Медицина • 22 Сәуір, 2021

Тоқішек пен тікішек обырларына шалдыққандар неге көбейді?

1251 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Пандемия кезінде басқа да қауіпті кеселдерді бақылап отырудың көкейкестілігі былтыр да көрінді. Қандай дерттің болсын алдын алып, диагнозын дер кезінде қойып, ем тағайындау аса маңызды.

Тоқішек пен тікішек обырларына шалдыққандар неге көбейді?

Биыл эпидемиялық ахуалдың қиындығына қарамастан, Қазақстанның 13 онкологиялық орталығы колоректалды қатерлі ісік, яғни тоқішек обырын диагностикалау шараларын өткізді. Оған қоса тоқішек, тікішек обырын асқындырмай анықтау мен емдеуге арналған онлайн-мәслихатқа еліміздің жетекші мамандары мен пациенттер де қатысты.

ДДҰ көбінесе полиптерді дер кезінде емдемеу мен тұқым қуалайтын осынау кеселдің 2030 жылға қарай 77%-ға артып, колоректалды қатерлі ісік (КҚІ)салдарынан болатын өлім-жітім 80%-ға көбейетінін болжайды. Бұл біздің не ішіп, не жегеніміз бен өмір сүру салтымыздың өзгергеніне де байланысты. Сондықтан таралуы жағынан елімізде үшінші орынға шыққан аталған дертті асқындырмауда скринингтік бағдарламалар, дәрігерлерге арналған оқыту бағдарламалары мен тестілеудің жаңа әдістерін қолдану маңызды рөл атқармақ. Бірақ қабылданған барлық шараға қарамастан, халықтың қатерлі ісік және оның даму қаупі факторлары туралы хабардар болу деңгейі жеткіліксіз. Бұл өз кезегінде диагноздың тым кеш қойылуына душар етіп отыр.

Сонымен қандай жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуге болады? Колоректалды қатерлі ісіктердің алғашқы белгілері қандай? Егер адамның іші жиі қатып, ауыра берсе немесе іш өту, іш кебу, диарея жиі мазалайтын болса, қаперсіз жүрудің қажеті жоқ. Үлкен дәретке ұдайы толық отырмағандай сезіну, нәжістен қан мен былжыр, дәрет сындырғанда ауырсыну байқалса, адамның тәбеті қашып, салмағы өзгеріп, тез шаршайтын болса, нәжістен қанның ұйыған қара дақтары байқалса, нәжіс қарындаштай жіңішкеріп шықса, әсіресе 50-ден асқандар үшін уақытты оздырудың қажеті жоқ,

Алдымен КҚІ-нің – тоқ және тікішектің әртүрлі бөлігінен табылатынын айта кету керек. Жыл сайын Еуропада тоқішек обыры диагнозы жаңадан шамамен 500 мыңдай адамға қойылады, олардың 250 мыңға жуығы қайғылы жағдаймен аяқталады. Елімізде жыл сайын тоқішек обырының 3 мыңнан астам жағдайы тіркеліп, 1500-ге жуық науқас қайтыс болады. Бұл кеселге көбінесе 50 жастың айналасындағылар шалдыққыш келеді. КҚІ-нің бірінші сатысы диагнозы тоқішек қатерлі ісігі бар науқастардың шамамен 13%-ы және тікішек қатерлі ісігі бар науқастардың 19%-на қойылады. Төртінші сатысы тиісінше тоқішек және тікішек қатерлі ісігі бар пациенттердің шамамен 22 және 19%-ынан табылады, бұл диагнозды ерте қоюдың маңыздылығын көрсетіп отыр.

