Тарих • 23 Сәуір, 2021

Тарихта тұрлау болған ба?

829 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұзын салқар тарих көшінің қай халыққа да беретін сабағы бар екені белгілі. Жетелілер тарихтың қайталанғанын көргенде, бүгінгі тынысында өткеннің ащы тұсын тұщытып, кермегін жұмсартып, запыранын емдеп, болашағының жарқын болуына соларды мысал ете отыра ұрпағын алға жетелейді.

Тарихта тұрлау болған ба?

Академик, антрополог ғалым Оразақ Смағұлұлы қазақ жеріндегі ұзақ жылғы түрлі параметрлерге негізделген зерттеулерінің қорытындысын жасай келіп: «Бүгінгі қазақтар –  осыдан 5 мың жыл бұрын осы жерде тіршілік етіп, өмір кешкен бабаларының жалғасы. Ешқайдан көшіп келмеген, 5 мың жыл бойына осы топырақта бабалар да, бүгінгі ұрпақтары да өсіп-өнген, осы жердің сонау ықылым заманнан, тамыры тым тереңде кеткен ежелгі тұрғындары», деген тұжырым жасайды. Қадірменді академик айтқандай, қазақ байырғы мекенінде 5 мың жыл бойы қалыптасқан халық десек, осы ұзын сонарда басқа бақтың қонып дәуірлегені де болған, пыр-пыр ұшып бағының тайған күндері де болған. Тарих – тегермеш. Қайта айналып соққанда содан сабақ алып отырмасаң, өмірдің қатал заңымен қақпақылға да түсіп қалуың мүмкін. Әлгі теңізде жүзіп жүрген көп кеменің ішінен бірінің ғана қайырлап қалатынындай, жүзу бағытыңды уақытылы түземесең, өзге жүзген кемеге қызыға қарап қана, қол бұлғап қала бересің.

Құдай о бастан қоңсы етіп қойған екі алып көршісімен қазақ қатынастары ешқашан біртекті болмаған. Қазақ деген атауды иеленбестен бұрынғы бабаларымыз осы екеуіне де тізесін батырып, салығын салып, елін билеп үстемдігін жасаған тұсы да, есесіне, олардың бастарына күн туғанда қалқан болып, мемлекет ретінде сақталып қалуына орасан зор еңбек сіңіргені де мәлім. Бұл тарихтан аз-маз хабары бар жанға аян сыр. Ал енді осы кералаң кер жалғанның тегермеш өмірінде арба дөңгелегінің бірде астыға, бірде үстіге шығатыны тәрізді, мыңжылдықтарға кеткен тарихтың соңғы 200-300 жыл төңірегінде екі көршінің наны жүріп, белі мен бұғанасы әбден бекіп, бұрынғы астам болған жұртқа енді шекесінен қарайтын күні туды. Басым күшті иеленген соң билігін кім жүргізбейді? Жүргізді. Оның мысалдарын айтып жеткізу мүмкін де емес. Тіптен өз қағынан да жерітеді екен.

Тарихты қарап отырсаң өз тамырынан ажырап, өзге жұртқа пейілін бергендер ұрпақтарының бойына да сол сіңген елге айнымауды кереметтей егетінін көреміз. Ал олардан тараған үрім-бұтақтары болса бабаларынан да асып түседі екен. Мәселен, орыс тарихындағы Булгаков, Дашков, Тургенев, Карамзин, Урусов, Тютчев, Шереметьев, Салтыков, Мусин-Пушкин, Воронцов, Юсупов, Огорев, Бердяев, Ермолов, Нарышкин, Талызин, Аксаков, Тимирязев, Пирогов, Суворов, Вельяминов, Нарышкин, Бахметев ата тектері сіңген ортасына өз баласы орыстан әрмен еңбек етті, тіпті өзінің тамырындағы түркілік қанынан жеріп, бауырларына қастық та жасады. Бұлардың қай-қайсы да түбіміз дала еді демеді, тарих зерттейміз дегені түп тамырының тарихын былғады, ұлы орыстың дәргейіне лайықтап, бұрмалап жазды. Өз тамырын көрге түсіріп, батпаққа былғап, ал сіңген жұртын қол жетпес көкке балады.

Бір ғана мысал. Қарамырзаның тұқымы Николай Карамзиннің «История государства Российского» көп томдығында орыс тарихының далалықтарға қатысты тұсына қандай қиянат жасалды. Қарамырзадан Карамзинге айналған тек өз тамырына балта шауып, өзгенің жеміс ағашын баптап, соның гүлдеуіне жол ашты. Өкінішті. Сіңген ортасына адал болуды да бәлкім бір жақсылық дерсіз. Алайда адалдықтың өлшемі біреу, ол– қиянатқа жол бермеу емес пе?

Жоғарыда аталған атақты тектердің қай-қайсы да алған шендеріне бас ұрып, пат­шаға адалдықтарымен және орыс халқын дәріптеулерінен жазбады. Үрім-бұтақтары, зәузаттарына дейін соны жалғастырып, орыс мәдениетінің, орыс әдебиетінің, орыс әлемінің бөлшегіне айналды. Қазір солардан тараған бір нәсілге «түбің түркі, далалықсың, ордадан шыққансың» деп айтып көрші. Ер тоқымын бауырына алып тулар ма екен? Дүние, тарих осымен тоқтап қалмақ па? Жоқ. Арғы болашақты Алла біледі. Сондықтан бүгін басым екен деп бұға бермей, қарым-қатынастарды есепке алып, арасында әр дүниені өзіңнің де, өзгенің де есіне салғанның артығы жоқ. Бұл үшін далалықтардың ықылымдағы тарихы дұрыс оқытылуы керек. Сонда бүгінгі буынның көзі ашылып, жан-жағына қарап, еңсесін басқан құлдық сананың қамытын сыпырып, бойын тіктеп, келешек ұрпақтың айбынды болып жетілері анық. Тарихи әділеттілік орнаған жерде қандай өтіріктің де аясы тарылады.

Тарих бір орында тұрып қалмайды, өмір алға жылжиды. Ендеше бүгінгі өскелең буынның ертеңге айтар әңгімесі түзу, ойы азат болуы үшін дұрыс тарих жазылып, ұрпақтан ұрпаққа шындықты жеткізетін заман келді.