Аймақтар • 23 Сәуір, 2021

Жол – мемлекеттің күретамыры

571 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Былтыр төселген асфальт көктем шыға қармен бірге еріп кетеді» деп мысқылдайды ел. Мысқыл емес, шығыстағы шындық сол. Қала ішіндегі жолды қойып, облыстық, республикалық жолдардың өзі ойдым-ойдым. Елдегі жолдардың сапасы сын көтермейтіндей деңгейде болмаса, Президенттің назарына ілікпес те еді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шара қабылдауды тапсырды. 

Жол – мемлекеттің күретамыры

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жол мемлекеттің күре тамыры іспеттес. Сондықтан жол салу, жөндеу жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарау керек еді. Өкінішке қарай, бұл салада салғырттық басым. Әйтпесе, бірқатар басшы қызметімен қош айтыспас еді. Жұмысын дұрыс атқармаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліповтің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақовтың қызметінен босатылғаны жол саласында жүрген басқа басшы­ларға сабақ болса екен.

Кім болса да діттеген жеріне тақтай­дай түзу жолмен зыр етіп бара қалғы­сы келеді. Әй, бірақ, газды ғана басып отыратын жолдар Шығыс Қазақ­стан өңірінде аз. Облысаралық, аудан­аралық жолдардың жағдайын айтпа­ғанда, республикалық маңызы бар трасса­лар­дағы қазандай шұңқырлардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қалбатау-Майқап­шағай бағытындағы автомобиль жолы да сол. Жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталғанымен, тас жолдың талқаны шығып жатыр әлі.

Екі ортада қатынайтын так­си­­ші­лердің шыдамы әбден тау­­сыл­ған. Отыз жылда жеткен жетістігіміз осы ма деседі. «Жол­дың жайын жүрген біледі» деп көлік тізгінінен түспейтін так­сишілердің пікірін тыңдап көр­генбіз.

– «Алыс жол атанды сынайды» демекші, көліктеріміз сал­дыр-гүлдір. Дөңгелегіне, жүру бөлігіне обал. Лекерлеп отырамыз. Оның бәрі шығын. Ал жол жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталды. Жолшылардың жоспары бойынша, 2022 жылы Майқапшағайға дейін аяқтауы керек. Енді ойлаңыз! Төрт жылда жартысы бітпеген жол бір жылда қалай аяқталады? Бір-ақ жыл уақыт қалды. Зайсаннан Дайырдың бұрылысына дейінгі жолды білесіздер, быт-шыт. Көкпектіге дейінгісін айтпай-ақ қояйық. Уақытша айналма жолдың өзі тегістелмейді. Алтай ауданын айналып, 620 ша­қырымды артқа тастап жүр едік, енді паром түсіп, Самармен жү­ретін болдық, – дейді таксиші Уәлхан Масабаев.

Самар, Алтай айналғандағы жол жақсы болғанымен, алыс. Тура тартса, 480 шақырым ғана еді. Оған жолдың жыры жуықта біте қоймайтын сияқты. Былтыр жаздай пандемия деп техникалары тұралап қалған. Жұмыс жоспардағыдай жүргізілген жоқ. Десе де, «ҚазАвтоЖол» ұлт­тық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лы­ның директоры Ерлан Қалы­мовтың айтуынша, Омбы – Май­қап­шағай тас жолының қайта жа­ңарту жұмыстары 2022 жылы аяқталады.

– Омбы – Майқапшағай автомобиль жолында мемлекеттік емес қарыз есебінен қайта жаңарту жұмыстарын «Синьсин» компаниясы жүргізіп жатыр. Былтыр қиындықтар болды. Әлемдегі эпидемиялық жағдайға байланысты басқа мемлекеттерден жұмысшы күші кіре алмады, техникаларды құрылыс орындарына жеткізу үшін көп уақыт жоғалттық, – дейді филиал директоры Е.Қалымов.

Қазіргі уақытта Қалбатау – Майқапшағай бағытындағы 415 шақырымның 76 шақырымына қатты қабат төселген. Қалған 339 шақырымында жұмыстар жүріп жатқан көрінеді. Жоба бойынша, қайта жаңарту жұмыстарына 157 млрд теңге бөлініпті. Аз қаржы емес. Мақсатты жұмсалып, жол сапасына халық қанағаттанып жат­са болғаны. Әйтпесе, Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз еткен­дей, сапасыз жол салып, мем­лекет қаржысын тиімсіз жұм­сап жатқандар жоқ емес.

