Аты да, заты да ұмытылған жазушылар қаншама? Өзінің заманында атақты болып саналып, кейін мүлдем аталмай кеткендер де бар. Оның қасында Ақан Нұрманов аз жасап, саз жазса да әлі ұмытылған жоқ. Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлынан: «Құланның ажалы» романының осы күнге дейін әңгіме болып келе жатуының сыры неде?» деп сұрадық. «Құланның ажалы» Ақан Нұрмановтың өзінен бұрын жазған жазушылардың көбінің туындыларынан әлдеқайда биік тұрған шығарма, – деп Амангелді Кеңшілікұлы да оны бір көтеріп тастады. – Неге десеңіз, әлем әдебиетін зерттеп, соның негізінде жазған. Аңыз кейіпкер Кейкінің тағдырын өте жақсы білген. Заманның шындығын айту үшін реалистік әдебиеттің тәсілдерімен жазылған шығарма болды. Планканы жоғары ұстады деуге болады. Өкініштісі «Құланның ажалын» аяқтай алмай кетті. Соңғы тарауын Қалихан Ысқақ ағамыз жазды. Ақан ағамыздың көзі тірі болғанда біраз жерге апарар еді деп ойлаймын. Әдебиетімізде кез келген тұлғадан аңыз жасайтын әдет бар. Ал ол одан кетіп, адамның адамшылығын да көрсете алды. Өмірдегі Кейкі, кітаптағы кейіпкер Құлан – батыр адам. Бірақ батырдың бәрі аңызға лайық емес қой. Олардың да кемшілігі болады. Міне, автор оны аңыз тұлға ғана емес, басына күн түскен пенде ретінде де жақсы ашқан. Сондықтан әлі күнге дейін қызық оқылатын кітап болып келе жатыр. Келешекте де талай ұрпаққа әсер етеді, олар сол замандағы шындықты осы роман арқылы да көреді». Амангелді Кеңшілікұлының бұл пікірін жазушы Нұржан Қуантайұлы екеуміз былайша тарқаттық:
– Нұржан, «Құланның ажалына» арқау болған сюжетті оқырманның есіне бір салып өтейікші. Құланның прототипі атақты Кейкі батыр екенін айттық. Ол Амангелдінің сардары болған. Амангелді өлгеннен кейін оған түрлі жала жабылады. Өзі болып жатқан әділетсіздіктерге шыдамайды. Тіпті Амангелдінің өліміне тікелей кінәлі адамның біреуі осы Құлан-Кейкі деген де әңгіме шығады. Кең далада еркін өскен, аңшылықпен айналысқан батыр адам шолақ белсенділердің ұсақ-түйек мінездеріне шыдамай, ақыры қуғынға түседі. Сөйтіп өмірінің соңына дейін түз тағысы құсап ен далада жалғыз жортады. Елдің арасында аңыз болған, Кеңес өкіметінен қорыққандықтан айтылмай кеткен тағдыр роман болып қағаз бетіне түскенде: «Мынау баяғы Кейкі батыр ғой» деген әңгімелер жүргенін де білеміз. Бұл кітап туралы осындай әңгіме көп болғанымен, әдеби талқылау аз болды дейді. Себебі қаламдастары авторға зиянымыз тиіп кетпесе екен деп, көп әңгіме айтпауға тырысқан көрінеді. Ақпарат бетінде кең талдауға түссе, көптеген жайттар судың бетіне шығар да еді. Ендеше романның көркемдігі бір басқа да, қалай жазылғаны бір бөлек әңгіме ғой дейміз.
– «Құланның ажалы» романы 1968 жылы басылып шықты, – деген Нұржан Қуантайұлы әңгіме ауанын бірден зерттеушілік бағытқа бұрды. – Меніңше 1966-1967 жылдары жазылды. Ол кезде Ақан Нұрманов 32 жастағы жігіт еді. Сол тұстағы толқын өкілдерінің өмірімен, шығармашылығымен салыстырып қарайтын болсақ, дәл сол алпысыншы жылдары «Құланның ажалы» сияқты тағдырлы роман жазған жазушылар біреу-екеу ғана екен. Сондықтан бұл романды сол кездегі қазақ әдебиетіне олжа салған көркем шығарма деп баға беремін. Сюжетінің қиюы келген, келіскен шығарма. Кейбір ағаларымыз кино түсіруге арналған шығарма деп те бағалады. Ең бірінші, бұл Ақанның қаламгер ретіндегі шеберлігінің көрінісі. Сол заманда сюжетті қиыстыра әкеліп, үлкен композициялық тұтастықпен ұсына қою – 32 жастағы қаламгер үшін үлкен еңбек. Мұндай шеберлікке жету – 60 жылдардағы әдебиет үшін үлкен жаңалық.
