Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына»
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы жұмысын төрт бағытта жүргізеді. Біріншісі – Қазақ еліне, тарихы мен мәдениетіне қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптарды жинақтау, көздің қарашығындай сақтау болса, екіншісі – қолдағы құнды жазбаларды зерттеп, жарық көрген кезеңдері бойынша жіктеу. Үшіншісі – әбден ескірген, жазулары өше бастаған кітаптарды реставрациядан өткізіп, қайта қалпына келтіру. Төртінші бағыты – құнды дереккөздерді ел игілігіне жарату мақсатында ғалымдарға, басқа да пайдаланушыларға ұсыну.
Ұлттық орталықпен таныстығымыз көрме залынан басталды. Мұнда Қарахан дәуірінің жазба мұраларынан бастап, Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңіндегі жазба деректер шоғырланыпты. Соның ішінде араб тіліндегі ортағасырлық әйгілі Шейх Сарахсидің «Әл-Мабсут» кітабын атап өтуге болады.
Қараханидтер дәуірінде дүниеге келген кітапты Сарахси түрмеде отырып жазған екен. Негізі кітап 30 томнан тұрады. Соның бірнешеуі осы орталықта бар. Исламдық құқық туралы көптомдық жазба – жас ғалымдарға таптырмас еңбек. Сондай-ақ Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік» дастанын, Махмұд Қашғаридің «Диуани Лұғат ат-түрк» еңбегін, Ахмед Иүгінекидің «Хибат әл-Хакаик» поэтикалық аңызын, Әли Хорезмидің «Қисса Юсуф», Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» поэмасын, Хорезмидің «Махабатнамасын», шағатай тілінде жарық көрген «Әлішер Науаидің өлеңдерін», тағы басқа да құнды жазбаларды көрме залынан көруге болады. Бұған қоса, 1757 жылы Абылай ханның Цин императоры Цяньлунға жазған хаты, Қайып ханның Түрік сұлтаны II Ахмедке жазған хатының үзіндісі де рухани қазына ретінде орталық көрмесінде сақталған.
Ұлттық орталық директоры Мәлік Отарбаевтың айтуынша, көрме залында қойылған кітаптардың 60 пайызы араб, парсы және көне түрік тілдерінде жазылған. Олардың ішінде авторы көрсетілмеген кітаптар да бар. «Бұл жазба мұралардың дені – исламдық құқықтар туралы, діни философия мен шығыс мәдениетіне қатысты кітаптар. Кейбір дін өкілдері жазбасының астына «құдай үшін» деп қана қолтаңба қалдырған. Енді бір авторлар, мысалы, Фирдоуси, Низами сияқты шайырлар аты-жөнін бір шумақ өлеңге жасырған. Ғалым-зерттеушілер оларды зерделеп, жазу стиліне, мазмұнына, шығармашылық қолтаңбасына қарап, кім жазғанын анықтаған», дейді М.Отарбаев.
Көрме залында демография зерттеушілеріне, басқа да сала мамандарына құнды құжат боларлық деректер баршылық. Бұл жинақтар «1886-1915 жылдардағы статистикалық шолулар» бөлімінде топтастырылған. Мұнда осы жылдар аралығындағы Қазақстан облыстарының барлық сала бойынша көрсеткіштері, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігі, айналысқан шаруашылығы, халқының саны, туу және өлім жағдайы жөніндегі мәліметтер нақты сандармен көрсетілген. Мысалы, «Обзор Акмолинской области за 1892 г» атты жинақта орыстардың Петр мен Павел бекінісінің салынуы, отарлау саясатын күшейту мақсатында жергілікті тұрғындардың арасына орыс шаруаларының қоныстануы нақты дәйектермен баяндалады. Шамамен осыдан 130 жылдай бұрын жазылған тарихи құжатқа үңілсек, 1889 жылдың 13 маусымында шыққан заң Самара мен Саратов губернияларынан ағылған орыс шаруалары Ақмола облысының солтүстік өңірлеріне көптеп қоныстанғанын, олардың саны жылдың басында 8352 болса, жылдың аяғында 11 740-қа жеткенін айшықтайды.
Ал 1904 жылы шыққан Торғай облысына қатысты статистикалық жинақта өңірдің 1865 жылы құрылғаны, Торғай, Ырғыз, Қостанай және Ақтөбе деген төрт уезге бөлінгені айтылады. Кезінде ең ірі облыстардың бірі болған Торғайда сол заманда 25 этностың өкілі тұрса да, халқының 90,63%-ы – қырғыз (қазақ) тілінде сөйлеген екен. Тек 6,71%ы – орыс тілінде, ал 0,71%-ы – татарша, 0,35%-ы башқұрт тілінде сөйлепті.
Міне, көрмеде қойылған жинақтарда еліміздің әр өңіріне қатысты осындай қызғылықты мағлұматтарды оқуға болады. Айтпақшы, ұлттық орталықтың электронды оқу залы бар. Осында кез келген адам келіп, өзін қызықтырған кітаптарға тапсырыс беріп, білімін, ой-танымын ұштай алады.
