Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Сенат Төрағасы парламентаралық диалог Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.
«Екіжақты қарым-қатынастарда өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының маңызы зор. Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі. Біздің мемлекеттеріміздің басшылары шекара маңындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударып отыр. Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумдары өткізіліп келеді. Біздің сенаторларымыздың басым бөлігі белгілі бір аймақтардан сайланған. Сондықтан сенаторлар екі ел Президенттерінің бастамаларын қолдайды әрі жүзеге асыруға белсене қатысып келеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасының айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынас ғылыми-білім беру, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда табысты дамып келеді.