Оқиға • 28 Сәуір, 2021

Түрменің тамағынан да жаман: Министрлік әскерилердің асына қатысты түсініктеме берді

573 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілердің бірінде Жамбыл облысы Луговой гарнизонындағы әскери сарбаздарға берілетін тағамға қатысты видео қызу талқыланып жатыр. Аталған жайтқа байланысты Қорғаныс министрлігінің өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Түрменің тамағынан да жаман: Министрлік әскерилердің асына қатысты түсініктеме берді

«Қазақстан әскерінде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздардың қандай тамақ ішіп жүргенін де көрдік, әскердегі тамақтар дәл осындай деп ойламадық. Сондай-ақ сарбаздардың сөзінше оларға кейбір азық-түлік жетпейтін көрінеді», делінген жазбада.

Видеоны көрген желі қолданушылары әртүрлі пікір жазып, таңданыстарын жасырмады.

«Қазақстандық сарбаздардың жағдайы түрмедегілерден де жаман ғой», «Әскеріне қарап, елді таны», «Ең алдымен елімізді, жерімізді қорғайтын сарбаздарымыз тоқ болу керек», «Осыдан соң жастарға «Неге патриот емессің?» деп сұраудың өзі артық», деп жазды желі қолданушылары.

Қорғаныс Министрлігі өкілдерінің мәліметінше, бұл оқиға 2019 жылы Луговойдағы әскери гарнизонда болған жағдай екен.

«Аталған жазба 2019 жылы Луговой гарнизонына қарайтын әскери бөлімдердің бірінде түсірілген. Қазақстан Республикасы қарулы күштерінде әскери қызметкерлерді тамақтандыру конкурстық аутсорсинг арқылы жүзеге асырылады, яғни қандай ұйым жеңіп алады, сол ұйым әскерилерді тамақтандыруды толық мойнына алады. Бөлімдердің басшылығы толықтығы мен оның сапасын жақсартуды бақылауда ұстайды. Өкінішке қарай, кейде сапасыз қызмет көрсету орын алып жатады. Әрбір жағдай талқыланып, тиісті шаралар қолданылады», деді Қорғаныс министрлігінің ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі, майор Ғани Нүсіпов.

Нүсіповтың сөзінше, аталған дерек бойынша 2019 жылы тиісті шара қолданылып, Луговой гарнизонында тамақтану сапасына қатысты мәселелер шешілген.