Жарты шар тәріздес, төбесінде шаңырақ бейнеленген Достық үйі – Жамбыл жеріндегі ынтымақ пен бірліктің, бейбітшілік пен мамыражай өмірдің ерекше символы. Қазіргі уақытта өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымына ғылыми-сараптамалық топ, қоғамдық келісім кеңестері, Аналар, медиаторлар, қолданбалы өнер шеберлері клубы, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақ желкен» жастар лигасы, «Айбын» жастар әскери-патриоттық клубы кіреді.
Өңірде бүгінгі таңда 87 этнос пен 75 этномәдени бірлестік өкілдері өзара келісім мен тұрақтылықта өмір сүріп келеді. Оның ішінде орыс, дүнген, түрік, өзбек, әзербайжан және корейлер де бар. Ал бір пайыздан да аз этностардың қатарында күрдтер, татарлар, украиндар, немістер, ұйғырлар, қырғыздар, чешендер, гректер, тәжіктер, белорустар және басқалары бар. Қазіргі уақытта өңірлік ҚХА құрылымына Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық аккредиттеуінен өткен 34 этномәдени бірлестік кіреді. Ал өңірлік Ассамблея қызметінің басым бағыттарының бірі – қайырымдылық. Осыған орай, жыл сайын меценаттар мен демеушілер форумы өткізіледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Жомарт жан» төсбелгісімен Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Юрий Минаков, «Ахыска» облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев және Жамбыл облысы «Өзбек» этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов марапатталды. Сонымен қатар қайырымдылық жасауға қазақ, түрік, өзбек, дүнген, еврей, ұйғыр, украин, неміс және орыс этномәдени бірлестіктері мен Аналар кеңесінің белсенді қатысқанын да ерекше атап өткен жөн. Қайырымдылық жасауда ең бірінші болып ойға оралатын іс – облыстық Ассамблея жастарының «Ерікті донор» дәстүрлі акциясы. Мұнда түрлі этнос өкілдерінен құралған жас буын өкілдері өз еріктерімен «Қан орталығына» барып қан тапсырады.
Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да екі ұзақмерзімді жобаны жүзеге асырды. Бұл жобалар «Жамбыл облысы этностарының дәстүрлері мен мәдениеті» энциклопедиясы және энциклопедия негізінде «Ұлы дала қазыналары» атты интерактивті картасы болатын. Достық үйінде Nur Otan партиясының облыстық филиалымен бірлесіп, «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Орталықта қарт адамдарға арналған «Өзіңе көмектес!», «Музыкалық қонақжай» клубтары, тілдерді оқыту, хореография секциялары, сәндік-қолданбалы шығармашылық үйірмелері жұмыс істейді. Орталық бүгінде түрлі этнос өкілдерінен құралған 80-нен астам адамның басын біріктіріп отыр. Сондай-ақ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында жыл сайын облыстық «Бір шаңырақ астында» байқауын өткізу дәстүрге айналған. Сонымен қатар облыс Ассамблеясы жыл сайынғы «Қазақстанға ыстық ықыласпен», «Атажұртты аңсау» кездесулерін өткізу аясында шетелде тұратын отандастармен қоғамдық-маңызды іс-шаралар ұйымдастырады. Көрші республикалармен достық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында «Шекара достардың жүрегін бөлмейді» дәстүрлі шекаралық ынтымақтастық фестивалі өткізіледі.
Жеке тұлғаның мәдени және ұлттық бірегейлендіруін қамтамасыз ететін маңызды фактордың тіл екені белгілі. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Демек қазақ тілі, полиэтностық мемлекетте байланыстырушы және біріктіруші құрал ретінде әрекет етуі тиіс. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда басты катализатор қазақ тілі болуы тиіс деп күмәнсіз айтуға болады. Және ол жалпы қазақстандық тіл, яғни елдің барлық халқы үшін ортақ тіл болуға тиіс. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының сол кездегі орынбасары Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық жобасы орын алды. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған тіл форумына облыстық Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының штаб мүшелері, «Радонеж» орыс бірлестігінің мүшелері В.Трегубова мен Р.Прияхина және «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Д.Нұралиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы орынбасарының алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал биыл жергілікті этностардың мемлекеттік тілді меңгерудегі жетістіктеріне келетін болсақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында қалыптасқан, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңын биыл басқаша форматта өткізуді жөн көрдік. Осы іс-шараға байланысты өзге этностар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында өзге ұлттар көп шоғырланған бірнеше ауданда эстафета ұйымдастырылып, барлық этномәдени бірлестіктің мүшелері аянбай атсалысты. Мұнда тұратын әрбір қазақстандық қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын. Өзім орта мектепті орыс тілінде тәмамдасам да, отбасымызда ұйғыр тілімен қатар, қазақ тілінде де еркін сөйлесіп жүрдік. Өмірде қандай жетістікке жетсем де, аяулы ата-анамның тәрбиесінің арқасы деп білемін. Отбасымызда жақсы тәрбие берген марқұм анам Рабия Исмаилқызының ерен еңбегін айрықша атап өткім келеді. Анамның Қазақстан этностарының түрлі әндерін нақышына келтіріп орындайтын өрелі өнері мен композиторлық таланты біздің бойымызда адами қасиеттердің қалыптасуына зор ықпал етті.
Сонымен қатар жыл сайын аталып өтетін атаулы мерейтойлар ғұлама Абайды халықпен жақын табыстыра түсуде. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткен жылы барынша лайықты атап өтуге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз үлесін қосты. Ассамблея өкілдерінің қатысуымен челлендждер, түрлі интернет-акциялар, бейнетүсірілімдер өз деңгейінде ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейханов, Мұқағали Мақатаев сияқты көрнекті тұлғалардың да мерейтойына орай, өзге этнос өкілдері арасында олардың шығармаларын оқудан өңірлік челлендж өткізілуде. Оның қорытындысы жыл соңында анықталады. Бүгінде мемлекеттің қолдауы нәтижесінде қазақ жерінде нағыз бірлік пен патриотизмнің салтанат құрғанын байқауға болады.
Парида МАМЕДОВА,
Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы