Шымкентте карантин жағдайында 27 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмысын қайта бастады. Кәсіпкерлер палатасы мен әкімдіктің бірлескен шараларының нәтижесінде карантин кезінде қала ішіндегі көлікті бақылайтын shym-karantin.kz сайты ашылып, оған кәсіпкерлікпен айналысатын 113 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Әрі олардың өнімдерін кедергісіз тасымалдауына, іркіліссіз жүріп-тұруына көмектескен.
Карантин қаһарына мінген тұста шағын және орта бизнес мекемелері амалсыздан қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберді. Ал бұл азаматтар шаһардағы жұмыссыздық көрсеткішін жоғарылатқан. Осыған орай «Атамекен» қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталықтары қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарын ашып, азаматтарды заманға бейім кәсіп түрлеріне баулып, жұмыспен қамтып отырды. Мәселен, 2020 жылы 7 мыңнан астам адам «Бизнес бастау» бойынша оқытылып, 3 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. «Еңбек» бағдарламасы аясында 2 мың адам курс оқыса, соның 70 пайыздан астамы жұмыс тапқан.
Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде Шымкентте 28,7 млрд теңгеге 16 жоба мақұлданған. Олардың ішіндегі ең ірісі – «Kazalpack» ЖШС-нің алюминий банкілерін өндіретін жобасы. Оның құны – 23,4 млрд теңгені құрайды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша өткен жылдың басында субсидиялауға 3,6 млрд теңге бөлінді. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарына арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы бөлінген 816 млн теңге 4 айда игеріліп, 79 кәсіпорын қолдау көрді. Ал 2019 жылы бөлінген 618 млн теңге 12 ай бойы игерілген. Шымкент қаласы әкімдігінің көмегімен төмен пайызбен несие беретін Микроқаржы ұйымын құру туралы шешім қабылданып, бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Аталған бастама өңірлік дағдарысқа қарсы бағдарламаға енгізілді», дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қаламызда 90-ға жуық экспорттаушы және 150 трейдерлік компания бар. Былтыр палата 21 кәсіпорынға қолдау көрсетті. Бұдан басқа, 12 кәсіпорын «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-ның көмегімен 444,7 млн теңгеге шығындарын жапты. Мәселен, «Шымкентмай» АҚ, «Газпромнефть битум», «Бал текстиль», «Химфарм», «Шымкент сабын», «Юг Агро-С», Taza Onim, AgroFood Kazakhstan, AIIG Қазақстан сынды кәсіпорындар Kazakh export АҚ-ның қаржылық-сақтандыру құралы арқылы 2,4 млрд теңгеге қолдау тапты.
Өткен жылы Шымкентте жиһаз, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібінің көлемі арта түскен. Осыған орай аталған палата тарапынан Шымкент қаласы кәсіпкерлерінің ұсыныстарын жинақтап, жиһаз өнеркәсібінің кластерін құру мәселесі әкімдікке ұсынылыпты.
Статистика бойынша шаһарда жиһаз өнеркәсібі соңғы 5 жылда 2,3 есеге өскен. Осы салаға маманданған 500-ге жуық кәсіпкер еңбек етуде. Шаһарда жиһаз өндірісінің болашағы зор. Себебі, қалада жыл өткен сайын көп қабатты үйлердің қатары арта түсуде. Сондықтан бұл кәсіп түріне сұраныс артпаса кемімесі анық. Тіпті, шекаралық қала болғандықтан Орталық Азия елдеріне де жиһаз өнімін экспорттауға мүмкіндік туындайды. Санитарлық талапты сақтай отырып, өңір кәсіпкерлері қала экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда.
Инвестиция артса, жұмыссыздық азаяды
Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы аяқталып, бірқатар жетістікке қол жеткізді. Негізгі стратегиялық құжат саналатын бағдарламаның мақсаты – қала экономикасын қарқынды дамытып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау еді.
Үш жылдықтың даму бағдарламасы белгіленген басымдықтар бойынша іске асырылды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 2018-2020 жылдары құны 661,1 млрд теңгеге 52 жоба іске асырылып, салада 2 398 жұмыс орны ашылды. Өндірістік инфрақұрылымы бар 3 аймақта инвестиция көлемі 229,7 млрд теңге, 10 мыңнан астам жұмыс орнымен 170 жоба жүзеге асуда.
Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2019 жылы қайта іске қосылған «Alliance» жіп иіру фабрикасы қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орнына айналды.
Фабрика жылына 5 мың тонна мақта талшығын өңдеп, 4500 тонна жіп иіруге қауқарлы. Өткен жылы 268 млн 158 мың теңге көлемінде өнім өндірілген. Сонымен қатар Түркияға – 127 тонна, Ресейге – 40 тонна, Қытайға – 116 тонна және Румынияға – 13 тонна иірім жіп экспортталған. Бүгінгі таңда тігін фабрикасында 78 адам жұмыспен қамтылған.
Ал ауыл шаруашылығы саласында 2018-2020 жылдары 8,3 млрд теңгеге 21 жоба іске асып, 453 жұмыс орны ашылды. Жылыжайлар көлемі 9,2 гектардан 20,9 гектарға дейін ұлғайып, қарқынды бау аумағы 195 гектарға жеткізілді. Мемлекет тарапынан 6,5 млрд теңгеге 583 шаруашылыққа қолдау жасалды. Осы мерзімде 307 млн долларға ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды.
