Түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, оларды әлеуметтік маңызы бар жобаларға тарту мақсатында ұйымдастырылған шара Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өткен түлектер форумына үн қосу. Аталған жиында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев әуелі игі шараның мәні мен маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, ол инвестиция құюға әрі әлеуметтік жобаларды іске асыруға ниетті Тараз қаласынан түлеп ұшқан азаматтарға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Жетістікке жеткен әрбір түлек алтын ұя мектебімен тығыз байланыс орнатып, кейінгі жастармен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғау керектігін айтты.
Тараз қаласында меценаттардың бастамасымен игі істер атқарылып келеді. Биыл да жомарт түлектердің бастамасымен «Оқушылар сарайы», «Анаға тағзым», «Үстел теннисі орталығы», «Өнер үйі» сияқты ауқымды жұмыстар басталып кетті. Жобаның жалпы құны 5,4 миллиард теңгені құрайды.
Сондай-ақ, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 үй салынады. Осылайша, туған топырақтан қуат алып өскен әрбір әулиеаталық түлек егемен еліміздің дамуына өз үлесін қосуда.
Жиында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев пен еңбек ардагері Қайрат Шотбақов және өзге де танымал түлектер сөз алып, қанатқақты жобаның жастарға үлгі боларлық мән-мағынасы туралы айтты. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Алматы қаласындағы президенттік іс-басқару орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Саршаев шараға онлайн режимде қатысып, құттықтау сөздерін жеткізді. Ал жеке кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев, бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Вел Баркер Кубогының иегері (Афина-2004) Бақтияр Артаев, ақын Ғайни Әлімбекқызы, әнші Әлішер Каримов, Францияның Вильжуйф қаласы Густава Руси институтының докторанты Карина Матаева, блогер Елдос Қадырханов, әзілкеш Арман Жаналиевтер түлектерді өзі білім алған мектебіне демеушілік етіп, өңірдің дамуына мейлінше қолдау көрсетуге шақырды.
Сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал тараздықтар мұндай кездесуге шақырту алғандарына қуанып, түлектердің басын қосқаны үшін алғыс білдірді. Кездесу барысында идеялары мен ұсыныстарын айтты.
Тәрбиелік маңызы бар жиынға 500-ден аса оқушы онлайн режимде қосылды. Кездесу соңында белсенді түлектер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Енді мұндай бас қосу кемінде жылына бір рет өтетін болады.
Айта кетерлік жайт, Тәуелсіздік жылдары Тараз қаласында 70 мыңнан астам түлек мектеп бітірген. Бүгінде түлектердің басын қосу мақсатында jambyl-tylek.kz сайты іске қосылып, оған 14 мыңнан астам тараздық түлек тіркелген.