Естеріңізге сала кетсек, Мем­лекет басшысы «Еліміздегі рес­пуб­ликалық және жергілікті жол­дардың жағдайына қатысты аза­мат­тардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр» деген еді. Өте орынды сын. Көптеген жол жыл өтпей жатып, ойылып, опырылып қалады. Оны мамандар көбіне күн райының күрт құбылуына сілтейді. Са­лыс­тырар болсақ, Канада мен Шығыс Қазақстанның ауа райы ұқсас екен. Ал жол сапасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мәселе, асфальт жасау технологиясы мен төменгі қабатының нығыздығында болса керек.

Жол жөндеу жұмыстары Өскемен – Қалбатау – Талдықорған бағытында да баяу жүріп жатыр. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан жолдағы құрылыс жұмыстарымен 2019 жылдың жазында танысып қайтқан Премьер-Министр Асқар Мамин автожолды 2020 жылы іске қосу керектігін айтқан. Бұл туралы БАҚ өкілдері сан рет жазды.

– Өскемен – Талдықорған және Қарағанды – Алматы жобалары бойынша басты міндет – 2020 жылы жолдағы қозғалысты іске қосу. Бұл – әкімдерге қойылған талап. Әсіресе, сапа мәселесі негізгі басымдықта болуы тиіс, – деген еді А.Мамин.

Бірақ Шығыс Қазақстан облысына тиесілі 454 шақырымның 262 шақырымына ғана қатты қабат төселіпті. Қалған бөлігінде жұмыс жүріп жатыр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Е.Қалымовтың айтуынша, Өскемен – Қалбатау – Талдықорған автожолы 2022 жылы аяқталады екен. Премьер-Министр әкімдерге талап қой­ға­ны­мен, орындалмағаны ма?

Аталған тас жолдың бойын­да «Ситик Констракшн», «К-Дорстрой» АҚ, және «Тодини Централ Азия» ЖШС қайта жа­ңа­р­ту жұмыстарын жүргізіп жүр. Халықтың айтуынша, жол бұрынғыдан жақсарып қалған. Құрылыс қарқынды секілді. Со­нымен қош делік, Өскемен – Тал­дықорған жолы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры айтқандай, 2022 жылы толықтай қолданысқа беріледі. Одан басқа аудандардың арасын жалғап жатқан көлденең жолдар бар. Мәселен, Омбы – Май­қапшағай – Қалжыр – Марқакөл бағыт­тарындағы жолдар алдыңғы жылдары орташа жөндеуден өтке­ні­мен, бұл күнде қайта қопарылып жатыр.

– Зайсан мен Қалжырдың арасын жақсылап жөндеген еді. Тақтайдай жол ұзаққа барған жоқ, 30-40 тонналық жүк көліктері әрі-бері ағылып жолды құртты. Жалпы, Шығыста жақсы жол жоқ ғой. Қайсы бірін айтамыз? Тапқан-таянғанымыздың жартысы сайманға кетеді. Ал салықты уақытымен төлейміз. Басшылар Қазақстанның экономикасы тіке­лей жолға байланысты екенін ұғынатын уақыт келген шығар, – деп ойын білдірді жеке кәсіпкер Жансая Тасқынбайқызы.

