25 сәуірде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен телефон арқылы сөйлесті, деп бастады кешегі брифингі СІМ-нің ресми өкілі Асқар Абдрахманов. Әңгімелесушілер екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде аймақтық қауіпсіздік және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының шеңберінде өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Қанат Саудабаев пен Хиллари Клинтон Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обаманың жақында Вашингтонда өткен екіжақты кездесуінің нәтижесі екі елдің стратегиялық әріптестігіне жаңа серпіліс бергенін және қол жеткізген келісімдердің уақтылы және толығымен жүзеге асуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, тараптар әлемді ядролық қауіптен сақтауға маңызды үлес қосқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық саммиттің халықаралық қоғамдастықтың үлкен жетістігіне айналғанын ерекше атады.
Хиллари Клинтон Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға мемлекеттің басшысы ретінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға қосқан зор үлесі үшін АҚШ атынан алғысын білдіріп, аталмыш Ұйым шеңберінде Астана мен Вашингтон алдағы уақытта да қырғыз елін саяси дағдарыстан шығаруда, қоғамда тұрақтылық орнату мен конституциялық дамуын қамтамасыз етуде тығыз байланыста болуға қызығушылығын танытты.
Сондай-ақ, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Алматыда үстіміздегі жылдың 16 және 17 шілдесі аралығында өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесі туралы және жоспарланып отырған Ұйым Саммитінің күн тәртібінің мазмұнын анықтау жөнінде пікір алмасты.
27 және 28 сәуірде, деп жалғады сөзін ресми өкіл, НАТО Бас хатшысының Орталық Азия мен Кавказ бойынша Арнайы өкілі Роберт Симмонстың Қазақстанға жұмыс сапары болады. Сапар бағдарламасына сәйкес Роберт Симмонс бірқатар мемлекеттік органдардың басшылығымен кездесулер өткізіп, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери институттың “Бейбітшілік үшін серіктестік” оқу орталығы жұмысымен танысады және Еуразиялық медиа форумға қатысады.
29 сәуір мен 1 мамыр аралығында, деді қорытындысында ресми өкіл, Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Шанхай қаласында өтетін “ЭКСПО-2010” дүниежүзілік көрменің ресми ашылу рәсіміне қатысуымен ұштастырылған Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары болады. Үкімет басшысы сапар барысында Қытай Халық Республикасының саяси басшылығымен және Қазақстанда жұмыс істейтін ірі қытай компанияларының жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізбек. Келіссөздер барысында екі мемлекет арасындағы екіжақты ықпалдастықтың көкейкесті мәселелері және болашақ ынтымақтастық мәселелері талқыланады.
“Егемен-ақпарат”.