Әлбетте мұндай тылсым тілдесу жаны нәзік, өнерге жақын адамдардың өмірінде көбірек кездеседі. Осынау жазбамызда бар саналы ғұмырын қазақтың киелі әні мен күйіне сарп еткен қобызшы, саф өнердің саңлағы Оразғали Сейтқазы рухының өлмейтіндігін, ошағындағы оттың өшпейтіндігін көрсеткіміз келеді.
Әрине, сазгер рухымен кез келген адам тілдесе бермейтіні белгілі. Біздің көз алдымызға әуелі қобызшының жан жары Сәуленің өнер тарланы отыратын жұмыс бөлмесіндегі арналы аспаптарға ішкі сырын ақтара егіліп тұрғаны келді. Талант тағдырымен тылсым тілдесу деп отырғанымыз да дәл осы сәт. Сәуленің көзіне қара қобыздың ыстық қарылғаны жанды егілткендей. Оразғалиының жұмыс кабинеті ғой. Жүрегі зу-зу етіп, қолқасына әлдене тірелгендей тынысы тарылды. Жағалай жанар салған... Бәрі-бәрі жансызданғандай жабырқау реңкпен солғынданған. Жақұт жәдігерлерге айналған. Күні кешегідей еді-ау, қобыздан бастап, домбыра, гитара, аккордеон, пианино осы бөлмеде жарыса, бәсекелесе сайрайтыны. Енді түгелімен мылқау күйде. Иесінің өмірден өткеніне жыл толып қалған қайғылы мезетте меңіреуленіп, момақан күй кешкен саз аспаптары бұған мұңдана қарайтындай... «Не істеймін мен, шарасыз бейбақ емеспін бе? Оразғалиым барда сыңғырларыңнан сыр тұтатып, әуендеріңе әлдиленетін едім ғой. Қайда қазір сол бақытым, шадыман шақтарым?» Сәуленің бетін сағыныш жасы жуа бастады...
Қобыздың сауырынан сипалады. «Неге үнсізсің, сиқырлым? Неге? Неге суынғансың? Иеңді сағындың ба? Менен артық сағындың ба? Жо-жоқ, менен асып кім сағынар ол арысымды! Айтшы бірдеңе, жағыңды ащы... Сағынсаң Оразғалиыңды, күңіреніп сарнамайсың ба? Бала күнінен бауыр басқан боздағың еді ғой. Неге жоқтап бебеулемейсің? Үрейленіп уілдемейсің? Бір-біріңнен ажырамасқа берген уәделеріңнен тайқыдың ба, қыл қобызым! Әлде, ұмыта бастадың ба менің Оразғалиымды?» Сәуле өз сөзінен өзі секемденіп, айылын жия қойды. Бұл күйгелектік ұйқысыздық сарсаңынан ғана үстемеленбейтін. Негізгі сыры – жарты ғасырдай бақытқа балбырап, түтін түтеткен, немерелерінің шаттығына бөленген, сол бір қайта оралмас шақтардың зор аңсарына шыланған арман зарынан таралып жатқан мұң-қайғының зардабы еді... Қаралы жыл бойына әсіресе, түнемелік жанын түңілдіретін түпсіз тұңғиық тағдыр тауқыметінен сорлы басын арашалай алмайтындай қауқарсыз халде еді... Шыбын жанын қоярға жер таппағанда осылайша өз ырқынан тыс саз аспаптары жиналған бөлмеден табылатын. Осы еркінен тыс қадамын бірде сезіп, бірде аңдамайтын. Құр сүлдерін сүйретіп кіріп, таң елең-алаңына дейін маужырап, қалғып-шұлғып, әрұдай ойлармен оңаша беттесіп, Оразғалиымен жүздескендей боп, оның жүрегін жарып шыққан талай тамаша саз туындыларының ғажап әлдиімен жаңа күннің сәулесін үмітпен қарсылайтын әдет тапқан...
