Өнер • 23 Сәуір, 2021

Дулыға Ақмолда: Менің ешкімге ұқсағым келмейді

2670 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда: Менің ешкімге ұқсағым келмейді

Дулыға Ақмолда: Менің ешкімге ұқсағым келмейді

– Дулыға, сахнада салмақты рөл­дерде сомдап жүрген сізді «Сержан братан» сияқты YouTube арнасының се­риалы­нан көргенде тосырқай қа­был­дадық. «Сер­жан братан», сөз жоқ, жақсы сериал болар. Пішіні тосын, айтар ойы бар, аз уақытта миллионнан ар­тық қаралым жинап, көрерменнің қы­зығушылығын туғызып отырған сериал­дың бір кемшілігі, құлақты тіле­тін бейәдеп сөздің, көше сөзінің ша­мадан тыс көптігі. Орысы орысша, қазағы қазақша сөй­леп жүре беретін кино­дағы қо­йыртпақтармен амалсыз келісіп едік, енді көрерменге осыған да көну қалды ма?

– «Сержан братан» туралы айтпас бұрын, жалпы, сериал туралы түсінікке тоқталғым келеді. Біз қаласақ та, қала­масақ та, әлемдік киноөндірісте сериал түсірудің маңызы артып, сал­­мақты ре­жиссерлердің өзі ба­ғытын осылай қарай ойыстырып жатыр. Толықметрлі көр­кем фильмнің түр-түрін түсіріп жүр­ген ре­жиссерлердің сериалдың тиімді тәсіл екенін мойындауының сыры бар. Се­риалға жеңіл жанр ретінде қараудың күні өтті. Қоғамның бағыт-бағдарын аңдау, бас­ты идея­ны алып жүру, дұрыс-бұрыстың ара-жігін көрсету, сол ойды кө­рер­менге қарапайым тәсілмен жеткізу жағынан көркем фильмге қарағанда сериал бәрібір жылдам. Көрерменге жақын фильм түсірудің осындай түрі дүние жүзінің барлық елінде жеке өнер болып жайылып келеді. Көр­кем фильмдегі аяқталмай қал­ған ойды жеткізуде сериалдың мүмкіндігі мол. Авторлық дүниеге қарағанда, се­риалдың алға шы­ғуының осындай себебі бар. Заман өзгеріп, заманға қарай өнердің мазмұны, тілі, тәсілі өзгеріп жатқан ке­зеңде «жоқ, мен көркем туындыға ғана түсемін» деп өзімді-өзім текке керексіз жа­лаң, жалған кеудемсоқтыққа байлап қойып отыра алмаймын. Иә, YouTube арналары түсіріп жатқан «Сәке», «Сержан братан» сияқты сериалдардың идея­сы да, сценарийлері де ұнады. Ешкім мені қинаған жоқ, жалынған жоқ, өзім келісім бердім. Себебі рөл ұнады. Екеуі де актерді басқа қырынан көрсететін, ашылуына мүмкіндік беретін өзге сипаттағы рөлдер болды.

– Сериал төңірегінде қай­шы­­лықты пікір өте көп. Бір қы­зығы, сіз ойнаған Сер­жан ту­ралы сериалды өзбек, қыр­ғыз, орыс, тіпті алыс шетел­діктер де көріп, өз ойын білдіріп жатыр. Тұр­пайы бола тұра миллион­да­ған кө­рермен тартуының сыры неде?