– Қанша дегенмен, шығарманың оқырманды жетелеп алып кететін аңыздық сипаты да бар. Құланның осындай жағдайға түсуіне не себеп десек, оған айтатын жауабымыз анық. Ал Ақан Нұрмановтың осы тақырыпқа баруын талант ізденісінің жемісі дейміз бе, әлде қолға қалам алмауға шыдатпаған ардың ісі дейміз бе? Бір таңғалатының, сондай жазушылар өмірден ерте кетіп қалады.
Бұл сұраққа Амангелді Кеңшілікұлы: «Ақан ағамыздың өмірі туралы көп жазылған жоқ, – деп әріден қайыра жауап берді. – Бірақ Қалихан ағамыздың эссесі жазылды. Ол кісі Ақанның біліміне, талантына қатысты көп дүние айтқан. Студент кезінде Ақанға сол тұста орыс және шетел әдебиетінен дәріс берген Мадзигон сабақ сұрамай-ақ «бес» қойып бере салады екен. Студенттердің біреуі деканатқа барып: «Ақан сабақ айтпайды, қалай болса солай жүреді, бірақ Мадзигон «бес» қойып бере салады» деп арыз айтыпты. Сонда Мадзигон: «Егер қазақтың әр баласы әдебиетті Ақан сияқты білсе, онда оларға университетте оқудың қажеті жоқ» деген екен. Көп оқу, талмай іздену адамды жинақы ете түседі. Ол әдебиетке үлкен дайындықпен келген. Мектеп бітіргенше бүкіл кітапхананы тауысып тастаған. Әдебиетте көп ізденген күннің өзінде жанын жеп, өз жолын таба алмай кететіндер бар. Неше түрлі ағымдарға еліктеп, өз-өзін қызықтап кететіндер бар. Ақан әдебиетті қанша жақсы білсе де өте қарапайым жазады. Ақанның айтқысы келген ойын бірден сезіп отырасың. Осы кітаптың цензурадан қалай өтіп кеткеніне таңғалам. Жазушының басын бәйгеге тіккендей эпизодтар кездеседі. Бәлкім жан дүниесінде де бір күрделі қайшылықтар болған шығар. Кеңес заманында мұндай тақырыпқа жай адам бармайтын.
– Біздің ақын-жазушыларымызда жалғыздық туралы көп айтылып, жазылады. Бірақ бұл жердегі жалғыздық басқа. Әдебиетімізге «банды» тақырыбын енгізуіміз керек сияқты. Құлаққа түрпідей тисе де, сол заманда талай боздақтың банды есебінде кеткенін есте ұстауымыз керек. Төңкерістің алды-артында түрлі жағдайда қуғын-сүргінге түсіп, дала безіп кеткен ақындар, батырлар, күйшілер, ерекше таланты бар адамдар бар. Ең аяғы Шәкәрімге дейін сондай жағдайда қаза болды. Соның бәрін көріп отырып, қуғын-сүргін тақырыбына жатқыза саламыз. Ал «банды» тақырыбы деп атап айтсақ, көп нәрсені анықтай түсетін едік. Мүмкін олар өзгеше ойлы, протестік көңіл күйдегі, шынымен жүйеге қарсылық танытқан адамдар шығар. Құланның прототипі – Кейкінің өмірі де сол бандының өміріне ұқсайды, қарақшылармен бірге жүруге де мәжбүр болады. Банды тақырыбында осындай оқиғаларды бөліп алатын болсақ, көптеген шығарманың басы ашылатын еді. Банды тақырыбының қызық болғаны сонша, әлі күнге дейін елдің арасында аңыз болып айтылып жатады. Бірақ ол банды мен бұл банды басқа, әрине!
– Банды тақырыбы қазақ прозасында Ақан Нұрмановқа дейін де болды.
