубының жейдесін кию әр спортшының арманы. Алайда жерлесіміз Алатау баурайында орналасқан әсем шаһарды қиып кете алмады. Ол Мәскеуге барудан бас тартып, Алматыда қалды. Одан кейінгі жылдары да Ирина «Университеттің» намысын абыройлы қорғап, жергілікті жанкүйерлердің ықыласына бөленді.

Ирина Герлиц спорттың бұл түрінде толағай табыстарға қол жеткізгені даусыз. Тарқатып айтсақ, 1986 және 1990-жылдар аралығында ол Еуропа чемпионы атанып, Ізгі ниет ойындары мен Дүниежүзілік Универсиадада күміс медальды еншіледі. 1988 жылы Олимпия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Ал 1992 жылы Барселона Олимпиадасында құрамында Герлицтей керемет ойыншысы бар ТМД командасы бас жүлдені олжалады. Дүбірлі доданың шешуші тұсында олар АҚШ (79:73) пен Қытайды (76:66) қапы қалдырды.

т

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан бас­кетболы құрдымға кетті. Еліміздің өзге де мықты баскетболшыларымен бірге Ирина Герлиц те шекара асты. Бірер жыл ол Испанияның Мадрид пен Оведо қалаларында жасақтаған командалардың сапында ойнады. Кейіннен Францияға қоныс аударып, «Бордо» мен «Реймстің» намысын қорғады. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Ирина Яковлевна бапкерлік қызмет атқарды. Қазіргі кезде ол өзінің отбасымен бірге Бордо қаласында тұрып жатыр.

Әйгілі баскетболшыны туған күнімен құт­тықтайын деп сонау Бордоға қоңырау шалдық. Иринамен сөйлесудің реті келмеді. Ол жұмыс бабымен Францияның бір қиырында жүрген көрінеді. Телефон тұтқасын күйеуі Виктор Козик (ол да Қазақстанға танымал волейболшы) көтерді. Қазақстаннан екенімізді, республикамыздың бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетінен хабарласып тұрғанымызды естігенде көңіл күйі көтеріліп қалды. «Рахмет, ұмытпапсыздар! Ирина үйге келгенде құттықтауларыңызды жеткіземін. Зайыбым да қатты қуанатын болды. Қазақстан екеуміздің де кіндік қанымыз тамған жеріміз ғой», деп ақтарыла сөйледі.