Кино • 29 Сәуір, 2021

Достық ізгілікті дәріптейді

469 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ киносының тарихына үңілсек, орыс империализмінен пайда болған интернационализм кеңестік идеологияның алтын діңгегіне айналған уақытта әдебиет пен өнер дәріптеген ұлттар арасындағы достық тақырыбы ақ-қара түсті экранның ажырамас бір бөлігі болды. Қуатты идеологияның ең мықты қаруының бірі кино «өнердің ішіндегі ең маңыздысы» болғандықтан ынтымақ пен бірлік тақырыбы қоғам үшін маңызды әрі қажетті құбылыс саналып, бас­ты құндылық осы идеяның қазығына байланды.

Достық ізгілікті дәріптейді

 

Кіші ұлттарға өз саясатын жүргізіп, өз басымдықтарын енгізіп, талаптарын таңып-тарату үшін бұдан асқан ың­ғай­лы әрі пайдалы құрал жоқ еді. Соған қарамастан ұлттық кинематография үшін бұл өрлеу кезеңі болғанын да ұмытпауымыз керек. Кеңес Одағының аса жоғары деңгейде саясиланған «пішіні – ұлттық, мазмұны – социалистік» кине­матографиясының салқыны Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бега­лин, Абдолла Қарсақбаев сияқты ұлы режиссерлердің шығармашылығында сезілгенімен, олар биік талантының арқасында идеология сызып берген шаблон шеңберін тапқырлықпен айналып өтіп, мемлекет саясаты таңған міндетті талапты көркем тәсілмен тігісін жатқызып, әдебін келістіріп ұсына білді. «Халықтарды жақындастырудың жөні осы» деп жалаң ұранның жетегінде жабайы әдіс, тұрпайы тәсілдерді қолданған жоқ. Шаблонның шеңберінде жүріп-ақ қылпып тұрған қылышпен жан-жағын аяусыз отап бара жатқан отаршылдыққа қарсы тұрып, шедевр фильмдерімен ұлтты сақтап қалудың ғажап үлгісін көрсетті.

Кеңестік дәуірде Нұрмұхан Жантөрин, Меңтай Өтепбергенов, Қасым Жәкібаев, Димаш Акимов, Талғат Нығматуллин секілді бірді-екілі актерлердің екінші пландағы басты рөлдерден, эпизодтық рөлдерден көрінгені болмаса, беларусь пен украин, грузин, әзербайжан, тәжік әріптестері секілді орталықтағы «Мосфильм» мен «Ленфильмнің» киноларына түсіп, одақ көлеміндегі атақ пен талассыз танымалдылыққа қол жеткізген қазақ актері жоқтың қасы. Ал грузин актерлерінің, негізінен, қылмыс әлемімен байланысты қорқаулар бейнесінде, әзербайжан әртістері базар саудагері, чешен ұлты заңды белден басқан ұр да жық әпербақан рөлінде, сығандар ұры-қарының, ал тәжіктің момын, можантопай, аңғал адамның рөлінде көрініп, өзге елдердің алдында өз ұлты туралы бұрыннан қалыптасқан теріс түсініктің тереңдей түсуіне түрткі болғанын бүгінде өздері де өкінішпен мойындайтынын ескерсек, «бұл мәселеде біздің жүзіміз жарқын» деп көңіл жұбатуға әбден болады. Қазақ актерлері де, Қазақстан да этносты жағымсыз етіп көрсететін күш­пен таңылған стеоротип түсініктердің құр­бандығына айналып, тұтқыны болған жоқ.

