Ол ауру өршіген тұста алдымен медициналық маска кию қатаң сақталуы керектігін ескертті. Мәселен, қоғамдық үй-жайларда, қоғамдық көлікте 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда қоғамдық тамақтану орындарында бетперде кию талаптары орындалуы тиіс екен. Ал, «қызыл» аймаққа енуге байланысты мектептердегі 1-8 және 10 сыныптың оқушылары онлайн форматта оқуға көшіріледі.
«Шектеу шараларына байланысты Тараз қаласында өзгерістер көп болады. Мәселен, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ, отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды өткізуге, сенбі және жексенбі күндері сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері мен желілерінің (оның ішінде онда орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда) жұмысына, жексенбі күндері ашық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес) жұмысына, сенбі және жексенбі күндері жабық базарлардың (азық-түлік және азық-түлік емес), сауналардың, бассейндердің, спорт кешендерінің, спорттық-сауықтыру орталықтарының және фитнес-орталықтардың жұмысына тыйым салынды», деді Бағлан Қыдырбаев.
Сондай-ақ, ол мәдениет нысандары да түрлі шараларын шектейтінін айтты. Мәселен, театрлардың, кинотеатрлардың, концерт залдарының қызметіне де тоқтау салынады. Ойын-сауық орындары да жұмыс барысын тоқтатады.
Яғни, караоке, банкет залдары, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, боулингтер жұмыс істемейді. Балалардың ойын-сауық орталықтары, оның ішінде ойын алаңдары, жабық үй-жайлардағы аттракциондар, батуттар да өз қызметін тоқтатады.
«Санитарлық талаптарды сақтай отырып, сағат таңғы 07.00-ден кешкі 23.00-ге дейін супермаркеттер мен гипермаркеттердің қызмет етуіне рұқсат. Қоғамдық тамақтандыру нысандарының қызметі сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін ғана. Сонымен қатар, сағат 07.00-ден бастап сағат 05.00-ге дейін қоғамдық тамақтану нысандары мен фуд корттардың қызметіне тек жеткізуге және әкетуге рұқсат беріледі. Ал, ауданы 2000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес жеке тұрған дүкендердің қызметіне шектеу жоқ. Кеңсе, ұйым қызметкерлерін 80 пайыз қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру, 20 пайыз күндізгі режимге ауыстыру жүргізілмек. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, банктердің, «Қазпочта» АҚ бөлімшелері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді», дейді ол.
Айта кетейік, жаңаша түрленген №2 қаулыны 16 сәуір күні облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қабылдады.