Аймақтар • 26 Сәуір, 2021

Cолтүстік Қазақстанда 6 интернет-алаяқтық тіркелді

147 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Cолтүстік Қазақстан облысында бір күннің ішінде 6 интернет-қылмыс тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz

Cолтүстік Қазақстанда 6 интернет-алаяқтық тіркелді

«Банктің қауіпсіздік қызметіненбіз» деп қоңырау шалған қаскөйлер адамдарға банк шоттарында күмәнді әрекеттер жасалды деп қорқытып, ақшаны сақтап қалу үшін басқа шотты ашу қажеттігі туралы айтқан. Жәбірленушілер өз ақшаларын алаяқтардың нұсқауымен алынған несиені аталған шотқа аударған, келіп түскен sms-хабарламалардан құпиясөздер мен кодтарды айтып, барлық қаржысынан айрылып қалған.

Тағы бір факті тауар мен қызметтерге алдын ала төлем жасауға байланысты болған. Ал 38 жастағы петропавлдықтың басынан өткен жағдай, тіпті, ерекше. «Telegram» мессенджеріндегі арналарды қарап отырып, ол «ақшаны көбейтіп беремін» деген «қызметке» тап болады.

Ер адам қаскөйлермен хат алмасып, оларға 9 мың ресейлік рубль жібереді, бірнеше күннен кейін оның қаржысы 15 мың рубльге жеткені туралы хабарлама келіп түскен. Алайда, хат алмасу кезінде қаскүнем ақшаны алу үшін тағы ақша жіберуді сұрайды. Оңай олжаға қызыққан қалалық қылмыскерге 17 мың рубль жібереді. Бұдан кейін қаскөй байланысқа шықпай қойған.

Алаяқтың құрбанына айналғанын түсінген ер адам полицияға жүгінген. Келтірілген шығын сомасы 157 мың теңгені құрады. Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.