– Бұл сериал ең алдымен 1990 жыл­дардағы оқиғаны көрсетуімен, менің жігіттік шағыммен тұспа-тұс ке­луімен қызықтырды.1990 жылдар – өмірімнің ең қимас, қымбат кезеңі. Бұл сериал сол кезеңнің әр сәтін еске салады. Сценарийін жазған Әлішер Утев – бүгінгі экранда көрсетіліп жүр­ген көптеген сапалы сериалдардың сценарийін жазған жі­гіт. «Сержан братан» деген атына бола, көрмей жатып шошынуға болмайды. Рас, көрерменнің қызығушылығын тудырып отыр. Бұл бекер емес. Ал қандай деңгейдегі кө­рерменнің көңілінен шықты, кімдер көріп жүр, ол жағын білмеймін, бір біле­тінім – 1990 мен 2020 жылдар арасын салыстыра отырып түсірілген фильмнің әр кадрінен шындық төгіліп тұр. Тоқ­саныншы жылдардағы жігіттердің бо­йын­дағы кісілік қасиеттер, мәрттік, екі сөйлемейтіні, сөзінде тұруы, досқа, өзіне адалдығы айтыла келіп, оқиға кенет 2020 жыл­дарға ойысып кетеді. Бүгінгі жігіт­тер басқа. Өзгерген. Бір кез­­дегі «бірге-бір» шығатын ба­тылдық, бір жұдырықтасып алып, айырылмас­тай жолдас болып кете­тін ақеділ мінез бүгінде ауызбен шарпысатын әйелдердің шайпаулығына дейін төмендеген. Жігіттің бойындағы нар мінез қай­да, ірі мінез неге сонша ұсақ­талды? Жігіттердің осы әлсіздігі әлемнің астын үстіне кел­тіретін «мықты» әйелдердің пайда болуына әкелген жоқ па? Мынау жайлап бара жатқан жұмыссыздық, адам бір күнде мүгедекке айналса, айналасының әп-сәтте сырт айналып сала беретіні, бір сөзбен айтқанда, қоғамның қаталдығы алдындағы адамның әлсіздігі кейде әзілмен, кейде ащы мысқылмен қатар өріліп отырып көрсетіледі.

Дулығаның сериалға түскені түк те емес, көрермен керісінше, сол се­риалдағы шындықты көрсін, пәк болып жаралғандағы адал қасиеттерден қалай ажырап бара жат­қанын сезінсін, құлдырап бара жатқан қоғамдағы құндылықтарды биіктетуге, өзін өз­гертуге ұм­тыл­­сын. Басты мақсат – осы болған­дықтан, режиссер сериалды барынша жеңіл стильде түсіруді мұрат тұтты. Көруге қолайлы. Қо­рытуға жеңіл. «Сер­жан братанға» қойылып жатқан кінә, әрине, бы­лапыт, балағат сөздің көптігі. Режиссермен келісе отырып, мен оларды мейлінше қысқартуға, аз қолдануға тырыстым. Бұл жаргондар о баста орыс тілінде пайда болған. Ал 1990 жылдың рэкеттері сөйлеген осы «тілді» «оңбаған», «ұятсыз» деген сөзбен алмастырып айт­саң, ол тек күлкі ғана тудырады. Оны жасырып, жалғандықпен айырбастасаң, шындықтың жүзіне кіреуке түскелі тұр. Шындық қа­шан да ащы, ол таза, табиғи түрде айтылуымен – шындық. Оны тек қабылдайсыз, болды. Өнердің міндеті, адамға өзі туралы шындықты айтып беру болса, Сержан оны бүркемелемей, боямасыз көрсетеді. Мен түскен «Акимат» деген сериал туралы әкімшілікте істейтін таныстарым хабарласып, «мынау фильм нағыз біздің өміріміз туралы шындықты жайып салған ғой, міне, біздің өміріміз тура сол кинодағыдай, мен өзімді көріп отырмын» дегені бар. Ал мұны несіне жасырамыз? Көрдіңіз бе, шындық шенеунікке де керек, жағымпаздық, жем­қорлық жайлаған жерде жүріп те адамдығын, адалдығын аң­сайды олар. Адамдығымен қа­уыш­­қан кезде ол өзіне оралады, өзін танығаны үшін өнерді құр­мет­тейді. Меніңше, бұл арзан нәр­се емес.

– Сіз түскен «Тұлғалық өсу тре­нингі» фильміне көпшілік назар аудара қоймады. Бірақ осы фильмдегі рөл арқылы біз бі­летін театр әртісінің кино акте­рі ретінде көп өскенін бай­­қа­дық. Көптеген белгілі адамдар қо­ғамда танымал, беделді бола тұра, тұл­ға дәре­жесіне көтеріле ал­май­ты­ны­ның се­бебін қайдан іздесек болады?

