Руханият • 26 Сәуір, 2021

Елбасы негізін қалаған бірегей құрылым

357 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанның көп этностық, көп мәдениеттілік және көп конфессиялық бірегей ерекшелігі бар. Жүзден ас­там этнос қазіргі қазақ қоғамының, Қазақстанның келбетін сипаттай­ды. Этностардың тарихи тағдыры әрқи­лы қалыптасқанымен, олардың барлы­ғын Ұлы даланың байырғы тұрғын­дары жылы шыраймен қабылдап, қамқорлық көрсетті. Оларды қазақ жері біріктірді.

Елбасы негізін қалаған бірегей құрылым

Осындай этностардың бірі – Қазақ­стан­дағы корейлер. Олардың жалпы саны елімізде жүз мыңнан сәл асқанымен, корей­лерді қазақстандық қоғам өмірінің барлық саласында кездестіруге болады. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге этнос өкілдері секілді, корейлер де әрбір отбасылық ортада, әрбір еңбек ұжымында бар. Қонақжай елдің этностары саяси тұрақты, экономикасы ауқатты, ең бастысы эмоционалды заңдылық деңгейі жоғары қоғамда біртұтас отбасы ретінде өмір сүріп келеді.

Қазақ жері құбылысының ерекшелігі деп мемлекетіміздің қарқынды дамыған эко­но­микасын, этносаралық қарым-қаты­нас­тың тұрақтылығын айтуға болады. Эко­номикалық өркендеу кезеңінде Қазақ­стан шетелдік инвестициялар үшін ең тартымды нысандардың бірі ретінде саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа ие болды. 2000-жылдары бұл құбылыс еңсе тіктеп келе жатқан Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты даму үдерісін жедел­детуге мүмкіндік берді. Өнеркәсіп, биз­нес, білім және мәдениет өкілдері үшін шекараларды айқара аша отырып, Қазақ­стан Орталық Азия аймағында ғана емес, бүкіл әлемдік кеңістікте маңызды ха­лық­ар­алық бастамалардың орталығына айналды.

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қазақ­станмен әлеуметтік-экономи­калық, ғылыми, білім беру және мәдени ынтымақ­тастық орната отырып, Оңтүстік Корея қазақстандықтар үшін танымал және тартымды брендке айналды. Кореялық көпшілік мәдениет күнделікті өмірге еніп, олардың халықтық тұтыну тауарлары әр адамның өмірінде үйреншікті қолданатын бұйымдарға айналуда. Қазақстан эко­номикасында корей капиталының болуы жастарды көптеген жұмыс орындарымен қамтамасыз етті. Корей тілін жетік бі­летін мамандар даярланып жатыр. Оң­түстік Кореяның азаматтары Қазақстандағы ірі қалалардың тыныс-тіршілігіне белсенді араласып келеді. Оңтүстік Корея мемлекеті Қазақстан визасыз режім енгізетін елдердің біріне айналмақшы. Мұндай қадамдар Корея мен қазақстандық корейлердің имиджін көтеруде, қазақстандықтардың Корея мәдениетіне жақындай түсуінде белгілі бір рөл атқарды.

Қазақстандық тұрақтылық пен өркен­деудің тағы бір маңызды құбылысы – Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың посткеңестік аумақ­та бұрын-соңды болмаған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы сияқты орган құруы болып табылады. Қазақстан хал­қы Ас­самблеясы шоғырландырушы орган ретінде барлық қоғамдық этностық ұйым­­дарды қанатының астына алып, олар­дың дамуына қолайлы жағдай жасады. Жоғары мәртебеге ие бола отырып, этнос­тық топтардың қауымдастығы ел аума­ғын­дағы қоғамдық-саяси алаңның толыққанды мүшесіне айналды.

Еліміз тәуелсіздік алғанына үш он жыл­­дыққа аттады. Бүгінде көп этносты Қазақ­­станда 19 миллионнан астам адам тұра­­ды. Академиялық әдебиетте көп эт­нос­­ты халықтың өркендеуінің бір белгі­сі «этнос­­аралық қатынастардың тұрақты­лығы» деп танылған. Ал азаматтардың әл-ау­қа­тына қатысты көрсеткіштердің бірі – тұ­­рақ­тылық пен отбасылық өмірдегі өркендеу.

Тәуелсіз Қазақстан құрылысының бас­­тапқы кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­­баев­тың ерік-жігері мен этносара­лық қа­тынастарға қатысты сарабдал саясаты көп этносты қоғамның өзге өкілдері сияқ­ты, қазақстандық корейлердің де өз мәде­­ниетін, әдет-ғұрпын, дәстүрлері мен тілін сақтауға және дамытуға мүмкіндік берді.

