Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Ал «Құрылыс гарант» ЖШС тапсырысты «Күршім құрылыс» мердігер компаниясына берген. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кебі. Соңында сапасыз құрылыстың зардабын халық тартып отыр. Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №14 сапасыз үйдің қабырғасы қайта-қайта қарс айырылып жатқаны көпшіліктің назарын аудармай қоймады. Қайта-қайта деп отырғанымыз, былтыр 29 желтоқсан күні дәл осы үйдің қаңылтыр қаптамасы кәдімгідей ойылып түскен. Биттің қабығындай қаңылтырды сол кезде де лекерлеп қойған. Одан бұрын да 162 пәтерлі тұрғын үйдің иелері құрылыстың сапасы сын көтермейтіндігін айтып дабыл қаққан. 162 пәтерде орта есеппен 600-ден астам кәрі-жасы бар, тұрғындар тұрып жатыр. Амалсыздан. Банкке белшеден қарызға батып алған соң қайда барады?!
21 сәуір. Күленов шағын ауданындағы тоғыз қабатты сол үйдің қабырғасы қарс айырылып, қаңылтыры жалбырады да қалды. Бұл не деген сапасыздық деп, әлгі мекенжайға бардық. «Бақсақ бақа екен» демекші, баспананың сапасын қарусыз жанарың еріксіз көреді. Құрылысшы болудың қажеті жоқ. Жұп-жұқа қаңылтырды үлбіреген темірмен ұстатыпты. Ішкі жағын қаптаған тас мақта күл болып жерге түскен. «Күл болмасаң, бүл бол» дегендей құрылыс компаниясы өкілдерінің бірі де тұрғындарға төбе көрсетпеген.
Үйдің қақыраған тұсында қаңылтырды түзетпек болып екі альпинист тұр салақтап. Олардың айтуынша, тасмақтаны қабырғаға бекіткен соң сыртын су өтпейтіндей етіп қаптау керек еді. Яғни су сіңген тасмақта ісініп барып, қаңылтырды жарып жіберген. Ал ісініп тұрған жерлер әлі көп. Демек тез арада толықтай қайта қапталмаса, оқиға қайталана беруі мүмкін.
Әбден көз жеткізбек ниетте, үйдің жертөлесінен шатырына дейін аралап шықтық. Құрылыс компаниясының салғырттығы, жауапсыздығы үйдің кіреберісінен-ақ байқалады. Жобалық құжатында ағаш есік болғанымен, іс жүзінде қатырма қағаз іспеттес есік орнатқан. Қабырғалары көгерген. Кейбір тұстары жарылып тұр. Бөлмелердің жобасы да ебедейсіздеу.
– Менің таңғалатыным, аты дардай ЖШС иесінің қолында мөрінен басқа түгі жоқ. Ал құрылысқа тілдей қағазсыз «Равшан мен Жәмшиттерді» жалдайды. Содан соң сапа бола ма?! Бұл – бір. Екіншіден, жұмысшыларға тікелей төленген ақшадан мемлекетке кіріс салығы түсе ме? Бұл жағынан да қадағалау жоқ, деп күйінеді осы үйдің тұрғыны, зейнеткер Бақытбек Әміренов. – Үйге кіргеннен проблемадан көз ашпадық. Мұншама жауапсыз болуға бола ма? Қаншама адамның обалына қалып отыр? Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз жоқ. Үйді салған мердігердің басшысын таба алмадық. Сөйтсек ол банкрот болыпты. Техникалық қадағалауды «AD Строй Групп» жасау керек болған. Олар бірде-бір бетке қол қоймаған көрінеді, – дейді үйдің ақсақалы Бақытбек Дүйсенбекұлы.
Тұрғындар үсті-үстіне хат жазған соң сәулет және құрылыс басқармасы өкілдері тексеру жүргізіп, бірқатар ақауды анықтапты. Анықтағанда да, арнайы келіп, бүге-шігесіне дейін тексермеген. Халықтың жазып берген арызы негізінде тізіп шыққан. Мәселен, кіреберістердің арасындағы тасмақта кейбір жеріне ғана салынған. Жоба бойынша, IZOTERM-П100 қаптамасымен жылылау керек еді, ал шындығында тасмақтаның ұнтағын салған. Лифтінің айналасы гипсті қатты қағаз. Бұл белгілі болған ақаулар ғана. Ол аз десеңіз, жоба бойынша үйдің балконы шынылануы керек еді.
Үй тұрғыны Бақытбек Дүйсенбекұлының айтуынша, қабылдап алу актісіне тиісті өкілдер қол қою керек еді. Соны анықтайық деген олар облыстық прокуратураға да арызданған. Тіпті Нұр-Сұлтандағы «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-тың бас кеңсесінің де табалдырығын тоздырған. Жылт еткен нәтиже жоқ.
– 2019 жылы пәтерлер сатыла бастады. «Отбасы банк» арқылы алып, ай сайын 60-120 мың теңге арасында кредит төлеп отырмыз. Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі болса, бұл үйге «біздің қатысымыз жоқ» дейді. Қалай қатыстары жоқ?! Қирап жатқан үй қаланың аумағында тұр. Біз – қаланың тұрғынымыз. Осыны неге түсінбейді? деп қынжылады тұрғындар бірауыздан.