– Фархад Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі өмірлік ұс­танымын жоғалтқан, өмірден ешнәрсені күтпейтін, орта жас күйзелісін басынан кешіп жүрген адамның жан дүниесіне үңілуді мақсат еткен фильм. Интернет рейтингте оқылым жағынан рекорд жасаған «Кирпичи» атты шығарма негізінде дү­ниеге келген туынды. Көп дүние астарлап айтылады. Өмірдің бір үзік сәті нәзік шеберлікпен көрініс табады. Қызық болғанда, фильмге мен басқа рөл үшін шақырылып, кастингтен соң басқа рөлге бекі­тілдім. Бұл фильм халықаралық кинофестивальдердің біразына барды. Тарихы бар беделді фес­тивальдердің бірі Мәскеу кино­фестивалінен Гран-при жеңіп алды. Ресей кинопрокатына шықты. Орыс көрермендері ой­лы фильм­нен мағына тапты. Интернетте кеңінен талқыланды, киносыншылар жаңалық тауы­п, сараптама жазып, талдады, қарапайым көрермен керемет комментарийлер жазды.

Бірақ пәлсапалық мәні бар, адамды маңызды ойға жетелейтін осындай салмақты туынды, неге екені белгісіз, өз туған топырағында л­айықты бағасын ала алмады. Тіпті көпшілік премьерасы болғанын білмей де қалды. Көрермен жинай алмады. Еуропаны тұтас аралап, Франция, Германия, Италияның бас жүлделерін алған, Татарстанда өткен халықаралық кинофестивальде мені «Ең үздік ер адам рөлін орындаушы», Қырғызстан фестивалінде «Орталық Азияның ең үздік актері» атандырған «Орал­ман» түсірілгенде де осылай болған еді. Қазақстан селт етпеді. Ресми орыннан да, ресми емесінен де тілдей құттықтау түгіл, тырс еткен дыбыс естілмеді. Үлкен кинотеатр­ларда көрсетілген жоқ. Нағыз ха­лық көретін, жастарға керек фильм­дер насихатталмай қалады. «Ақшасын бердік пе – бердік, кино көрсетілді ме – көрсетілді», болды. Осыншама салқынқандылыққа таң­ғаламын. Жарыққа шыққан фильм­нің тағдыры ешкімді қызық­тырмайды. Бәлкім солай болуы керек те шығар. «Сержанды» тү­сірген «Salem S» тобына риза болып жүрмін. Өз өнімін көрерменге өткізудің тиімді жүйесін тауып алған. Аптасына екі-ақ серия бере­ді. Ре­жиссер қолына түссе, тірі­дей түтіп жеуге даяр көрер­мен­нің алдағы серияны көруге асығатыны сонша, «5-сериясын қашан көреміз? 6-сы қашан болады?» деп мыңдаған комментарий жазып, әр сериясын үздігіп күтіп отыр. Міне, киноны көрсетудің амалы. Осының бәрін сырттай бақылап отырған мен: «шіркін-ай, «Оралманды» неге осылай көрмейді, «Тренинг» неге осылай тамашаланбайды» деп ішімнен ғана тынамын.

– Актер біткен «геройды ойна­сам» деп армандап жатады ғой, ал қандай рөлдерді сіз ешқа­шан ойнамас едіңіз? Сіздің ұста­нымыңызға қайшы келіп, рөл­ден бас тартқан кезіңіз болды ма?

– Көрерменге жеткізе алмаған рөлдің өкінішінен өткен өкініш жоқ. Көрермен түсінбей қалуы мүмкін, ал жеткізе ал­мағанын, қабілеті жетпегенін актердің өз іші сезеді. Басқаны білмеймін, өзімнің ішім сезеді, мысалы. Ал рөлден бас тартуға тура келе­тін кез аз емес. Өз ба­сым көп рөл­дерден үзілді-кесілді бас тарттым. Мұндай жағдай әсіресе, кино­да болып тұрады. Жақында ғана толықметрлі үш көркем фильм­нің басты рөлінен бас тарттым. Үшеуінің де сценарийі ұна­ған жоқ. Жобалардың бірі таптаурын тақырыптағы жаңалығы жоқ тұр­мыстық мәселені қаузағаны үшін ұнамады. Екіншісі қатыгез адамның бейнесі болып шықты. Өмірде мұндай адамдар толып жатыр, бірақ сценарий авторының соның бәрін реализммен көрсетемін деп қаз-қалпында суреттеген қатыгез бейнесі киноға таспаланған кезде екі есе қатыгез тартады. Шектен тыс қатыгездікке құ­рылған, азаматтық ұстанымыма қайшы рөлді ойнай алмаймын. Актерлер кейде аңда­май осы тақылеттес рөлдерді ойнап қалып, өкініп жатады. Биыл мен үшін өте ауыр жыл болды. Аяулы анашым өмірден өтті, оның соңынан сүйікті әпкем ілесіп кете барды. Қос қабат қайғы жамылып жүргенде, мұндай рөлдерді тіпті де ойнай алмайтыным анық еді.