Қазіргі уақытта зайсандықтар осы жолмен қатынап жүр. Шұ­рық-тесігі көп болғанымен, Омбы – Майқапшағай тасжолынан тәуір. Халықтың көтерген бұл мәселесін де «ҚазАвтоЖол» ұлт­тық компа­ния­сы» АҚ Шы­ғыс Қазақстан об­лыстық филиа­лына жолдағанбыз. Олар­дың берген мәліметіне сү­йен­­сек, Омбы – Майқапшағай – Қалжыр – Марқакөл автомобиль жолының ұзындығы 124 шақырым, 1967-1972 жылдары аралығында салынған. Пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеуден өтпеген. Тек күтіп ұстау мен орташа жөндеу жұ­мыстары ғана жүргізілген. Соңғы бес жыл ішінде аталған жол­дың 34 шақырымы орташа жөнделген. Ал 2019 жылы жолдың 0-13 шақырымы жөндеуден өткен. Кепілдігі әлі бар. Биыл аталған жолдың 18 шақырымында орташа жөндеуден өтеді. Ол жұмыстың жалпы құны 461 млн теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар Семей – Қайнар бағытындағы тас жолдың бір жағы жөнделіп жатса, екінші жағы бүлініп жатыр. Бұл жол да 1982 жылдардан бері бәлендей жөн­деу көрмеген екен. Соңғы бес жылда ғана 58 шақырымы ор­таша жөнделген. Мұқыр мен Ащысу өзендеріндегі көпірлер қайта жаңартылған. Өткен жылы 46 шақырымына күрек тиген. Ал осы жылғы жоспар бойынша, жол­дың 62 шақырымы жөнделіп, 50 шақырымы пайдалануға берілуі тиіс. Оның жалпы сметалық құны –
2 млрд 258 млн теңге. Қол­да­ны­ла­тын құрылыс материалдары мен жұмыс сапасын «Ұлттық жол активтері және сапа» РМК тек­се­ре­ді. Материалдар ірік­теліп, сынамадан өткен соң ғана пайдаланылады. Баса айта кетер­лігі, кепілдікте тұрған жол учаскелерінде ақау пайда болса, жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компания өз қаражаты есебінен қалпына кел­ті­реді.

 

Түйін

Бұл мақаланы жазбас бұрын әлеуметтік желіде «Шығыста жөнделіп жатқан, жөндеуден өткенімен қайта қопарылып жатқан жолдарды атап жіберейікші» деген жазба қалдырған едік.
1 мың 800 оқырман көз жүгіртіп өтсе, оның 34-і пікір білдірген. Бірақ бірде біреуінің Шығыстағы жол сапасына көңілдері толмайды. Бәрін болмаса да, кейбір пікірлерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Желідегі пікірлер

Айна Бәкімбаева:

Кеше Айыртаудың арғы жағындағы бейіт­ке барып, əке-шешемізге құран бағыштап келдік. Сонда биыл ғана салынған жолды жол жөн­деу­ші­лер жамап жүр. 

 

Лаура Төре:

Өскеменнің Ахмер жағындағы жол толық жөнделіп біткен жоқ. Былтыр күзде тапсырған жолдары тесік-тесік.

 

Зәуре Қасенова:

Шығыста шұрық тесік жолдан көз аш­пай­сың...

 

Айдын Жүнісханов:

Семей – Қайнар тас жолы. Жөнделіп жатыр, екінші жағынан толқындар пайда болды.

 

Айнұр Сағиева:

Өскемендегі Понтон көпірі мен Ахмердің арасындағы алақандай жер жөнделіп бітпеді ғой, үш жылдан асты.

 

Талғатжан Мұхамадиев:

Керісінше, жөндеуді керек етпейтінін тізіп берген оңай.

 

Ермек Құрманғалитегі:

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы 5 км 200 м жол 2020 жылдың қазан-қараша айында жа­ңа­дан төселген. Жолдың бөліктері биыл көк­тем­де қар­мен бірге еріп кетті.

 

Нұржан Масғұттегі:

Семейде ішкі жолдары көлігіңді «жылатады».

 

Гүлден Сайранова:

Зайсан жақтың шаңы шығып жатқан уа­қыт­ша ай­налма жолын атауға бола ма? Жалпы, айналма жол­ға су шашып отыру керек емес пе? Біз жақтың жо­­лын жөндеп жатқан ком­пания мұны ұмытқан сияқ­ты.

Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келең­сіз­дік­терді жою үшін шаралар қабылдап жатыр. Барлық өңір­де бюджет қаржысының жұмсалуына, көлік ма­гис­тралдарының салынуына және жөнделуіне ба­қылау күшейтіледі. Президент алдағы уақытта атал­ған мәселені өзі­нің жеке бақылауында ұс­тайтынын да мәлім­де­ді.

 

Осы беттің оспағы

Шындап келгенде, Қазақстанның жолдарын жүк көліктері емес, қымбат-қымбат «джиптер» бұ­за­ды.

 * * *

Тіс дәрігеріне өтініш: Жолшылардың тісін жол салғандай етіп жөндеп беріңіздерші!

* * *

Құбыр төсеп жүргендер өте мәдениетті, кіші­пейіл. Бірінші асфальт салушыларға жол береді...

 

Шығыс Қазақстан облысы