2020 жылы елімізде қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 173,5 адам болып, 32 526 жаңа жағдай анықталды. Дегенмен бұл дертке душар болу көрсеткіші 11,4%-ға төмендеген. Сол сияқты 2020 жылы онкологиялық науқастар контингенті 190 159 науқасты құрады, 2019 жылы 186 326 пациент болатын. Алдымен елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен жаңа технологиялардың мүмкіндігін бағалау үшін «Алматы қаласында автоматтандырылған сандық иммунохимиялық гемокульт-тесті пайдалана отырып, колоректалды обыр скринингін жүргізу» жобасы іске асырылғанын алға тарта кеткен жөн. Мәселен, Eiken Chemical Co, Ltd (Жапония) өндірілген тестінің көмегімен нәжістегі жасырын қан анықталады. Зерттеуге Алматы қаласының 23 емханасына тіркелген скринингтік топтағы 50-70 жас аралығындағы 5 324 пациент қатысты. Нәтижелерді салыстыру үшін дәстүрлі сапалы гемокульт тесті қолданылды.

Қанатқақты жоба КҚІ скринингін жетілдіруде жаңа әдісті енгізудің артықшылықтарын көрсетіп отыр. Нәтижесінде, колоректалды обырды анықтау 0,03%-дан 0,19%-ға дейін өсті, яғни 2019 жылмен салыстырғанда 6 есеге көбейді. Ең бастысы, обырға дейінгі жағдайларды (полиптерді қоса алғанда) анықтау деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 0,09%-дан 1,00%-ға дейін (11 еседен астам) ұлғайды.

Осы арада Қазақстан ТМД аумағында қан үлгісі негізінде КҚІ бар пациенттер үшін молекулярлық диагностикалаудың жаңа әдісін енгізген алғашқы мемлекет екендігін де айта кету керек. Сұйық биопсия диагностиканың дәстүрлі әдістеріне қосымша тоқішек обыры табылған әрбір сырқаттың жеке ерекшеліктерін ескере келе, терапияны оңтайландыруға мүмкіндік береді.

«ДДҰ деректері бойынша колоректалды обырмен сырқаттанған 2 млн-ға жуық науқас анықталса, оның ішінде 55,2%-ы – ерлер, 44,8%-ы – әйелдер. 2020 жылы Қазақстанда колоректалды обырмен ауыратын 3 117 жаңа науқас анықталған, оның – 49,3%-ы ер-азаматтар, 50,7%-ы – әйелдер. Күн сайын колоректалды қатерлі ісіктен 4 адам көз жұмады. Біз тұқым қуалайтын кеселдер мен колоректалды қатерлі ісік арасындағы байланысты көріп отырмыз. Бүгінгі таңда генетикалық скринингті қауіптілігі жоғары топтарға қосу қажеттілігі туындап отыр», дейді еліміздің бас онкологі Диляра Қайдарова.

Қазақстанда колоректалды обыр онкологиялық аурулар құрылымында үшінші орын алады және 9,6%-ды құрайды (бірінші орында сүт безі обыры – 13,2%; екінші орында өкпе обыры – 10,4%). Жыл сайын колоректалды қатерлі ісіктің 3 мыңнан астам жағдайы тіркеліп, 1500-ге жуық науқас қайтыс болады. Жоғарыда атап өткендей, тәуекелділік тобын негізінен 50 жастан асқан адамдар құрайды.

«Қазіргі уақытта онкология деген үкім емес. Дер кезінде диагноздың қойылуы және жекелеген терапияның таңдалуы – емдеу нәтижелерінің жақсаруына және өмір сүру деңгейінің жоғарылауына әсер ететін негізгі факторлар. Біз үшін сәтті және өте жемісті ынтымақтастықтың мысалы ретінде молекулярлық-генетикалық диагностика жөніндегі жобаға көрсетілген қолдау саналады. Яғни мұнда Ras гендеріндегі мутациялар (генетикалық өзгерістер) арқылы колоректалды обырды анықтау мүмкін болып отыр», дейді Merck Biopharma ТМД елдері бойынша директоры Роджер Элиа.

