Қазақстан • 29 Сәуір, 2021

Самарқанда Қазақстанның бас консулдығы ашылды

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Самарқанда Қазақстан Республикасының бас консулдығы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Самарқанда Қазақстанның бас консулдығы ашылды

Салтанатты шараға Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшісі Дархан Сатыбалды мен Самарқан облысының әкімі Эркинжон Турдимов қатысты.

«Самарқанда Қазақстан Республикасының бас консулдығының ашылуы – біздің мемлекет басшыларының уағдаластығының нәтижесі. Бүгінде Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі, оның үлесіне өңір елдерімен тауар айналымының жалпы көлемінің 50%-дан астамы тиесілі.

Өз кезегінде өзбек бизнесі қазақстандық нарықты белсенді игеруде. Осының барлығы мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонұлы Мирзиеевтің күш-жігерінің, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы үлес қосуының арқасында жасалып жатыр», деді Д. Сатыбалды құттықтау сөзінде.

Қазақстандық дипломаттың айтуынша, Самарқан Өзбекстанның стратегиялық орталығы саналады және маңызды туристік, экономикалық және көлік әлеуетіне ие. Сол себепті Самарқанда бас консулдықтың ашылуы кездейсоқ емес.

«Айта кету керек, Самарқан бүгінде қазақстандық туристер үшін ғана емес, бизнес саласында да тартымды орталық болып отыр. Қаланың тарихы бай өткені, сондай-ақ жарқын болашағы бар. Жуық арада Самарқан миллионер қала мәртебесіне ие болады. Бұл оның саяси мәртебесін арттырып, туристік мүмкіндіктерін кеңейтеді, сондай-ақ инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Самарқан қаласындағы бас консулдықтың қызметі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды жандандыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», деді Дархан Сатыбалды.

Самарқан облысының басшысы Э. Турдимов екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын кеңейту мақсатына толық сәйкес келетін қазақстандық дипломатиялық миссияны ашудың тарихи маңыздылығын атап өтті.

«Мұндай айтулы оқиға тарихымызда қалатыны сөзсіз. Біз Қазақстанның Самарқандағы бас консулына барынша қолдау көрсетеміз.

Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарының сапалы жаңа деңгейде дамуы бауырлас екі халықтың ұзақ мерзімді достық мүдделеріне толық жауап беретінін және Орталық Азия өңірлерінің бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті және жедел дамуын қамтамасыз етудің маңызды факторы болатынын айтқым келеді», деді Самарқан облысының әкімі Эркинжон Турдимов.