Аймақтар • 29 Сәуір, 2021

Түркістанда 6 сотталушы суицид жасамақ болды

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында абақтыдағы тінту шараларына наразылық білдірген 6 адам өз-өздерін жарақаттаған. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда 6 сотталушы суицид жасамақ болды

«Түркістан облысында сотталған 6 азамат баршаның көзінше өз денелерін кескіледі. Мұның себебін олар тінту жұмыстарымен және қауіпсіздік мекемесінің ішкі тәртібімен келіспегендіктен жасағанын түсіндірген. Тінту шаралары Ұлттық ұланның, өзіндік қауіпсіздік қызметінің, прокуратура өкілдерінің және облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығының қатысуымен өткен болатын», деп жазады комитеттің баспасөз қызметі.

Тінту қорытындысында пайдалануға тыйым салынған заттар табылып, тәркіленген.

«Қатаң тәртіпте жазасын өтеп жатқан бірнеше сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің заңды талаптарына бейәдеп сөзбен наразылық білдіріп, өздеріне қасақана дене жарақатын салды. Оларға дереу медициналық көмек көрсетілді. Қазір жағдайлары қанағаттанарлық, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді», дейді Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Талғат Әбдіранбаев.

Сондай-ақ департамент бастығы өздеріне қол салғандардың кісі өлтіру, қарақшылық және есірткі саудасы үшін жазасын өтеп жатқанын атап өтті.

Қарсылық шарасының бастамашысы Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармағы (есірткі құралдарын заңсыз сақтау, дайындау және өткізу) бойынша 10 жылға сотталған 28 жастағы азамат екені белгілі болды.

«Мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Аталған факті тіркеліп, қызметтік тергеу жүргізілуде. Қазір ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін 485 адам қамауда», деп жазылған департаменттің дерегінде.