Тарқатып айтар болсақ, шаһарда ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. 2021 жылы құны 16,3 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл ретте 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бұл туралы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбеков тоқсандықтың қортындысында мәлім етті.
Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласына 16,3 млрд теңге қосымша инвестиция тартылады. 28 инвестициялық жоба іске асырылып, 1500-ге жуық жаңа жұмыс орындары құрылады. 14,6 мың тонна ет, 47,4 мың тонна сүт, 165 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарда.
Сонымен қатар 71,7 мың тонна өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріледі (бидай, арпа, жүгері, көкөніс, бақша, картоп, жеміс). Атап айтқанда, биыл аумағы 18 гектар жылыжай кешенін (4,8 млрд теңге) құру, 241 гектарды құрайтын қосалқы жерлерге алма бауын егу бойынша 3 жоба (4,7 млрд теңге), 1700 бас ірі қара мал бордақылайтын 10 жоба (685 млн теңге) және тағы басқа өндіріс орындары ашылады. Нәтижесінде, жалпы өнімнің көлемі 37 млрд теңгені құрап, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 3 млн теңгеге жетеді деп болжанып отыр.
Қала экономикасына 3 жылда 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның ішінде 80 пайызы – жеке қаражат есебіндегі инвестициялар, мемлекеттік бюджетке жүктеме азаюда. Сауда саласында нысандар саны 2018 жылмен салыстырғанда 2 058 бірлікке көбейіп, қазір 4 321 сауда нысаны жұмыс істейді. Қаладағы 8 базар жаңғыртудан өтті. Мемлекет тарапынан 3 жылда 21,8 млрд теңге көлемінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетілді.
Үшінші мегаполисте инвестициялық жобаларды жедел түрде қарап, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсететін арнайы инвестициялық штаб құрылды.
Қала әкімінің бастамасымен құрылған штабтың көздегені инвестор үшін ерекше жағдайларды қамтамасыз ету. Қала әкімі Мұрат Әйтенов төрағалық ететін штаб құрамына қалалық басқармалар, аумақтық департаменттер мен монополистер кіреді. Әр жұма сайын өтетін штаб отырысында, инвесторлармен zoom платформасы арқылы байланыс орнатылып, әкімшілік кедергілерді жою, қолайлы жағдай орнату және үйлестіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Жалпы, қала экономикасы үшін денсаулық, тұрғын үй, қайта өңдеу өндірісі мен агроөнеркәсіптік кешен секілді базалық секторларға инвестициялар тартуға ерекше назар аударылып отыр.
Айта кетерлігі, Шымкентте кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп, инвестиция тартуға басымдылық беріліп отыр. Соның нәтижесінде өткен жылы инвестиция көлемі 41 пайызға өсіп, 278, 5 млрд теңгеге жеткен. Ал алдағы бес жылда қалаға барлық бағыттар бойынша 3,7 трлн теңгені құрайтын инвестиция тарту жоспарлануда.
Төрт жылдықта табыс еселенеді
Жыл басында үшінші мегаполистің 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы қабылданған болатын. Жаңа бағдарлама аясында үш негізгі бағыт бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.
Бірінші бағытқа сәйкес, өнеркәсіп саласында 2021-2025 жылдары шетелдік инвесторлардың қатысуымен (Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Испания, Франция) кемінде 15 жоба іске асырылады. Оған 2,5 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге қала аумағындағы 136 гектар жерді қамтитын «Агроиндустриалды аймақ» құрылып, 89 гектар өндірістік жылыжай салынбақ. Жоспарға сәйкес, жылыжаймен қатар, мал бордақылау және құс етін өңдеу бойынша 42 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Екінші бағыт бойынша, 2021 жылы 10 елді мекенді сумен жабдықтау және 2022 жылға дейін 8 елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін тағы 3 магистралдық құбыр салу жоспарлануда. Мұнымен қоса, қаланың автокөлік инфрақұрылымын 2025 жылға дейін дамыту үшін бірқатар іс-шаралар қолға алынбақ. «Әр қазақстандық үйлі болсын» демекші, ауқымды істер тұрғын үй саласында атқарылғалы тұр. Мәселен, 5 жылда 3 млн шаршы метр баспана немесе 47 мың пәтер салу көзделіп отыр. Оның өзі кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Мәселен, биыл – 592,3 мың шаршы метр пайдалануға берілсе, 2022 жылы 602,8 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй салынбақ. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 610,8 мың шаршы метрді құраса, 2024 жылы – 624,1 мың шаршы метр және 2025 жылы 632,3 мың шаршы метрді қамтитын болады. Үшінші бағытқа сәйкес, 2021-2025 жылдары 24 мектеп және 13 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі толық шешіледі. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер орын алмақ. Ол үшін шетелдің заманауи технологиясымен жабдықталған мың орындық көпсалалы аурухана, 10 медициналық мекеменің құрылысы басталады. Сонымен бірге қаладағы жалпы 36 медицина мекемесінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарлануда. Дені саудың жаны сау. Қаладағы спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында да 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 6 стрит-воркаут және 73 спорт алаңы ашылады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің филиалдары барлық шағын аудандарда жұмыс істейді.
ШЫМКЕНТ