Көрме залында латын графикасында жарық көрген, төте жазумен шыққан әдебиеттер, Ресей империясы тұсындағы заңдар жинағы және қазақ әдебиетінің жазба мұралары да жәдігер ретінде қойылған.
Мұнда шағын кітаптар топтамасы да бар. Алақанға сыйып кететін кішкентай кітаптардың ішінен Жамбыл Жабаев, Ыбырай Жақаев, Ғабит Мүсірепов, Расул Ғамзатов сынды тұлғалардың еңбектерін көруге болады. Бас-аяғы 100-ден астам қойын кітаптың арасынан қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 1983 жылы жарық көрген «Қазақстан мультфильмдері», 1976 жылы шыққан «Қазақстан фотоальбомы» ерекше көзге түседі.
Кітап та «ауырады», оны арнайы мамандар «емдейді»
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Мәлік Отарбаев «Біз кітапқа қызмет етеміз!» дейді. Шынымен солай. Талай сырды сарғайған парақтарына бүгіп, қуғын-сүргін жылдары ұзақ жыл бойы сандықта жатқан, тіпті жерге көмілген құнды кітаптар бұл орталықта сақталып қана қоймай, арнайы реставрациядан да өтеді. Көне кітаптарды «қайта тірілтіп», қалпына келтіру жұмысымен орталықтың Қалпына келтіру және консервация бөлімі айналысады. Бөлім басшысы Сырым Ботабеков бастаған, бас сарапшы Бахша Әшірбекова, реставратор Жансерік Бейсенқұлов және суретші-реставратор Данагүл Төлегенова сынды мамандардың бірі Ресей мен Түркияда кәсіби біліктілігін арттырып келсе, енді бірі Иран, Оңтүстік Корея елдерінде тағылымдамадан өткен.
Жалпы елімізде кітапты қайта қалпына келтірумен кәсіби деңгейде айналысатын екі үлкен орталық бар. Бірі – Алматыда болса, екіншісі – осы елордадағы ұлттық орталық. Біле білген адамға кітапты реставрациядан өткізу оңай іс емес. Бұл – үлкен қажырлықты қажет ететін зергерлік жұмыс. Осы іспен шұғылданатын адамдардың мамандығы да осы саламен үндес болып келеді. Мысалы, бөлім басшысы Сырым Сайлауұлының мамандығы – сәндік өнер суретшісі. Қош, сонымен, ұлттық орталыққа қалпына келтіруге жіберілген кітаптар бірден «карантинге алынып», зарарсыздандырылады екен. «Қай жерде, қалай сақталғаны белгісіз ескі кітаптардың арасында әртүрлі көзге көрінбейтін микробтар болуы мүмкін. Соның ішінде зеңдер адамға тез жұққыш, ол ең алдымен адамның тыныс алу жүйелеріне теріс әсер етеді. Сондықтан кітаптарға алдымен дезинфекция жасап, микробтардан тазартып, «емдеп аламыз», дейді С.Ботабеков. Оның айтуынша, кітап та «ауырады». Оның «ауырғаны» иісінен-ақ білініп тұрады. «Бұрынғы заманда кітаптар былғары, картон секілді табиғи органикалық заттардан жасалған. Түбіне желім ретінде ұн пайдаланылғандықтан оған құрт-құмырсқа әуес келеді. Әрі кітапты сақтаудың да өзіндік технологиясы бар. Егер қалыпты температура мен ылғалдылық сақталмаса, кітап кеуіп-семіп, көгеріп, «ауырып қалады», дейді маман.
Реставрация бөлімі көне кітаптарды арнайы жастықшаға салып, вакуумдық генератормен сорғызып, шаң-тозаң, құрт-құмырсқадан тазалап алады екен. Содан кейін әр бетін бір-бірден ашып, арнайы жұмсақ щеткамен сыпырып шығады. С.Ботабековтің айтуынша, дұрыс сақталмаған кітаптардың ішінде көзге көрінбейтін химиялық-физикалық процестер жүреді. Оның алдын алмаса, кітап тез қартаяды, тіпті қалпына келмейтіндей жағдайға душар болуы мүмкін. Сондықтан мамандар шаң-тозаңнан тазартылған көне кітаптарды айналдыра қарап шығып, егер қышқылдық деңгейі асып кеткенін байқаса, оны қалыпты деңгейге түсіруге тырысады. Ол үшін арнайы аппаратқа көмірқышқыл газы жіберіліп, кальций гидроксиді мен магний гидроксиді қосылған арнайы сүйықтық дайындалады. Бірнеше сағаттан кейін дайын болған сұйықтықты үлкен ыдысқа құйып, оған қышқылдығы көбейген кітаптардың әр парағын салып, жуады. Бұл әдіс «Буфер Барроу» деп аталады. Жуылған парақтар киіздердің арасына салынып, кептіріледі. «Қағазға мәтінді түсіру әдісі көп қой. Жазба туындылар литография, баспа тәсілімен басылуы мүмкін. Тіпті қолмен жазылатындары да бар. Соңғысына жуу әдісі келмейді, сиясы ағып кетеді. Ондай қолжазбаларды арнайы спрей себе отырып, тампондау әдісімен өңдейміз», дейді С.Ботабеков.