– М.Әуезов театры әртісте­рінің құра­мында шетелдік гас­­трольдерге көп шыққан ак­тер­дің бірі өзіңіз. Кө­зіңізбен көр­ді­ңіз ғой, «дүркіреп өтті» дей­тін халықаралық театр фес­тиваль­дерінің деңгейі туралы не айтасыз? Басқа елде­гі әріп­тес­теріңіздің ойын өрне­гін көр­ді­ңіздер, солармен салыс­тыр­ғанда қазақ ак­тер­лерінің өнеріне қандай баға беруге болады?

– Халықаралық гастрольдегі алғашқы қадамымыз 1996 жылы Каирде өткен эксперименттік спектакльдердің фести­валінен басталған болатын. 2000 жылы Германияда өткен түркітілдес ха­лық­тардың театр фестиваліне, Түркияның Конья қаласында өте­­тін дәстүрлі фестивальге екі дүркін, Франция, Жапония, Корея­да өткен өнер байқауларына қаты­сып қайттым. Елімізде өтіп жататын театр фестивальдерінде жүлдеге көп көңіл бөлінеді. Тә­жі­рибе де, талант та, тұлға да жүл­денің алдында әлсіз. Көп жағ­дайда кәсіби өнер бәсекесінен гөрі тамыр-та­ныстықтың бәсі жеңіп кетіп жататынын жасыра алмаймыз.

Ал халықаралық теат­р фестиваль­деріндегі формат басқаша. Мұнда да жүлде бөлінісі бар, бірақ ол маңызды емес. Ма­ңыздысы, әлемнің әр түкпірінен келген сахна саңлақтары шеберлік сабағын алады. Деңгей, өре салыс­тырады. Актер мен актер, режиссер мен режиссер өз кәсіби қабілет-қарымын шамалайды. Әр театр бағытын айқындай алады. Бұл фестивальдерден керемет актерлік жұмыстарды, адамның түсіне де кірмейтін режиссерлік ше­шімдерді, эксперименттік формаларды көріп, өзім үшін көп азық алдым. Оны тек көзбен көру керек. Біздің театр мен әртіс­тердің деңгейі солардың қай-қай­сынан артық болмаса, бір де кем түспейді. Ұлттық теат­р өне­ріміздің әлемдік өнермен тайталаса алатын тегеурін-қауқары барын көргенде, төбең көкке екі елі жетпей, жүрегіңді мақтаныш сезімі кернейді. ТҮРКСОЙ-дың ұйымдасты­руымен өткен Түркия фестивалі, Қырғызстан, Ресей фестивальдері де өте жоғары деңгейде. Халықаралық фестивальдердің театрға, әртіс­терге берері мол. Мұндай айтулы шараларға бару керек, тіпті қажеттілікке айналуы тиіс. Бұл орайда шетелдік сапар­ларға шы­ғуға мүмкіндік берген және қолдау көрсеткен Мәдениет минис­трлігіне алғысымыз зор.

– Сіз жасаған Қорқыт бейнесі – ұлттық театр өнерінің галерея­сынан айы­­рықша орын алатын бірегей образ санатында. М.Әуезов театрының шетелге алып шығатын жалғыз шедеврі де әзірге осы болып тұр. Ең қы­зы­ғы, фольклор сарынымен жет­кен ежел­гі кейіпкердің өзін бізге Литва елінің ре­жиссері Йонас Вайт­кус жасап берді...