Осы бөлмеде талай ыстық қауышулар өткен. Бұлбұл әнші Бибігүл апасы бұлардың өзі аттас немересіне батасын берген. Ата өнерін тағдырының темірқазығындай етіп байлаған Салтанат, Дана мен Айлин сынды өзге де немерелерінің ұлы құбылысты әншінің ақылын тыңдап, өнердің аламан бейгесіне одан әрмен жер тарпына құлшынған сәттері бұл бөлменің тарихына өшпестей боп қатталған еді-ау.
– Тегіңнен, сірә, бағыңа өнер байланған тектілігің байқалады, Оразғали, – деп сол жолы Бибігүл апасы оның ізашар өнеге бастауын дәл түйсінгендей болғанда, Оразғали: « Иә, иә, сезіп отырсыз апай, атам Төлеубай, әкем Жүнісбек, шешем Зәмзәм әу деп ән салғанда киіз үй түндігі жайлап ысырылады екен, әкемнің «Гәккуын» естуге алыстан ат арытып келушілер де болыпты», деп, түрткілегенде сыр ашпайтын салмақты күйінен тез оңып сала бергеніне де куә еді Сәуле. «Бибігүл» атты қазақ халық аспаптары оркестрін құрып, дирижерлік жасап, жетекшілік еткеніне де біртуар тұлға аса разы болған еді. Бөлек жаратылысты қобызшылар Жаппас Қаламбаевтың өнегесімен өрістенген, ұстаздары Дәулет Мықтыбаев пен Фатима Балғаеваның шеберлік илеуінен өткен ол республикада тұңғыш рет Семейде қобызшылар класын ашып, бүгінгі танымал буынның құнарлы топырақта тамыр жайып, бәйтерекке айналуына кәсібилікпен септескен-тін.
Жым-жырт бөлмеде мына асаптардың мүлгігені Сәуленің жанын сырқыратады. Пианино қасына келіп оның жақтауына сәл сүйеніп тұрғанын да жаңа аңғарды. Клавиштеріне қол тигізіп алудан шошынғандай тіксініп қалды. Оразғали өзін ұмытып, шабыттана ойнағанда бұл күйсандықтың қақпағы шыдас бермейтіндей секем алдырып, алапат сезім құйынын туғызар еді.
Оразғалидың осы жұмыс кабинетіндегі мына аспаптар оның сара да дара жолының куәгерлеріндей түртіп қалсаң, сайрағалы, сарнағалы тұр. Кезінде өзіне саз өнерінің тұмылдырығын ашысқан майталмандар Латиф Хамиди, Болат Сарыбаев, Нұрғиса Тілендиев т.б. өнер қайраткерлерінің біразының қолы тиген мына аспаптар киелі деген ұғымға әбден сай болса керек. Мына домбырамен Әміре Қашаубаевтан кейін ол екінші рет 1975 жылы Франция сахналарында ән шырқаған. «Менің сарыным да француздарды егілткен» дегендей, әне, қара қобыз да паң қалпынан айнымай қалған. Егер осы аспаптарға тіл бітер болса ғайыптан, Оразғали-иесінің Абайдың 150 жылдық тойында 500 адамнан тұратын хордың құдіретті әлеуетіне дирижерлік жасап, Президентімізді, мыңдаған халықты таңғалдырғанын жарыса баяндар ма еді?.. Күні кешегі Абай бабаның 175 жылдығындағы іс-шараларда да сондай өрелі үрдістің бел ортасынан табылып еді ғой, жарықтық!