Есесіне, өнері жаңадан қалыптасып, аяғынан қаз тұра бастаған елдің киносына соғыс жылдарында Алматыға уақытша көшірілген «Ленфильмнің», кейінірек эвакуацияланған «Мосфильмнің» әсері, соның негізінде құрылған Орталық бірлескен көркемфильмдер студиясының ықпалы зор болды. Ол тек ұлттық киноға емес, тұтас елдің мәдени өміріне елеулі өзгеріс алып келді. Қазақстанның қалыптасып келе жатқан жас кинематографы мәскеулік және ленинградтық кино шеберлерінен үлкен тәжірибе жинады. Осы өзгеріс нәтижесінде қазақ киносы жаңа деңгейге өтті. Ел ішінде «самородок» аталып, қазақ даласының түкпір-түкпірінен табылып, Алматыға шақырылған арнаулы білімі жоқ, тума таланттарға Ефим Арон, Григорий Рошаль, Моисей Гольдблат, Николай Черкасов сынды шеберлер сахнада қалай жүріп, камера алдында қалай қозғалу керегін қолынан жетектеп жүріп үйреткенін олар өз естеліктерінде жасырмай-ақ, жан-жақты баяндайды. Орталық бірлескен көркемфильмдер студиясының әртістері «Қазақфильм» іргетасын көтерісуге топ-тобымен тартылды. Олардың осы жылдардағы отандық кинодағы үлесі анағұрлым басым еді. Бұған бір жағы, орыс-қазақ киногерлерінің аз уақыт болса да қоян-қолтық бірге жұмыс істегені де себеп болуы мүмкін екенін теріске шығаруға болмайды. Тіпті өзге ұлт өкіл­дері араластырылмай, таза төлтума болып жарыққа шыққан туындылардың титріне көз жүгіртсек, «операторы Беркович», «суретшісі Аранышев», «композиторы Зацепин» деген кадр сыртында жүрген талай белгілі есімдердің өзінше жеке тар­мағы және бар. Бұлардың бәрі де ұлт киносының тарихында есімі алтын әріп­пен жазылып қалған ұмытылмас тұлғалар.

Кино – ұлттық сана мен мәдениеттің көрінісі. Ресейдің Одаққа танымал белгілі әртістері, киноға жаңадан қадам басып, кейін атағы дүркіреп шық­қан жас әртістерінің қалың шоғыры көрінген фильмдердің бірталайын табан астында ойланбай-ақ тізіп шығуға болады. «Біздің сүйікті дәрігер», «Біз осында тұрамыз», «Шабандоз қыз», «Ән қанатында», «Тақиялы періште» секілді фильмдер кеңестік Қазақстанның бақытты адамдарын көрсетуді мақсат етті. «Бастығы – қазақ болса, орынбасары – орыс болуы керек» деген жазылмаған қағидаларды алғаш қоғамға осы тектес фильмдер алып шықты. 1955 жылы ауыл өмірінен түсірілген «Шабандоз қыз» ұлттық кинодағы тұңғыш түрлі-түсті музыкалық комедия болып саналады. Мұнда да қазақ қызы Ғалияны Тарас пен Марианна деген орыс отбасы асырап алған. Блокбастерлердің мың атасын көріп жүрген бүгінгі көрермен көзімен қарағанда, фильмнен балаңдық байқалуы мүмкін, кей тұсы бәлкім, күлкі де шақыратын шығар, бірақ 65 жыл бұрынғы оқиғаның шоғы әлі күнге жайнап тұр, жалыны бет шарпиды. Неге десеңіз, онда қазақ және орыс киноөнерінің інжу-маржаны тұтас көрінеді: КСРО халық әртісі Сәбира Майқанова, Серке Қожамқұлов, Кененбай Қожабеков, Қанабек Байсейітов, Рахия Қойшыбаева, Бикен Римова, Сейфолла Телғараев, Әмина Өмірзақова, Мүлік Сүртібаев, Мұхтар Бақтыгереев, Атайбек Жолымбетов, Суат Әбусейітовтермен бірге Варвара Сошальская, Анатолий Алексеев, Игорь Боголюбов, Константин Старостин, Тамара Думная сияқты әлі даңққа бөленбеген Ленинград пен Мәскеудің майталман актерлері көрерменді жас күнімен қауыштырады. Фильмнің орыс тіліндегі дыбысталуында Мұрат – Мүлік Сүртібаев әйгілі Георгий Вициннің дауысымен сөйлейді. Тамылжыған табиғат көріністері, халық әндері, қазақ дәстүрлері, бәйге, көкпар, айтыс – Павел Боголюбовтің режиссерлігімен мүмкіндігінше қамтылған. Бір есептен, атбегі Айдар мен шабандоз Ғалияның махаббаты арқылы өзге елдің көрерменіне қазақтарды таныстыруды мақсат тұтқан киноэнциклопедия іспетті. Өйткені «Шабандоз қыз» кеңестік прокаттың алдын бермеген, өз заманында 30 мил­лионға жуық ауди­­­торияны қамтыған рекордтық көр­сеткіштегі фильмдердің қатарынан саналады. Операторы Виктор Масленников, композиторы Василий Соловьев-Седой, бәрі де «ленинградтық өрендер».