– Йонас Вайткус – әлемдік деңгейдегі сахна суреткері. Оның қазақ сахнасы үшін теңдесі жоқ тамаша туынды жасап беруінің өзі – өнеріміз үшін үлкен мәртебе. Театрымыздың сахнасына арнап лайықты спектакль қойып бергені үшін әлі күнге жылылықпен еске аламын. Аданаға Дүниежүзілік театр фестиваліне барғандағы көрініс көз алдымнан кетпейді. Қа­ланың бүкіл орталық көшесі сахнаға айналып кеткен. Көшеде бос орын жоқ. Мекеме-ғимарат біткеннің алдында театрлар спектакль қойып жатыр. Қайсысын көргіңіз келеді, қай елдің театры қызықтырады, мархабат, тұрып алып тамашалай беріңіз. Әлі есімде, фестивальдің талап-шарты бойын­ша, «Қорқыт» спектаклінің сахналық костюмдерімен, қолы­мызға қобыз, сырнайымызды ұстап, сап түзеп, салтанатты шеру арасында көшеден өтіп барамыз. Осының өзі театр. Жай ғана қыдырыстап, әр елдің өнерін тамашалап жүргендер жан-жақтан жүгіріп келіп: «Бұл қай елдің театры?» деп сұрағанда, «Біз Қазақ­стан әртістеріміз» деп мақта­нышпен жауап бергеніміз, «кешке спектакльдеріңізге келеміз» деп шақыру билеттерін таласа-тармаса алған сәті, кешке залда лық толып отырғандары әлі күнге ыс­тық.

«Қорқыт» спектаклі бес күн бойы үзіліссіз жүрді. Ал Қор­қытты бір рет ойнап шығу үшін қаншама күш-қуат керек! Бір рет ойнап шыққанның өзінде ша­мамен 1,5-2 келі салмақ тастаймын. Психологиялық жағынан да, физикалық жағынан да өте ауыр спектакль. Ал спектакльдің қандай деңгейде жүргенін бірге барған әріптестер көзімен көрді. Шүмектеген терден киімім малмандай су болғанда да, қатты шаршау байқамадым. Себебі біз таңғажайып тыныс сезініп, саф ауаны сіміргендей ахуалды бастан кешіп жүрдік. Театр фестивалі деген – нағыз өнер жәрмеңкесі.

Театр актер мен режиссердің, режиссер мен драматургтің, суретші мен ком­позитордың талантын жар­қырата көрсететін синтез өнер. Осы шығар­машылық топтың арасында берік байланыс орнаған кезде ғана керемет өнер туады. Биік деңгейде жасалған жұмысты көргенде жаным рахаттанады. Жалпы, өнерде жүрген адам өзінің ләззаты үшін жұмыс істеуі керек. «Халық үшін», «мен ха­лыққа қызмет етіп жүрмін», «осы жасаған еңбегім халық үшін» деген сөздің бәрі өтірік. Сенбеймін. Адам ең алдымен өз рахаты үшін, өзінің кәсіби қабілет-қа­рымын толықтай жүзеге асырып, нәти­жесін көру үшін еңбектенеді. Сенің ра­ха­тың халықтың рахатының ішінен солай орын табады. Ака­де­мияның студенті болып жүр­ген­де ұстазымыз Тұңғышбай Жа­манқұлов: «атақ үшін жұмыс істеме, атақ сенің артыңнан қуалап жүрсін» деген сөзді көп айтатын. Ол кезде ұстаз айтқан атақты біз «халық әртісі», «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» сияқты атақ­тармен байланыстырған екенбіз, сөйтсек, мәселе басқа атақта екен. Мәселе – актер­лік мәр­­тебеңде, аты-жөніңді биікке көте­ретін білім-білігіңді үздіксіз шың­дау, ше­берлігіңді арттырудан шар­шамауда екен ғой.

– Түркістанды Венецияға, Ақтауды Майамиге шендестіріп жүрген адамдар сізді де Сергей Безруковке ұқса­тып жатады. Без­руков болуға қалай қарай­сыз?

