Тарих • 27 Сәуір, 2021

Тарихты таразылай білсек...

515 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ халқының «бәлшебектерден» көр­ме­гені жоқ. Әуелі күштеп отырықшы етеміз деп қолын­дағы малын бір емес, бірнеше рет жи­нап алды. Діліне қиянат жасады. Рухын жан­шып, дәстүрінен айыруға білек түре кірісті.

Тарихты таразылай білсек...

Ақтылы қойы бары таяғын ұстап, мыңдап жылқы қайырғаны құрығын ұстап, «Байларды, молданы қойдай қу қамшымен» деп сүт бетіне шығар байлары, сауаты бар молда, имам, ишандары жер аударылды, сотталды. «Жарылқаймыз деген өкіметі осы болса, атасына нәлет» деп ел 1929 жылы атқа да қонды. Батпаққара, Бостандық, Балқаш, Созақ, Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау, Шет, Шоқпар, Қарсақбай, Ырғыз, Қарақұм, Қарқаралы, Өскемен, Зырян сынды толып жат­қан жерлерде жұртшылық кеңестің кері кет­кен саясатына қарсы шықса, елдің баты­сы да көтерілді. Оған қатысқандардың бәрі қатаң жазаға тартылып, атылды, айдалды, шамасы келгендер шекара асып қашып үлгерді. Көз­дерінен қанды жасы ағып, арыстарынан айырылған халық 1932 жылдың алапат ашты­ғынан тағы қырылды. Бұл аздай 1936-1937 жылдардан бастап коммунистер алдымен Алаштың ардақтыларының көзін жойып, одан 15-20 адамға сөзі өтеді-ау дегеннің бәрін ұстады.

Бас көтерер азамат қалмай, жанарын төмен салып, жасықтанып, жүні жығылған ұлттың ұлдары енді 1941 жылы басталған со­ғыс­қа аттанды. Елде қалған көздері жасты, көңіл­дері қаяулы жетім бала, жесір әйел, шал-шауқан бел жазбай еңбек етіп, аузынан жырып майданға барын жөнелтті. Тағы қырылды. Өздері аш-жалаңаш отырған жұрттың үстіне арып-ашқан чешен, қарашай, түрік, корей, неміс тағы да басқа «сенімсіз» деген халықты үйіп төкті. Жылай жүріп, жарты құртын бөліп, бөлмесінің бұрышына жылағандарды кіргізді.

Одан «Тың көтеріледі» деп елге көптеген этнос өкілдерін әкеліп, жер-су атауларын өзгер­тіп тастады. Бейнебір вагондарына жер өң­геріп, салып алып келгендей жағалай вкал­лар­мен толтырып тастады. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталып, 40-50 жыл қырған өктемдік, басып, жаншу, қырудан қазақтың саны атамекенінде бессандырақ күйге жет­ті. «Бір кезде қазақ көп ел ғой» дейтін  көрші отырған аз ағайын жұрттың саны екі-үш есеге өскенде, қазекемнің мектептері жабылып, тілі өгей баланың жаутаңкөз қалыбына түскен. Өктемдіктің өңменіңнен өтер саясаты астанамыз Алматыда жалғыз №12 қазақ мектебін қалдырды. Өзге облыс орталықтарында да бір-бірден қазақ мектебі, иә болмаса мектеп-интернат қана қазақ тілінде оқытатын еді. «Күлсең де орысша күл» дейтін заман орнап, солтүстіктегі аз қазақ жұтылуға айналды.

«Кеңес өкіметінің несін айтасың, тегін оқыт­ты, емдеді, жол салды, барлық инфра­құ­ры­лым­ды түзеді, жұмыссыздар болған емес» дегенді жиі айтатындар «Мейлі, қалай қырса да, кіміміз өлсе де, аз ғана қалған қазақты жетіл­дірді» деп есептейтін болса керек, кеңес пен ком­му­нис­терді әлі аңсайды. Бейнебір компартия сая­сында ұлт болып айдарынан жел ескендей...

Түбі бір түркіні біріктіріп, қаумаласа, қап­талдаса алға ұмтылайық деген Алаш арыс­тары­нан айырылған соң жалтақтап қалған аз жұрттың санасынан өршілдік рух өшіп қал­ғандай. Әйтпесе айдаһар мен аюдың қазір­гі күнге жетуі атқа қонған далалық жұрт­тың ар­қасында еді. Тарихты бұрмалап, оны тілге де алғызбады. Өйткені бір кездегі бодан болып, салық төлегені еңселерін басып, көшпе­лілердің кеу­десін кергізетінін білді. Сондықтан шын тарих­ты өшіруге тырысып, өтірік тарих жазып, оны өзімізге қайта оқытты.

1380 жылы Мамай баласы Мансұр-Қият, кейбір деректерде Мансұр-Хасан Днепр бо­йында Глинитца қаласының негізін салып, оның билеушілері Глинский князьдері деп аталады. Осы Глинский әулетінің қызы Елена Глинская орыстың Ұлы князі III Василийге ұзатылып, бұл некеден әйгілі Қаһарлы Иванның дүние-ге келгені тарихтан белгілі. 1580 жылы Иван жиен Сарайшыққа келіп, оны қиратып, Ұлы Жі­бек жолының тармағындағы гүл жайна­ған қала­ны жермен-жексен етеді. Оның алдында Қазанды құлатып, Қажытарханды (Астрахань) иеленген, Ібір-Сібір қөзден алысқа ұшып, одан Кеңес тұсында Орынбор, Сары­тау (Саратов), Жаманқала (Орск), Төмен (Тю­мень), Құлынды даласы сынды құлпырған жер­лерінен айырылған қазақ сахарасы қай тұс­тан да қусырылған еді. Қазтуған бабаларымыз «Қайырлы болсын сіздерге, біздерден қалған Еділ­жұрт, қайран да менің Еділім» деп қоштасты.

Ал біз осы тарихи жадымызды жаңғыртып, өткенді екшеп, қиянатты ашып айтып, көңілге орнаған құлдық сананы ысыратын коммунис­сіз­дендіру жасаудан неге қашамыз? Неге біздің елдің Парламентінде тонын айналдырып киген коммунистер отырады? Егер олар өздерін сол ком­мунистік идеяның, сол коммунистердің жал­ға­сымыз десе, неге қазақ халқына жасал­ған қия­нат үшін кешірім сұрамайды? Бұл – қара­пайым азамат ретінде көптен ойымда жүрген сауал.