Соңғы кезде өзі де түрме тақырыбын зерттеп, роман жазып жүрген Нұржан Қуантайұлы сөзімізді бірден қостай кетті. – Дегенмен «Құланның ажалындағы» банды образы әлдеқайда айқын, сенімдірек шықты. Оның үстіне бандының өмірі қалың оқырман үшін құпия шытырман сияқты көрінеді. Авторлар кейде осы тақырыпты сол үшін де пайдаланады. Ақан да сөйткен. Романның өзі де өте жақсы тартысты басталады. «Отты күн өзінің аумас, айнымас жолымен батысқа қарай құлдилап барады. Қоғалы көлдің басы тыныш еді. Кенет алыстан ат дүбірі естілді» деп үйіріп әкетеді. Осының бәрі қазақ прозасына қазір жаңалық болмағанымен, 60-жылдар үшін өте үлкен жаңалық. Өйткені дәл бұлай ширыға басталып жазылған сөйлемдер ол кезде бола қоймайтын. Кейіннен Ақанның осы стилін пайдаланған жазушыларды байқадым. Яғни қазақ прозасындағы қаламгерлер Ақанның жаңалығын тез қабылдады деген сөз. Бандылармен қатар ұрының да образы сәтті шыққан. Мысалы, Майлық дейтін ұры жас күнінен жетім өсіп, әркімнен теперіш көріп, байдың есігінде жүріп ұры болып кеткен. Міне, сол Майлықтың Құланға деген құрметі, адамгершілігі, мәрттігі ерекше көрінеді. Өзінің басына қауіп төніп тұрса да, «Сізді іздеп жүр» деп хабар айтады. Бандының да түр-түрі бар. Біреуі Көктөбет сияқты өзінің қара басын ғана ойлайтын банды, екіншісі Майлық сияқты бұл жолға амалсыз түскен адамгершілігі де бар ұры. Сонда екі образды да бірдей көрсетіп отыр.
– Көркем шығармада қарама-қарсы образдардың ашылуы арқылы шығарманың да бағасы арта түседі. Жаңағы Майлық – барымтаға қатысқан, малай болған, бандылардың тобына бір қосылып, бір қосылмай амалсыздың күнін кешіп жүрген жан. Сондай-ақ ақ гвардияның офицері Қуцкий деген қосалқы жобадағы бір кейіпкер тағы бар. Ол да сондай тағдырды бастан кешіп, қайыршылық жолға түседі. Астыртын істейтін әрекеттері де байқалады. Екеуі бір сипаттағы адам сияқты, бірақ тірліктері екі басқа Құланның айналасында осындай қарама-қарсы образдағы адамдар жүреді. Осындай тағдыры күрделі, жолы шырғалаң адамдарды жазушы бір-ақ, ек-ақ сөзбен дәл сипаттап береді. «Ол кісілер ұйықтағанда кеудесі көрік құсап көтеріліп түсіп, демімен жер көшіреді екен» деп Құланның өзінің әкесі туралы айтылады. Біз «жалғыз жортып жүр екен» деп жалпылама айта береміз. Ал Ақан Нұрманов кейіпкеріне: «Елсіз-күнсізге шығып кетіпті деп естіп едім өзіңді» дегізеді. Бейнелі сөзді нақпа-нақ қолданады. Бүгінде аңшылық туралы жазатын жазушылар қаншалықты жазып жүргенін білмеймін, мынандай эпизодты байқадым: әкесі екеуі түнде от жағып, қуырдақ қуырып жегеннен кейін күлдің бәрін сыпырып тастап, сол жерге тұлып төсеп жата кетеді. Аңшылық өмірдің, жалпы далалық өмірдің қыр-сырын дәл көрсетеді. Бұл шығарманың ел арасында аңыз болып жүргені, біріншіден, тағдырды жазса, екіншіден, жалғыз адамның түздегі өмірінің ерекшелігі де қызықтырады, үшіншіден, жабайы дерліктей тұмса табиғаттың да көріністерін көкейге қондыра суреттеуі тартымды ете түседі.
Шығарма табиғаты туралы айтылған бұл ойға Амангелді Кеңшілікұлы келісе қоймады. «Оған ғана байланысты деп ойламаймын, – деді әңгімені қыздырғым келіп отырғанымды сезіп. – Өкінішке қарай, біздің прозада да, поэзияда да классификациясы берілген жоқ. Мысалы 60-жылдарда әдебиетке жаңалық алып келген кім деген кезде, әркім жаңалықты өзінен бастағысы келеді. Шын мәнісінде, 60-жылдары әдебиетке жаңалық алып келген үш жазушы болды. Олар – Бердібек Соқпақбаев, Ақан Нұрманов, Сайын Мұратбеков дер едім. Бұлар қандай жаңалық алып келді? Қорғасындай құйылған сөйлемдерді басқа жазушылардан кездестіре алмайсыз. Бұлар бұрынғы әдебиетті жалғастыру үшін емес, өзінің жолын салу үшін келген жазушылар. Ақан қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білген. Соған қарамастан, сөйлемдерді ықшам пайдаланады. «Құланның ажалын» жазуына себеп болған тек Кейкінің ғана тағдыры емес, әлем әдебиетінде өзін-өзі таба алмай жүрген адамдардың тағдыры өзекті болды, осы нәрсе Ақанға да әсер етті деп ойлаймын. Себебі 60-жылдары «Нобель» сыйлығын Шолоховтың «Тынық Дон» романы алды. Ондағы басты кейіпкер Мелеховтың тағдыры да Құланның тағдыры сияқты еді.
