Айталық, Атырау облысы ортақ бюджетке трансфер ретінде 207,3 млрд теңге көлемінде қомақты қаражат қосыпты. Жөн-ақ. Әйтсе де алдағы уақытта Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын қоса алғанда, еліміздің батыс өңірлері бірыңғай көмірсутегі шикізатын өндіру ісінің жетегінде кете бермеуді қазірден ойластырғаны жөн. Яғни аталған өңірлер бірыңғай шикізатқа тәуелді болып қалмауы үшін шағын және орта бизнесті де қатар өркендету керек. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында басты салық төлеуші – көмірсутегі шикізатын өндірумен айналысатын KPO b.v компаниясы. Былтыр мұнда техникалық себептерге байланысты өнім өндіру ісінде кідірістер болған кезде салық түсімдері де күрт төмендеп кеткен еді. Шикізатқа тәуелді болудың бір мысалы осы.
Бюджеттің кіріс көздерін толықтырудың бір жолы – индустриялық даму және өңір экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін көтеру. Бір есептен өңірде бұл мәселеге қатысты көп сын жоқ. Индустриялық дамудың бес жылдық бағдарламасы аясында өңірде 350 млрд теңгеден астам инвестиция игерілген, бірнеше мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Барлығы 70-ке жуық жобаның тұсауы кесілген.
Әйтсе де сол жаңадан құрылған құрылымдар қандай пайда әкеліп жатыр, салықтық базаны ұлғайтудағы үлесі, еңбеккерлерінің жалақысы қандай мөлшерде деген мәселелер төңірегінде көп айтыла бермейді. Пафостық деңгейдегі деректер көңілге қона бермейтіні де сондықтан. Егер шын мәнінде өңірде жаңа жұмыс орындары мыңдап ашылған болса, мұндағы экономикалық белсенді тұрғындардың біраз бөлігі Атырау, Ақтөбе және Маңғыстауға жұмыс іздеп кетпес еді?!
Сондай-ақ Ақжайық аймағындағы шағын және орта бизнес жөнінде де жақсы көрсеткіштер айтылып жүр. Бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі 30 пайызға жуықтады. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл кейінгі жылдары экономикалық өсімді 4,5-5 пайыздан түсірмей жүрген Ақтөбе облысындағы деңгейден әлдеқайда жоғары. Сарапшы мамандардың пікірінше, Ақтөбеде ірі кәсіпорындардың бәрі еңбек ырғағын бұзбай, жұмыс істеп тұрған соң, жұмысшылардың көбі солай ағылған. Ал Орал өңірінде мұндай үлкен еңбек ұжымдары жоқтың қасы деуге болады.
Ал өнеркәсіптік өндірісі жақсы дамыған Павлодар облысында ірі кәсіпорындарды жаңғырту мен шағын және орта бизнесті өркендету ісі бір-бірімен деңгейлес жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Соның нәтижесінде бұл өңір Үкіметтен берілетін субвенцияның көлемін азайта түскен. Қазір облыста оның мөлшері – 55 млрд теңге көлемінде. Бұл – республика өңірлері арасындағы субвенцияның мөлшері жағынан ең төменгі көрсеткіш. Демек Павлодар облысының еліміздегі донор аймақтардың бірі болуға ұмтылуға толық мүмкіндігі бар.
Мұнай өндірумен айналысатын Батыс Қазақстанмен көршілес өңірлер еліміздің ортақ бюджетіне трансферт бөліп отырса, дәл сондай көмірсутегі шикізатын өндірумен айналысатын Батыс Қазақстан облысы былтыр Үкіметтен 74,4 млрд тенге субвенция, яғни қаржылай көмек алған. Негізі көршілес өңірлердің экономикалық құрылымы бір-біріне өте ұқсас болып келеді. Әрі мұндағы басты өндіргіш күштер негізінен стратегиялық шикізат көздерін өндіруге бағытталған. Бұған қоса, батыс өңірлердің бәрінде де табиғи ресурстар мен инфрақұрылымдық жүйелер жеткілікті, соған қарамастан нәтиже әртүрлі. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында стратегиялық шикізат өндіруден тыс ресурстар, басқа да мүмкіндіктер мол. Бұған өңір өндірушілерінің әлеуеті де толығымен жетеді. Тек бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалана білу керек. Сол кезде ғана салықтық базаны ұлғайтып, Үкіметтен берілетін субвенция мөлшерін кемітуге жол ашылатыны анық.
Ал әзірше еліміздегі инновациялық өңірлердің бел ортасынан орын алатын Батыс Қазақстан облысының экономикасы көмірсутегі шикізатын өндіруге тәуелді болып тұр. Өңір мұндай кіріптарлықтан құтыла ала ма? Бұған уақыт төреші бола алады.
Батыс Қазақстан облысы