– Мені қайран қалдыратыны – қа­зақтың осы мінезі. Әлі күнге дейін бізді Ресейдің әртіс­теріне ұқсатады. Соларды алға тартады. Солармен салыстыр­са ғана мықтылығы таныла түсе­тіндей, адамның ойына кел­мейтін біреулерге таңып, теңеп жатады. «О-о, Миронов сияқ­ты», «Никулиннен аумайды!» Түсін­беймін, мен неге Безруковке ұқсауым керек? Менің ешкімге ұқсағым келмейді. Отарланған сананың сарқыншағы отыз жылдан бері соңымыздан ілесетіндей соншалықты бейшара елміз бе біз? Ұқсат­қысы келіп тұрса, неге бізді Әнуар ағаға ұқсатпайды? Неге Шәкен Ай­мановқа ұқсамай­мыз? Әлдекімге ұқсатып, елес бейне­лердің соңынан қуып, еліккенше, неге біз жанымызда жүрген Бақытжан Әлпейісовтің рөлдерін, оның дауысын талдамаймыз? Ержан Түсіповтің жасаған рөлдері ту­ралы неге айтпаймыз? Неге біз ай­даладағы біреулерді пір тұтамыз? Әлі де болса сыртқа жалтақтаудан, өзіміз­дегіні көзге ілмей, мұрын шүйіре қарау­дан арыла алмай келеміз. Өте өкінішті.

– Дулыға, сіз туралы мәлімет іздеп интернетті ашып қалып едім, «Дулыға Ақмолданың әйелі тоқал алуға рұқсат берді» деген ақ­параттан аяқ алып жүре алмай қалдым. Бүгінде аяғын аңдап басып, абайлап сөйлемесе, аяғы аспаннан келетінін танымал әртіс­теріміз түсініп қалды. Осындай жағдай бастан өткен соң өз пікіріңмен адам сияқты ашық-жарқын бөлісу ендігі жерде сізге де қорқыныш ту­дыр­май ма?

– «Еуразия» арнасынан өткен бағдар­ламада әңгіме арасында айтылып қалған бір ауыз сөзді сарыжағал басылымдар басқа жаққа қарай бұрмалап әкетті. Тоқал алуға шошып қарайтын за­манға тура келіп тұрмыз ғой, негізі, ол шошынатын сөз емес еді. Аталарымның 2-3 әйелі болды, ағайын-туыс арасында ол қалыпты жағдай саналып, оны сөз де етпейтін. Зәре-құтымыз қалмай қарайтындай сұмдық сұрқия салт емес еді ол. «Кім бұлай жасады?» деп түбін қазып, бұрқыраған сөз қуып, басымды ауыртқым да келмегені сондықтан. Бұл кімнің кінәсі? Журналистердің бе, блогер, вайнерлердің бе? Кімнің аузына қақпақ боласың қазір? «Жұлдыз» деген сөз шықты, ес­тігенде шықшытыма дейін дірілдеп кетеді. Атағы, абыройы қолдан жасалғандарды ешқашан жұлдыз деп есептемеймін. Біреу мені «қазақ киносы мен театрының жұлдызы» деп таныстырса, жерге кіріп кете жаздаймын. Теріс айналамын. Маған оның түкке де керегі жоқ. Инстаграмм парақшасына кіруге де жүрексініп тұрамын. Ешкімнің көңіліне келмесін, сол әлеуметтік желінің бетін ашсам, мен үшін жат, арзан әңгіме ғана алдымнан шығады. Бәлкім ол заманауи құрал шығар, сен де соның ішінде айналып, қайнап жүруің керек шығар, бірақ алтын уақытыңды жеп қоятын пайдасыз дүние деп білемін. Өкінішке қарай, осындай арзан дүниеге, жалған сезім, жасанды қарым-қатынасқа тап келдік. Олар осы арқылы ат жасайды, атақ жинайды, өз өмірін сонымен өлшейді. Жар­намаға сусап тұрған жақсы дүние­міз жетеді, жамандықтың жолын кес­кеніміз сол болсын, жабылып насихаттайық. Мысалы, қобызды түрегеліп тұрып тартатындар шықты. Бұл – қылмыс. Бұл – мәдениетсіздік. Қобызды түрегеп тұрып тартпайды, отырып тартқанда ғана қобызшы мен қобыз аспан мен жер секілді біртұтас болып бірігіп, болмыстың әуенін төгеді. Отырып тартудың мәні сонда. Міне, қазір бұрысың дұрыс болды, дұрысың бұрыс болды, жақсы мен жаман мидай араласып, бәрі былығып кетті. Аршып алу да оңайға соқпайтын шығар.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