Ең қысқа әңгіме • 23 Сәуір, 2021

Алаш топырағындағы алтын тарих

690 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жоқ, тарих қателескен жоқ. Қателескен – уақыт өтіне жұтылған адамдар. Адамдар алданды. Алдаған баянсыз болжамдар. Болжамдар мәнге ие болды. Ал біз сол кертартпа мәннің кесірінен жылдар ағысынан кейін қалып қойдық. Өкініштісі, бақандай бір ғасырға. Отыз жылда сол ғасырға ұласқан адамзат қателігін түзей алдық па? Оны Ұлы даланың топырағын жастанған «Алтын адам» айтсын? Біз бұл құнды құпияның жұмбағын шешуге тырысайық. Тағы да айтам, тарих шалыс басқан жоқ, шатасқан – шимай түсініктер...

Алаш топырағындағы алтын тарих

Бір туындыдан-ақ бір ха­лықтың бүкіл ғұмырбаянын тануға болады. Әрине, әркім өз биігінде. Біз де алғаш алтын­ға оранған адамды көріп таң­дай қаққанбыз. Әлем оның қазақтың құнарлы топырағына біткеніне қайран қалған. Бізді мәдениеттен алыс санағандар сан соққан сол сәтте. Сөйтіп, тарихтың жаңа парағы ашылды. Бірақ оған әлі не жазарымызды білмейміз. Бұл да бір қасірет.

Көңілдегі ойды көріктей көтерген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ағым­салы Дүзелхановтың «Алтын адам» картинасы. Егер тірідей көргіңіз келсе, Ұлттық музейде орналасқан. Қылқалам шебері аталған шығарманы 1969-1970 жылдары Есік қорғанынан табылған археологиялық жә­дігердің әсерімен жазған. Әсем әсер бояуға ұласты. Содан соң кенеп бетіне тарих бітті.

Автордың қиялынан туған көркем бейне жігеріңді шың­дайды. Әртүрлі бейнедегі алтын жапсырмалармен безен­дірілген алқызыл киім мен ба­сына конус пішінді дулыға ки­ген сақ жауынгері еліміздің мем­лекеттік символына айнал­ды. Ол енді бөгенайы бөлек әң­гіме. Бізді тамсантқан – сурет­шінің сырбаз туындысы.

Картинаның ортасына атта отырған жауынгер бейнеленген. Алтын адамның басына конус пішінді ұзын бас ки­ім кигізілген. Жауынгердің бе­ліне қызыл былғарымен қап­талған қынапты қылыш бай­ланса, қолына алтын жапсырмалы қынға салынған қан­­жар ұстатқан. Ең қызығы оның киімі аң стиліндегі жапсыр­ма­лармен безендірілген. Ат әб­­зелдерінің пішіндері де әр­түр­лі темір жапсырмалармен әдіп­телген.

Суреттің екінші планынан Алтын адамның өте көп әскерін көреміз. Олардың арасында көпті көрген ақсақалдар да, күші тасыған жас жауынгерлер де бар. Жауынгердің жүзінен батылдық пен қайсарлық бай­қалады. Оған қарап тұрып алдағы сәтте Алтын адам баста­ған мыңдаған жауынгердің жорыққа шығатынына сенесіз.

Суретші картинаның құры­лысына алаңның төменгі жа­ғын пайдаланған. Соның нә­ти­жесінде Алтын адамның тұлғасы алып көрініп, ком­­позицияның ортасына айналады. Сонысымен жауынгер бейнесінің маңыздылығы артып, оқырманға айбындылық бе­реді. Біздің ой осындай.