Осыдан кейін ең күрделі кезең – кітапты реставрациялау басталады. «Көнерген кітаптарды қалпына келтіру үшін жапон қағазы пайдаланылады. Кітаптың түсі қандай, қағазды да сол түске бояймыз. Егер қолжазба парағының жартысы жоқ болса, сол қағазбен «өсіріп», толық бет етіп шығарамыз, бірақ жазбаны толықтырмаймыз, бұл – ғалымдардың жұмысы» дейді мамандар. Парағы бүтінделіп, түгел болған кітап түптеліп, тігіліп, мұқабасы салынып жөнелтіледі.
Бір кітапты қайта қалпына келтіруге кейде бірнеше айдай уақыт кетеді екен. Соңғы бір-екі жылда 80-ге жуық кітап реставрациядан өткен. Ал кезекте әлі 2 мыңдай кітап тұр. Елімізде реставратор-маман аз. Ұлттық орталықтың осы бөлімінде бар-жоғы төрт адам жұмыс істейді. Олар аз болғанына қарамастан қыруар іс атқарған. Келешекте осы сала мамандарын кәсіби даярлау ісі қолға алынуы керек. Сонымен қатар елімізде шұғыл реставрацияны қажет ететін кітаптардың статистикасын жасау қажет. Ел арасында сирек кітаптар бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. «Мысалы, АҚШ-та 20% көне құжат жойылып кетудің алдында тұрса, Ресейде бұл көрсеткіш 40% деңгейінде. Ал Қазақстанда мұндай статистика жүргізілмейді. Сондықтан бұл істі қолға алып, құнды жәдігерлерімізді сақтап қалудың қамын жасауымыз керек», дейді С.Ботабеков.
Көне және сирек кітаптар – құнды қазына. Мұндай асыл туындылар елдің қолында, сандықтың түбінде емес, осындай ұлттық орталыққа, музейге, арнайы мамандардың қолына табысталуы қажет. Егер қолдарыңызда атадан қалған ескі кітаптар, қолжазбалар болса, «атамның көзі еді» деп үйде сақтап қоймай, елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығына әкеліп бергендеріңіз жөн. Өйткені тарихты түгендеу, оны ұрпаққа аманаттау – әр азаматтың парызы. Сондықтан ел игілігіне, ғылым мен ілімнің дамуына әрқайсысымыз шамамыз келгенше үлес қосқанымыз абзал.
Алда атқарылар шаруа ауқымды
Бабаларымыздан қалған құнды жазба мұраларды көздің қарашығындай сақтау, бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату – Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басты міндеті.
Орталық мамандары Аустриядан, Санкт-Петербургтен, Франциядан еліміздің тарихына қатысты құнды кітаптарды алдыртып отырады. Негізінен қай елде, қандай қолжазбалар бар екенін көбіне ғалым-зерттеушілер айтып келеді екен. Әрі қарай орталық кітаптарды алып келудің қамын жасап, жолдарын іздестіреді. Директор Мәлік Отарбаевтың айтуынша, Ресей сияқты көрші елдерден қолжазбаларды алдырту онша қиындық туғызбайды. Есесіне, Батыс елдерінен кітаптар алдырту қиынға соғады екен. Олар көшірмесінің өзін сатады. Ал бұған арнайы бюджет қарастырылмаған. Сондықтан орталықтың ендігі үміті – жаңадан құрылып жатқан комитетте. «Қазір Мәдениет және спорт министрлігінде архив және құжаттама комитеті құрылып жатыр. Бірақ біз архивке емес, Мәдениет комитетіне қарағанымыз дұрыс болар еді. Өйткені барлық кітапхана осы комитетке қарайды. Ал біздің орталықтың ауқымы кең. Кітапханаға жатпасақ та сирек кездесетін кітаптарды жинақтаймыз, оларды зерттеп, оқырмандарға ұсынамыз. Орталықтың кітаптарын, қолжазбаларын ғалымдар диссертациялық жұмыстарына жиі пайдаланады. Демек, ұлттық орталық отандық ғылым дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр деген сөз. Келешекте қорымызды одан әрі байытып, құнды қолжазбалармен толықтырсақ дейміз. Сирек кездесетін кітаптардың статистикасын жүргізу де – маңызды іс. Реставрациямен айналысатын мамандар қатарын да көбейтуіміз керек. Комитет құрылса, осы мәселелер шешімін табар деген ойдамыз», дейді М.Отарбаев.
Құрылғанына көп бола қоймаса да ұлттың жоғын түгендеп келе жатқан орталыққа мемлекеттің қамқорлығы керек-ақ. Реставрациямен кәсіби түрде айналысатын мамандарды даярлау, оларға арналған қазақша оқулықтарды шығару, бар мамандардың әлеуметтік жағдайын түзеу, жалақысын көтеру секілді мәселелер Үкіметтің назарына алынуы тиіс