Қазіргі кезде құрылымдар мен әскери бөлімдерде жазғы оқу кезеңіне дайындық жүруде. Бас қолбасшылар техниканы жазғы пайдалану режиміне ауыстыру барысы, сондай-ақ полигондар мен оқу-жаттығу алаңдарын оқ-дәрілердің қалдықтарынан тазарту жөнінде баяндады.
Өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінде командалық құрамның нұсқау беру-әдістемелік сабақтары жоспарланған. Онда қысқы оқыту кезеңінің қорытындылары шығарылып, екінші жартыжылдықта жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру тәртібі нақтыланады.
Қорғаныс министрі дайындық кезеңіндегі іс-шараларды өткізуде қауіпсіздік және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуын қамтамасыз етуге нұсқау берді.
Әскерлердегі жауынгерлік тәртіптің жай-күйі мәселелері жеке қаралды. 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қарулы Күштерде құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға төмендеген.
Қорғаныс ведомствосының басшысы оң динамикаға қарамастан, әскери қызметшілер арасында құқықтық тәртіпті бұзуға жол берілмеуіне тағы да назар аударды. Ол үшін барлық санаттағы әскери командирлерге, сержанттық құрам мен тәрбие құралымдарының офицерлеріне әскери ұжымдардағы барлық үдерістерді жеке ұғыну, белгіленген жоспарлар мен бағдарламалар бойынша ғана әрекет етуге емес, жеке құраммен жұмыс істеудің стандартты емес нысандары мен әдістерін қолдану тапсырылды. Әрбір құқық бұзушы қылмыстық жауапкершілікке дейін жазаға тартылып, Қарулы Күштер қатарынан шығарылуы тиіс. Өзінің басшылығында қателіктер жіберген командирлер мен бастықтар атқаратын лауазымдарына сәйкес келу мәселесі қарастырылады.
Мереке күндері қарсаңында жоғары қырағылықты, кезекші күштер мен құралдардың дайындығын, әскери объектілердің диверсияға қарсы қауіпсіздігін, әскери тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулар берілді. Мерекелік іс-шаралар адамдардың көп жиналуын болдырмауды ескере отырып, жоспарланатын болады.
Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналын вакцинациялау жалғасуда. Бас әскери-медициналық басқарма бастығының баяндамасы бойынша 2021 жылдың 26 сәуіріндегі жағдай бойынша екпе алғандардың жалпы саны 23 мыңнан астам адамды құрады. Яғни, өткен аптада 11 мыңнан астам әскери қызметші мен азаматтық персонал өкілдері екпе салдырды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов армияны цифрландыру аясында «Е-өтініш» жүйесін енгізу туралы баяндады. Ол бүкіл үрдісті ашық және Қорғаныс министрлігіне келіп түскен өтініштерді қарау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта барлық гарнизондарда 867 автоматтандырылған жұмыс орындарын жабдықтау, сондай-ақ персоналды оқыту жүргізілуде. Қарулы Күштерді бірыңғай ақпараттық жүйеге қосу 2021 жылдың 1 шілдесіне қарай жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қорғаныс министрі «Е-өтініш» – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасындағы маңызды құрал екенін, сондықтан бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу жөніндегі барлық іс-шараларды уақтылы және сапалы орындау қажеттігін атап өтті.