Қазақстандағы корей этносының өкіл­дері ретінде біз кеңестік қоғамның құн­ды­лықтарын, Ресей мен Қазақстанның тари­хын, әдебиетін, мәдениеті мен тілін танып, біліп өстік. Бәріміз бірдей болдық және ешқашан бір-бірімізді ұлтымыз бо­йынша ажыратып жатпадық. Тек азиялық бет-бейнеміз, ерекше кореялық тегіміз бен үйдегі тұрмыстық заттарымыз ғана біздің өзгешелігімізді еске салып тұрды. Біз кеңестік типтегі пәтерді зауыт­та жасалған жиһазбен жабдықтап, дас­тар­қанымызды орыс, қазақ, өзбек және басқа да ұлттардың тағамдарымен жай­натып тұратын болдық. Қазақстанға сонау 1937 жылы жер аударылған корей­лер­­­дің үшінші ұрпағы ретінде біз бір от­­басы­ның мүшесі бола тұрып, кім екені­­мізді ұмыт­па­ғанымыз, оны бала­лары­­мызға айта ал­ғанымыз, тілімізді үйре­те алғаны­мыз үшін қазақ халқына қарыз­дар екеніміз­ді се­з­і­неміз. Азаматтық бірегей­лік құқы­ғын құр­­меттей отырып, біз этнос­тық бірегей­лік құқығына ие болға­нымыз үшін ризамыз.

Корейлер еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына нақты үлес қосып келеді. Қазақстандық қоғам әлеумет­тік-экономикалық дамудың, саяси тұ­рақ­тылықтың жоғары деңгейін сақтай отырып, этностық, діни, тілдік ерекшелік­тері­не қарамастан қоғамның әрбір мүше­сінің бірегейлігін тануды сақтайды. Қазақ­стандағы корейлердің жас буыны өздері­нің, ата-бабаларының Отаны, соны­мен қатар олардың ұрпақтары мекен ететін жер – Қазақстан екенін мойын­дап отыр. Олар жеке тұлға ретінде өзін-өзі қам­тамасыз етуге, сапалы білім алуға, қазіргі еңбек нарығындағы қатал бәсекеге төтеп беруге, өз ісінің нағыз маманы болуға талпынады. Сонымен қатар қазақстандық қоғамға, мемлекетке пайдалы болудың маңыздылығын түсінеді.

Бүгінде Қазақстан корейлері үшін алдыңғы буынның мұрасын игеруге барлық мүмкіндік бар. Корей этносының тарихы бүгінде бүкіл әлемге белгілі. Аға буынның арқасында әдет-ғұрыптар отбасылық деңгейде сақталып келеді. Сондықтан осы сабақтастықты сақтап қалу да маңызды. Осы мақсатта корейлер республикалық корей мемлекеттік музыкалық комедия театрының, «Коре Ильбо» республикалық корей газетінің дәстүрлерін сақтап отыр. Өкінішке қарай, жыл санап корейдің аспаздық өнерін дамытатын аға буын аналар кетіп жатыр. Төрт корей дастарқанының дәстүрлері Оңтүстік Корея стилінде жаңғыртылды. Мұның бәрін корейлер баспасөз бетінде емес, іс жүзінде сақтап қалуға тырысады.

Оңтүстік Кореямен дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап Қазақстанда «этностық жаңғыру» деп аталатын кезең басталды. Корей тілі ата-баба тілі ретінде жас корейлер үшін маңызды болып қала береді. Алайда тілдің кәсіби тұрғыда қажеттілігі болмаса, оны сақтау мәселесі жақын арада тек сим­волдық мәнге ие болып қалатынын мойындау керек. Тұтастай алғанда, мем­лекеттің саясатын іске асыра отырып, сондай-ақ демографиялық ахуалдың, сая­си болмыстың өзгеруіне байланысты Қазақстанның корейлері алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тілді ұйымдасқан түрде үйренуді бастады. Бүгінде тілді дамытуды қолдаудың мемлекеттік бағдар­ламаларынан басқа Қазақстанның барлық өңірлерінде қазақ тілін үйрену бойынша жоба­лар бар. Оларды Қазақстан корейлері қауым­дастығы іске қосты. Осылайша, корей­лердің қазақ тілін толық меңгеруіне бар­лық жағдай жасалған. Олар осындай оң шешім қабылдап, тілдің ма­ңыз­дылы­ғын ба­лаларға мәжбүрлі қадам ре­тін­де емес, же­ке табысқа жету үшін өмір­лік қа­жет­ті­лік ретінде ұсынып отыр. Корей­лер эт­н­ос­­тың ерекшеліктері «тілдік бірігу» кезін­де одан да айқын көрінетініне сенімді.

Ең бастысы, «қазақстандық контекст» жағдайында мемлекет этносаралық татулық пен түсіністіктің орныға түсуіне, оның Қазақстанның табысты келешегінің кепілі ретінде қарастырылуына жол ашып отыр. Бұл орайда Ұлы дала халқының толеранттылық бағытындағы оң көзқарасы мен күш-жігері жеке тұлғаны бейімдеу құқығымен қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз.

 

Наталья ЕМ,

тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, Қазақстан корейлері қауымдастығы президиумының мүшесі, Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама тобының мүшесі