Сұлу жүзді Сәуленің ұйқысы қашқалы қашан?! Санасы бейне бір түнгі найзағай жарқылына шағылысқандай боп, жаны осқыланып өтеді. Көңілінде түрлі ойлар арпалысады. Кешегісі мен бүгіні сағымдай боп, келешегі құмарттырып шарпысады. Қайран да қайран жалғыз жүрегі қайраттанып, тағдырымен тарпысады. Егеседі өмірмен, қыса ұстап тұрып, қабырғасын сөгілген. Қайғы табасына бұлай шыжғырылып па еді! Қайғының не екенін біліп пе еді. Қасында қыңсылын сездірмей жүрген қара қаншық екен ғой... Оразғалиды балағынан қауып, сүйреп әкетті... «Енді маған өмір сүрудің қажеті бар ма, осы?! Айтшы, Аллам, жалынам!» Осы сәт күллі аспап құмбыл күмбір етіп, төгіле күңіренгендей болды... Күллісінің дирижері баяғыдай, өз Оразғалиы екен. Конферансье оның атақ-мадағын тізбелей жөнелсін: Қобызшы-ұстаз, дирижер, композитор, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, профессор... Сәуле ойы мына жылы сөздерден жібіп, оңала бастағандай. Е-е, бұл Алматыда өткен үлкен бір жиынның соңын ала жан-жақтан жеткен таланттардың өнер сайысына ұласқан ұмытылмас бір сәті екенін, соған Оразғалимен бірге ере барып, куә болғаны Сәулеге енді айқындала бастады. Сахнада Оразғали қобызбен Ықыластың «Ерден» күйін сарнатты. Бір кезде төрге озған кең иықты келбетті кісі Оразғалидың маңдайынан иіскеп: «Сенің әншілігіңді де білемін, мына менде сақталған Біржан салдың домбырасын елден әдейі ала келіп едім, сонымен шырқап жіберші, айналайын» деп, домбырасын ұсынды. «Адасқақ» әні Біржан салдың өз үнімен үдей түскендей боп, залдан асып кетті дейсің... Бұл қара домбыраны әспеттеп ұстап, бүгінге жеткізген иесі шымкенттік ақын Айтқожа Мамытбаев болатын. Ол тап бір Біржан салдың өзі тіріліп келіп домбырасын қағып-қағып жіберіп, асқақ та адуынды дауысын аспандатқандай әсерге бөленгені соншалық, жүзі бозарып байыз таппады. Сәуле сонда өнер құдіретінің уақыт тезінен солмай, сан қырлы сұлулана, соны сипатымен сонарлана түсетінін түсінген.
Жабыраңқы көңілі осындай естелік сарынынан сәл жадыраңқыланған Сәуле бөлмеге басқаша назар салғандай еді. Ойпырым-ай, мына кітаптарды қарасаңшы. Сөреге текшеленіп, тәкаппарланып қалыпты. Соншалықты көп те емес. Тек Оразғалиының төл туындылары. Әрқайсысына саусақ ұшын тигізіп: «Сендер ғой автордың көз майын тауысып, енді келешектің шырағданы боп қалғандар!» деді де діріл араласқан дауысын тыя қойды. Аттарынан-ақ барлық болмыс-мазмұны аңғарылатындай: «Қазақстаным менің», «Кел, билейік, Сәулешім! » ән жинақтары; «Киелі қобыз құдіреті» атты монографиялық ғылыми еңбек; «Балабақша әндері», «Мектеп әндері», «Теміржан Базарбаевтың композиторлық мектебі» және «Мектеп оркестрі» атты оқу-әдістемелік кітаптар. Әрқайсысының өзіндік салмақты жүгі бар. Сәуленің қолы сөредегі «Киелі қобыз құдіреті» кітабына еріксіз созыла берді. Табақтай көлеммен түр-сипаты да тартымды құйылып түскен. Оның қай бетінде не жазылғанын жадына тоқып алған. Оразғали жылдар бойы маңдай терін сылған бұл кітабында тарихи археологиялық және этнографиялық деректерге сүйене отырып, киелі аспап қобыздың Қорқыт заманынан бүгінге дейінгі даму жолын ғылыми тұрғыда зерделеп жүйелеген еді. Қазір оны арнайы музыкалық білім беретін оқу орындарының оқушылары мен студенттері кеңінен пайдаланады. Бұл мұра – кітап сонысымен құнды. «Сені ұмыттырмайтын да осы кітабың болар, бәлкім», деген Сәуле мұқабасын сипалап, сағынышын тағы тұтатты-ау!