Колоректалды қатерлі ісік ауруының даму қаупінің факторлары қандай? Біріншіден, жасы. Колоректалды қатерлі ісік 50 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі. Тоқішек қатерлі ісігі диагнозы қойылатын сырқаттардың орташа жасы ер адамдарда – 68, әйелдерде – 72. Тікішек қатерлі ісігі ерлер мен әйелдерге 63 жас. Соңғы жылдары колоректалды қатерлі ісік диагнозы қойылған жас адамдардың да саны артып келеді.

Отбасылық анамнездегі колоректалды қатерлі ісікке келетін болсақ, мұндай дерті бар адамдар отбасылық анамнезінде отбасы мүшесіне қатерлі ісік диагнозы қойылған жастан он жыл бұрын колоноскопия жасатуы керек. Бүгінгі таңда барлық колоректалды қатерлі ісіктің шамамен 15%-ын қатерлі ісіктің отбасылық анамнезіне жатқызуға болады (туыстықтың бірінші дәрежелі туысы), олардың шамамен 3%-ында анықталған генетикалық себеп бар.

Басқа анықтаушы факторлар қатарында – қызыл етті көп жеу, алкогольді ішімдіктерге үйір болу, темекі шегу, қозғалыстың жеткіліксіздігі мен семіздік бар.

Скринингтік бағдарлама әдістеріне тоқталатын болсақ, мақсатты топтағы барлық ерлер мен әйелдердегі жасырын қанды анықтау үшін нәжіске иммунохимиялық зерттеу жүргізіледі. iFOB сынағы асқазан-ішектен қан кету диагнозын қою үшін қолдануға арналған. Нәжістегі қан ішек қатерлі ісігі, жаралар, полиптер, колит, дивертикулиттің қабынуы және жарықтар сияқты асқазан-ішек жолдарының патологиялық жағдайларының көптігіне байланысты ішкі қан кету жайттарын көрсетеді. Бұл иммунологиялық талдауды орындау да оңай әрі дәл. Сонымен қатар бұл тест талдауға дейін диета ұстауды қажет етпейді.

Нәжіс жасырын қанға қатысты оң талдау көрсеткен жағдайда тоқішекке эндоскопиялық тексеру – жалпы колоноскопия жүргізіледі. Тоқішек полиптері уақтылы анықталып, алынып тасталған жағдайда және колоректалды қатерлі ісікке диагноз ерте қойылатын болса, емдеу нәтижелерін жақсартуға болады дейді мамандар.

Оған қоса, 2020 жылы коронавирус инфекциясына және карантин мен індетке қарсы күрестің басқа да шараларының енгізілуіне байланысты БМСК жоспарлы тексерулері ішінара тоқтатылды. Осыған байланысты, КҚІ скринингтік тексерулерінен 971 450 адам өткен (жоспардың 86,7%-ы). Тексеру қорытындысы бойынша колоноскопиядан өткендердің ішінен тоқішектің обыр алды ауруларының 19,0%-ы анықталды. КҚІ-нің 187 жағдайы белгілі болды. КҚІ-I сатысының үлес салмағы 33,7%-ды құрады.

Сонымен қатар мамандар қатерлі ісігі бар сырқаттарды вакциналауға байланысты төмендегідей кеңестерді алға тартып отыр. Арнайы ем қабылдап жатқан немесе емді жаңадан бастаған пациенттер, оның ішінде гематопоэтикалық дің жасушаларының транспланттануы (транспланттаудан кейін 3 айдан ерте емес) және иммунотерапия (бақылау нүктелерінің ингибититорларын қабылдау) тоқтатылмайды. Ал хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер хирургиялық араласуға дейін немесе одан кейін вакциналанады. Қатты ісіктері бар пациенттер мүмкіндігінше мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын вакциналанады. Цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакциналанады. Сырқаттардың жақын туыстары мен қамқоршылары да екпе алуы қажет. Тек гормондық ем қабылдайтын пациенттер вакциналанбайды.