Рас, облыс пен қала әкімдігі бұл үйдің мәселесінен бастарын ала қашысты. Түптеп келгенде, олар өз аумағында тұрған әр құрылысқа жауап беруі керек емес пе? Жауапты болмаса, әркім өзім білемінге салып, кірпіш қалай бермей ме? Оның үстіне қабырғасы сөгіліп, маңайы қоқысқа көміліп жатқан үй мемлекеттің «Нұрлы жол» бағдарламасымен салыныпты. Әлде жергілікті әкімдіктің мемлекетке қатысы жоқ па? Айтқан жауаптары қарапайым логикаға сыймайды.
– Тапсырыс берген де, қабылдап алған да «Қазақстандық ипотекалық компания» мен «Бәйтерек Девелопмент» АҚ өкілдері. Бұрын мемлекеттік комиссия қабылдайтын. Заңдағы ол бөлімді бес жыл бұрын алып тастаған. Сөйтіп өздері қабылдап, банк арқылы сатқан. Кепілдік бар. Қазір сайдингті қайта қалпына келтіріп жатыр. Бірақ бұл жағдай қайталана беруі мүмкін, – дейді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің баспасөз хатшысы Айгүл Базарова да осы үйдің құрылысына қатысты әлеуметтік желідегі жазбаға «дәл бұл баспанаға әкімдіктің қатысы жоқ» деп қайырған. Әкімдіктің қатысы бар баспаналардың да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып тұрғаны шамалы. Құрылыстың кетеуі күннен-күнге кетіп барады.
– Әкімдік сотқа беріңдер дейді. Біз сотқа да сенбейміз. Прокуратураның пәрмені бар ғой деп оған да жаздық. Олар «Антикорға» жіберген. Ешбірінен қайыр жоқ, сырғытпа жауап береді. Бір қызығы, наурызда «Антикордан» бұзушылық жоқ деп жауап келсе, сәуірде «бұзушылық бар, экономикалық тергеуге жіберіп отырмыз» деген жауап келген. Түсіне алмай-ақ қойдым, – дейді зейнеткер Бақытбек Дүйсенбекұлы.
Үйдің ақсақалы жол бастап, шатырға да шықтық. Кейбір жерінде көлкіп су тұр. Үп еткен жел қаңылтырды жұлқылайды. Жоғарыдан төменге көз тастап едік, альпинистер айтқандай, ісініп тұрған тұстары көп. Су кіріп, жел үріп тұрған үй суық болмай қойсын ба?!
– Осы үйде тұрып жатқанымызға тура бір жыл болды. Алты бала тәрбиелеп отырмыз. Жаңа үйге кіргенде қуанышымыз қойнымызға сыймаған. Сөйтсек, үйде сапа дейтіндей сапа жоқ екен. Кіреберіс есігінен бастап, сантехникасына дейін қаусап тұр. Су жүйесі іске алғысыз болған соң, өзіміз жөндеген болдық. Ол ол ма, қыстыгүні терезені қойып, қабырғадан жел үреді. Бір жағы түгелдей қырауланып қалды. Өзімізді қойшы, балаларға обал. Қыстан енді шықтық деп отырғанда бүйіріміз опырылды, әне. Адал тапқан еңбегімізбен ай сайын 82 мың теңгесін төлеп отырмыз. «Арзанның жілігі татымас» деуші еді, қымбаты да қарық болып тұрғаны шамалы, – дейді «Күміс алқа» иегері Шынар Нұрғалиева.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ (бұрынғы «Қазақстандық ипотекалық компания») техникалық мониторинг департаментінің директоры Әділжан Қабылдиннің айтуынша, бүгінде олар ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр.
– Біз техникалық тексеру мен жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына ақша іздестіруді жоспарладық. Кеше ғана бұл жұмыс аяқталды, нақты жұмыс көлемін анықтағаннан кейін конкурс жариялаймыз. Оны жеңіп алған компания барлық кемшілікті жоюмен айналысады, – деп түсіндірді Ә.Қабылдин.
Сенген болдық. Бірақ әу баста жіберілген қателік түбегейлі түзетіле қоюы екіталай шығар. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді ғой. Өскемендегі жаңа құрылыстың барлығына дерлік күмәнмен қарайды халық. Күдіктенетін жөндері де бар. Жаңа салынып жатқан үйлердің қай-қайсысын сұрастырсаңыз да, сапасы сын көтермейтіндігін айтады. Былтыр жазда №19 шағын ауданды аралаған облыс әкімі Даниал Ахметов те құрылыстың сапасыздығына көзі жеткен. Сәл шегініс жасайық.
– Бүкіл шағын ауданды қазып тастадыңыздар. Өткен жылғы құрылыс қоқыстары әлі жатыр. Несіне адамдарды алдайсыздар? Бір жағынан абаттандырып жатсаңыздар, енді бір жағынан бүлдіресіздер. Қадағалау жоқ. Бір құрылысты бәленбай мердігер бөліп алады. Не кәсібилік, не жүйе жоқ. Содан соң, үйдің қасбетін сапасыз әрі арзан материалмен қаптағанды қойыңыздар, – деп сынға алған еді облыс әкімі.
Айтқан сыны дұрыс-ақ. Бірақ облыс әкімінің сөзіне қала басшылығы да, құрылысшы компаниялар да құлақ аспаған көрінеді. Айтқан тапсырмасын орындаса, №19 ауданның әлі ойраны шығып жатпас еді. «Egemen Qazaqstan» газеті өткен жылы сынға алған Ілияс Есенберлин 2/2 үйдің кем-кетігі әлі түзелген жоқ. Бірі-біріне сілтеп отыр. Сонымен жаз өтіп күз болады, одан қылышын сүйретіп қыс келеді. Құрылыс жыры жылдан-жылға қашанғы жалғаса береді?
ӨСКЕМЕН