Кітап сөресінің жазу үстелімен қиылысында қаншама шығармашылық еңбектері жаймалап қойылғанын, оның әрқайсысын көзін байлап қойса да жатқа айтып, тауып беретінін Сәуле зердесі жүйелеп өткендей. Бәрі-бәрі ыстық, кейбірі өзінің жанашырлығымен дүниеге келген. Оразғали уақытты бағалай білуші еді. М.Төлебаев атындағы музыка колледжінде басшылық қызметте, Семейдің мемлекеттік педагогикалық институтында профессор бола жүріп, Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры қызметтерін атқарған қарбалас кезеңдердің өзінде тыным таппай ізденісін үстемелейтін. Ол жанкешті еңбегінің нәтижесінде қазақ халық аспаптары оркестіріне, хорға және жекелеген аспаптарға арналған шығармалардың, оншақты күйдің, жүзге тарта әннің авторы атанды. 300-ге жуық шығарманы қазақ халық аспаптары оркестріне өңдеп түсірген.
Иә, Оразғалидың әрбір сазды туындыларының бастапқы тыңдаушысы өзі болатын еді-ау. «Сен де тегін емессің, Сәулешім, анаң Тәслимә Абайдың ұстазы Ғабитхан молданың шөбересі боп келеді. Әкең Ахмет танымал ақын, әнші. Мақтанбай қалай жүресің, осы?!» деп сәнді күлкісімен мұның жанын үлбірететін. Өзі сегіз баланың тұңғышы ретінде бауырларын мейіріммен әспеттеп жүруші еді. Жылына бір жиылып қауышып, мәре-сәре күй кешетін ыстық сәттерді мына аты өшкір індет сап тыйғызды. Өзі де сол құбыжықтың құрбаны боларын сезбеп еді...
Түнгі ойлар қорғасын құйғандай зілдей еді. Терезе жақ бозамықтана бастағандай. Қараңғылықтан запы болған Сәуленің еңсесі тіктелер ме еді... Күнге қол созған гүлдей құлпыратын кезі туар ма еді... Көңілін түрлі алаң жайлаған. Солар қашан серпілер? Мүмкін, сәлден соң таң шапағымен арайлана түсетін қасиетті Семейдің бір орамында «Оразғали Сейтқазы атындағы көше» деген сілтеме ілулі тұратын болар?! Осындай есте тұтар игілікті іс-шаралар Оразғалидың кіндік қаны тамған Қарағанды өңірінде де келісім тауып жатса, қане. Сәулесін себелеп, шуағын шашар күннің алтын зерімен, мүмкін-ау, сірә, осы қазір тұрған үйінің қабырғасында ғайыптан Оразғалиының есімі бедерленген бір тақта-белгі барельефімен жарқ ете қалатын сүйінішті сәт те жетіп қалар... Бұл өмірде ықылас-ынта, ерін әспеттейтін елі аман болса, бәрі мүмкін-ау!
...Таң атты. Түн түндігі үмітпен түрілді... «Оразғалиымының шабытын еселеген алтын таң, қайырлы бола бергей!» Сәуле енді жыламайды, егілмейді, еңсесін түсірмейді... Түндерге деген шағымын тежейді, мүлде тыяды. Рухы күшті әйел екендігіне алдымен өзі сенеді, сосын былайғыларды тамсандырады... Өйткені мына қарашы, осы таң сағынышты саз әуенімен әлдиленіп әсем атты емес пе! Таң кірпігінен тамып түсіп, жаппай жайылатын сұлу саз бар жерде кім бар еді... Әрине, Оразғалиы!..
Қайсар ӘЛІМ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты