Парламент • 29 Сәуір, 2021

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – уақыт талабы

305 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі заң жобасы қаралды.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – уақыт талабы

 

Атап айтқанда, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат жөнінде Мәжіліс депутаты Ека­терина Смышляева баяндама жасады.

«Біздің қоғам ерекше қажет­тіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыратын бірлестіктер мен кәсіпорындардың жұмы­сы бойынша кәсіпкерлік субъекті­лерінің әлеуметке бағытталған қыз­метімен таныс. Қаржы ми­нистр­лігінің деректеріне сәйкес, бүгінде осындай жүзге жуық субъект жеңілдетілген са­лық салуды пайдаланады.

Сонымен қатар қызметі әлеу­метке бағытталған ұйымдар шең­бері әлдеқайда кең және олар­дың саны жыл сайын артып келеді. Оған азаматтық қо­ғамды дамыту және бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігінің жаңа деңгейі, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптeстік жүйесін ны­ғайту мен мемлекеттің бір­қа­тар әлеуметтік функцияларын бә­секелес ортаға беру ықпал етеді», деді Мәжіліс депутаты.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, қолданыстағы құ­қық аясы әлеуметтік ұйымдардың кең ауқымдағы қызметін реттеуге мүмкіндік бермейді. Өткен жылы кәсіпкерліктің осы сег­ментін кеңейту және одан әрі нығайту үшін аталған заң жобасы бойынша жұмыс басталды. Оған бастамашы болған сәттен бастап әлеуметтік бизнес өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, кәсіби қауымдастықтар, халықаралық сарапшылар тартылған. Заңның негізгі жобасы үш кодекс пен екі заңға өзгеріс­тер мен толық­тыру­лар енгізуді көздейді.

«Заң жобасында қарастырыл­ған мүмкіндіктерді іске асыру ар­қылы бірқатар мәселе қамтыл­мақ. Ерекше қажеттіліктері бар адам­дардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, кедергісіз орта ұйымдастыру үшін медициналық техника, арнайы құралдар мен басқа да отандық тауарларды өндірушілерге қолдау көрсеті­ліп, ын­таландырылады. Бизнесті инклюзивті жұмысқа орналас­тыру, әлеуметтік оңалту, оқыту және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың осал санат­тарының табысын арттыру проблемаларын шешуге тартылады. Кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласында көрсететін қызметінің түрі мен сапасын арттыруға болады», деді депутат.

Құжатқа сәйкес, субъектіні әлеумет­тік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайды. Оның құрамына кімдер кіретінін және оның жұмысының ашықтығын қам­тамасыз ету қалай жоспар­ла­нып отыр­ғанын депутаттар назарға алды. Мәжіліс Төраға­сы Нұрлан Нығматулин әлеу­мет­тік кәсіпкерлік мәселесі заң дең­гейінде реттеліп, оның мәртебесі нақты айқындалуы тиіс екеніне назар аударды.

«Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да  ол жергілікті халықтан артық білмейді. Сон­дықтан бұл комиссияға қоғам өкіл­дерінің кіргені дұрыс», деді Палата Спикері. Оның айтуын­ша, заң жобасы «әлеуметтік кәсіп­керлік» ұғымын, бизнес субъек­тілерін кәсіпкерліктің осы түріне жатқызу санаттарын анық­тап, әлеуметтік кәсіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеу­меттік осал топтарының тіз­бе­сін нақтылайды. Осы­ның бәрі биз­нестің әлеуметтік маңызды ба­­ғы­тын дамытуға мақсатты мем­лекет­тік қолдау көрсетуге мүм­­кіндік береді.

Мәжіліс Төрағасы өңірлік комиссия тізілімге енгізу үшін әлеуметтік кәсіпкерлердің өтінім­дерін жинайтынын атап өтіп, осы тізілімде тұрған кәсіпкерлердің қосымша екі түрі бо­йынша салық жеңілдіктері болатынына (мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту) тоқталды.

Жалпы, заң жобасында қандай да бір ұйымды әлеуметтік кәсіп­керлік субъектілеріне жат­қызу өлшем­шарт­тарын айқындау көзделген.

Палата отырысында «Салық және бюджетке төленетін бас­қа да мін­детті төлемдер туралы» Қазақ­стан Респуб­ликасының Кодексіне (Салық кодексі) то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Депутат Екатерина Смышляева заң жобасының басты мақсаты әлеумет­тік кәсіп­керлікті қолдау жөніндегі мемле­кеттік шараларды шоғырландыру екенін атап өтті. «Депутаттар әлеуметтік кәсіп­керлерге салық салынатын табыс­ты салық салуға байланысты кірістерді екі есеге азайту, халықтың әлеуметтік осал санаттарын оқыту, біліктілігін арт­тыру немесе қайта даярлауға кеткен шығындарды екі есе азайту бөлігінде салық жеңілдіктерін беруді ұсынды. Бұл нормаларды енгізу арқылы біз кә­сіп­керлік субъектілерінің тізімін кеңейтеміз.

Кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға кететін шығындар үшін жұмыс беру­шілерге салықтық жеңілдіктер ұсыну олардың жұмыспен қамту мәсе­ле­лерін шешуге және осы топтағы жұ­мыскерлердің құзыретін арттыру про­цесінде жеке инвестицияларды тартуға қатысуына ықпал етеді. Бұл бүгінде негізінен бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады», деді Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ жалпы отырыс барысында депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

«Кеден кодексінің нормаларына сәйкес аванстық төлемдер институтын енгізу көзделген. Осыған байланысты Шартқа тиісті түзетулер енгізу қажет­тігі туындап отыр. Алдағы төленетін кеден­дік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады. Қазіргі уақытта кедендік тазарту кезінде алты кедендік төлем мен салық түрі төленеді.

Осы хаттаманы ратификациялау сыртқы экономикалық қызметке қатысу­шыларға уақыт үнемдеп, шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкі­­меті арасындағы көші-қон саласын­да­ғы ын­тымақтастық туралы Келісімді ра­ти­фи­кациялау туралы» заң жобасы қаралды.

«Бұл құжат азаматтық туралы ақ­парат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, статистика мен ақпарат алмасуға, азаматтар туралы жеке мәлімет алуға, тәжірибе алмасып, практикалық көмек көрсетуге, заңсыз көші-қон жолдарын жоюға жағдай жасайды. Қазақстан мен Әзербайжан азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Әзербай­жан арасындағы ынтымақтастық артуда. 2018 жылы Қазақстанға Әзербайжаннан 50 мыңға жуық азамат, 2019 жылы – 48 мыңнан астам азамат келген. Ал Қазақстаннан 2018 жылы 28 мың, 2019 жылы 29 мың азамат Әзербайжанға барған. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты келіп-кететін азаматтар саны азайды», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.