2020 жылдың есептік кезеңінде өз қызметі туралы мәліметтерді базаға Қазақстан Республикасы бойынша 5 856 үкіметтік емес ұйым ұсынды.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, үкіметтік емес ұйымдар қызметінің негізгі бағыттары: халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау – 874, дене шынықтыру және спорт – 726, азаматтардың, ұйымдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау – 611, жастар саясатын қолдау және балаларды қорғау – 444, білім және ғылым – 407, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту – 294, салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулықты сақтау – 274, мәдениетті және өнерді дамыту – 246 және ҮЕҰ-дың өзге қызмет бағыттары бойынша 1 980 ұйым бар.
Солтүстік Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарының ішкі саясат және қоғамдық даму басқармалары тиісті өңірдің үкіметтік емес ұйымдары арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, базаға мәліметтерді уақытылы ұсынуды қамтамасыз ету бойынша барлық өңірлер арасында ең жоғары нәтижелерді көрсетті.
ҮЕҰ дерекқорына мәлімет ұсыну мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар шеңберінде әлеуметтік бағдарламаларды және (немесе) әлеуметтік жобаларды іске асыруға, сондай-ақ ҮЕҰ үшін сыйлық алуға арналған конкурсқа қатысу үшін міндетті шарт болып табылады. ҮЕҰ дерекқорында болу ұйымдарға ҮЕҰ-дың табысты жобаларымен танысуға, тәжірибе алмасуға, ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.