Руханият • 27 Сәуір, 2021

«Қамқорлық» оңалту орталықтары көбейеді

1917 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы бастамасымен ашылған «Қамқорлық» орталықтарында төрт айда 1 186 бала оңалту курсынан өтті. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алматы облысындағы «Қамқорлық» оңалту орталығына жасаған сапары кезінде белгілі болды.

«Қамқорлық» оңалту орталықтары көбейеді

 

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қамқорлық» бастамасы аясында құрылды. Мекеме былтыр тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов орталық жұмысының алғашқы нәтижесімен танысты. Олар оңалту кабинеттерін аралап, қызметкерлермен жүздесті.

Алматы облысы Жамбыл аудандық орталық ауруханасындағы (Ұзынағаш ауылы, Қарасай батыр көшесі, 259) ғимараттың екі қабатында орналасқан орталықтың аумағы – 800 шаршы метр. Мұнда церебралды паралич, аутизм, эпилепсия, ақыл-ойы кем, сөйлеу тілі дамымаған, бронхөкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар балалар ем қабылдайды. Инновациялық технологияларға негізделген сапалы әрі тиімді кешенді оңалтудан өтуге жағдай жасалған. Балалар мен ата-аналар медициналық емдеу шаралары, түзету сабақтары, ойын-сауық сауықтыруға арналған бөлмелермен қамтылған.

Қазіргі таңда Жамбыл мен жақын маңдағы аудандармен қатар, Алматы қаласынан және өзге де облыстан келген 50 бала ата-анасымен бірге оңалтудан өтіп жатыр. Церебралды сал ауруына шалдыққан бір жарым жастағы Батырханның анасы мекеме жұмысына дән риза. Маңғыстау облысының тұрғыны бір кездері Ұзынағашта тұрған және «Қамқорлық» орталығының ашылуын білген әжесінің айтуымен арнайы келген екен. Келіншек Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры ерекше қажеттілігі бар балалар мен ата-аналарына көрсеткен көмегіне шын жүректен алғыс айтып, ұлының оңалтудан кейінгі жағдайын баяндады. Қазір баласы селқос жатуды қойған, төсектен өздігінен түсіп, аяғын жерге тірей алады, еңбектеуге тырысады.

– Мұнда үш апталық курстан өтіп жатырмыз. Барлық жерде ем-дом қабылдау ақылы әрі біз үшін өте қымбат, ал тегініне ұзын-сонар кезектің кесірінен кіре алмаймыз. Ал бұл орталықта барлығы жоғары деңгейде әрі тегін. Ең әуелі орталықтың мамандарына алғыс айтамын. Талай жерде болдық, салыстырып айтарымыз бар. Бұл ең үздік орталық, – деді Аяланың анасы Жібек Қани.

Жеті жастағы Нұрсұлтан Шерәлінің әжесі Фатима да кешен мамандарының жоғары кәсібилігіне тәнті. «Немерем 15 күн бойы оңалту курсынан өтіп жатыр. Аяғын баса алмайтын, қазір ем-ша­ра арқылы қаз-қаз басып келеді. Ревма­толог, массаж, терапия сынды өте жақсы кешенді ем алуда», дейді ол.

Айта кетейік, орталық жыл сайын ерекше қажеттілігі бар 600 баланы тегін қабылдауға әзір.

– Бұл – 2020 жылы Елбасының баста­масымен «Қамқорлық» жобасы аясында ашылған 8 оңалту орталығының бі­рі. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры осы бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру барысында жинақталған тәжі­ри­бені қолдана отырып, оңалту моделін басқа аймақтарға пайдалануда. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында қосымша 10 орталық ашу жоспарда, оңалту қызметінің сапасын арттырып, орталық жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ететін мамандар даярлауға баса мән беріп отырмыз, – дейді «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.

Ұзынағаш кентіндегі орталықта 126 бала оңалту курсынан өтті. Жалпы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру барысында 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың наурызына дейінгі аралықта сегіз «Қамқорлық» орталығында 1 186 бала ем-шара алды.

Алматы облысына жұмыс сапары аясында Д.Назарбаева Ұзынағаш ауылындағы перзентханаға да барды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директорына (электрокардиография, ультрадыбыстық диагностикалық жүйе, сандық рентген және флюорографиялық аппараттар және 12 арналы ЭКГ аппараты) сынды қажетті медициналық құрылғылар орнатылған автобустар, яғни 17 жылжымалы медициналық кешен таныстырылды.

Әрбір медициналық автобуста жалпы қабылдау бөлмесі, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика, жалпы тәжірибе дәрігерінің бөлімшесі, дәріхана, анализ қабылдау аймағы және портативті ультрадыбыстық эксперт сыныбы әрі халықты вакциналауға арналған бекеттер де бар.

Д.Назарбаеваның жұмыс сапары Шамалған ауылындағы спорт-сауықтыру кешені мен Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралаумен аяқталды.