Кино – стеоротип пен штамптың бас­ты тұтынушысы әрі таратушысы. Бір фильмнен бір фильмге көшіп жүретін үйреншікті шаблондарға қалыпты жағ­дай ретінде қарау дағдысы бұрыннан бар. Әр жаңа шыққан фильмін әлемдік мәдениет пен өнердің жетістігі секілді жабыла тамашалайтын бүгінгі Америка фильмдеріндегі атыс болған жерге ақ пен қара нәсілді полицейдің жұп болып бірге баратыны сияқты кейіпкерге өзге ұлттың өкілі қосақталып жүрмесе, көп фильмдер «жоғарғы жақ» сүзгісінен өтпей қалатын. Қатты әсер еткені сонша, қаншама жылдар бойы қайталап көруден жалықпаған Ерлан мен Иринаның махаббатын үлгі еткен «Шаңырақ» сияқты фильмдер бүгін кешегіден басқаша қабылданады. Бірақ заманауи әлеуметтік мәселелерді қозғаған «Ирония любви», Аманжол Айтуаровтың «Дала экспресі», Фолькер Шледорффтың «Ұлжан», Әмір Қарақұловтың «Ғалам­тордағы махаббат» фильмдерімен са­лыс­тырғанда, «Шаңырақпен» жылап кө­ріс­кендей боласың. Себебі біз сөз етіп отырған «Шаңырақта» да, тіпті қаптаған қалың орыс түскен «Шабандоз қызда» да ұлттық дүниетаным бар еді. Бұл фильм­дер дүниеге келгенде туған көрерменнің алды жетпіске, соңы қырыққа таяған орта буын өкіліне айналса да, көркемдік құндылығын жоғалтпай, жылылық сыйлап келе жатқаны да дәл сол қасиетіне байланысты екені анық. Ал қазақтың қыздарын өзге ұлтқа үйлендіру арқылы не мақсатты көздегені белгісіз, алыс-жақыннан актер шақырып түсірген мынау фильмдер ұлттық танымды, ұлттық ерекшелікті, жалпы бағытты мүлде басқа жаққа бұрып әкеткен. Бүгінде жасы жетпіске келіп қалған «Шабандоз қыздың» шаңына да ілесе алмайтынын, әрі-бері алаөкпе болып шапқылағанымен, көркемдік жаңалығы кемшін картиналардың көшке ілесе алмайтынын болжау үшін сәуегей болудың тіпті де қажеті жоқ.

Кеңестік кезеңде кез келген фильмді жарыққа шығаруға жолдама бермес бұрын Орталық Комитеттегі жауапты хатшыларға көрсету үрдісі болған. «Тұлпардың ізі» фильмінің түсірілімі аяқталып, «аппараттағыларға» алып барғандағы оқиғаны Әкім Таразидің былай еске алғаны бар: «Мынау не деген сұмдық? Қазақстанда Кеңес өкіметі жоқ па? Көркейген ауыл, көрікті қалалар қайда? Электр жарығы қайда? Ертеңгі күнін ойлап, елегізімейтін жарқын бейнелі жастар қайда? Мыжырайған қоралар мен маңыраған малдан басқа ешнәрсе жоқ. Мың жыл бұрынғы оқиға десең де сенесің, қазіргі жағдай десең де сенесің, қайда Кеңес адамдары?» деген соң, амал жоқ, Мәжит Бегалин мысқылдап: «құрысын, қосайықшы осы» деп бір вертолет кіргізіп едік». Осылайша түрлі амалдар тауып, жаңбыр-жаңбырдың арасымен жан сақтаған қазақ киносының тағдыры бүгінгі өлшеммен алғанда, ерлікке тұнып тұрғандай көрінетіні де рас.

Халықтар достығын дәріптеуді алға тартқан «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген мемлекеттік тапсырыс киностудияға Мәдениет министрлігі тарапынан әлі де беріледі. Рүстем Әбдіраштың «Сталинге хаты», Сламбек Тәуекелдің «Жерұйығы», Сәбит Құрманбековтің «Кешіккен махаббат» картиналары түрлі эмоция тудырғанымен, достықтың, сенім мен қамқорлықтың лебі еседі.

 

АЛМАТЫ