– Ойың да, сөзің де рас. Романда бірінші сөйлемінен бастап оқиға басталып кетеді. Дәстүрлі әдебиеттегідей әрнені суреттеп отырып алмайды. Жаңағы Нұржан келтірген мысал да соған меңзеп тұр. Ал енді, Нұржан, жазушы сол тегеурінді аяғына дейін ұстап отыра алған ба, мәселе сонда.
– Айтайын. «Құланның ажалындағыдай» аңшылықта текені күйек кезінде атып алу қазақта жоқ. Атып алатын болса, аңның киесі ұрады. Соған қарамай Құланның әкесі дүниеге қызығып, атып алады. Яғни текенің шыбығын дүние көрген керуеншілердің әзәзіл тіліне ереді. Бұл эпизодты арғы-бергіден хабардар жазушы бекер кіргізіп отырған жоқ. Бір өкініштісі, бұл роман аяқталмай қалды. Роман аяқталар кезде осы эпизод Құланның есіне түсер еді деп ойлаймын. Роман жоспардағы тезис бойынша аяқтай салынған. Кейкіні 1922 жылы шауып өлтіреді. Бәйбішесінің қарнын жарып, баласын да өлтіреді. Құланның өлуін дәл солай суреттемесе де, сондай жауыздықпен өлтіртпекші болған. Егер роман осылай аяқталғанда үлкен кесек дүние болып шығар еді. Тарихтағы Кейкі мен Құланның арасы алшақ. Кейкі 1922 жылы өлтірілсе, романда 1924 жылғы оқиғалар болып жатады. 1922 жылы Кеңес өкіметі әбден мойындалды. Бірақ Құлан Кеңес өкіметінен қашып-пысып жүр. Сол заманның озбырлығын, белсенділердің халыққа қалай тізе батырғанын кеңірек суреттемек болған. Мұның арғы жағында қызыл террор жатыр. Роман осындай көркемдік шындығымен де құнды бола түсер еді, әттең! Өйткені романның басы мен ішінде суреттелетін оқиғалар соған меңзеп тұр.
– Иә, Ақан Нұрманов та кейіпкері Құлан мен оның прототипі Кейкі сияқты қарсылығы ішінде кеткен жазушы болу керек. Біз бұл талқылауымызда автор мен кейіпкерінің тағдырын қабаттастыра, шендестіре әңгімелеп отырмыз. Ақан Нұрмановтың қызы Роза Нұрманова: «Әкем менің тоғыз жасымда дүниеден өтті. Өте қатаң, тек еңбекпен айналысқан, үндемейтін адам болған екен. Әрқашан жазу, әдебиетті игеру жұмыстарынан босай бермейтін. Үйде кітап қоры көп болатын. Оның құндылығын біз өскен кезде білдік. Мифология, археология бойынша кітаптар көп болды» деген еді. Біздің көбімізге сондай еңбекқорлық пен ізденімпаздық жетпей жататынын несіне жасырамыз. Егер Ақан Нұрмановтай өмірден ерте кеткен жазушыларымыз ұзақ жасағанда, олар тағы да шығармашылық жолын жалғастырғанда біздің әдебиетіміз де басқаша жолға түсер ме еді, кім білсін?
P.S. Осы әңгімеден кейін Нұржан Қуантайұлының романның қалай аяқталуы мүмкін екендігі туралы болжамы ойымнан кетпей тұрып алды. Нұржан Құланның әкесінің текені күйек кезінде шабыты келіп тұрғанда атып алуы мен қызылдардың Кейкінің өміріндегідей, Құланның да айы-күні жетіп отырған бәйбішесінің қарнын жарып өлтіруін өзара байланыстырғысы келді. Сол арқылы автордың қызыл болсын, басқа болсын бәрінің де іс-әрекетін қоғамның жіктелуінен де жоғары қойып, адам бойындағы түрлі құбылыстарға жаратылыстық сипат бермек болғанын алға тартты. Романдағы сюжет желісі мен түрлі эпизодтардың басын біріктіретін тұжырымдама да соған жетелеп келе жатқандай сезілетінін айта кеткен ләзім. Бірақ сонымен бірге осындағы кейіпкер мен жазушы тағдырының арасында да көзге көрінбейтін бір мистикалық байланыс бардай көрінетінін де еске сала кеткіміз келеді. Бәлкім, «Құланның ажалы» романы мен оның авторы Ақан Нұрмановтың есімі бізге аңыз болып жеткені де содан шығар? Кей шығарманы осындай бірлікте талдамасақ, оның сыры ешқашан ашылмақ емес!