Әлем • 29 Сәуір, 2021

Парсы шығанағындағы мұнай мәселесі

1014 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі бірнеше аптада Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекет елдегі мұнай компанияларын сату жоспарын жеделдетіп, олардың құнды қағаздарын нарыққа шығарды. Табысының басым бөлігі «қара алтыннан» түсіп отырған араб елдерінің мұндай қадамға баруының себебі неде?

Парсы шығанағындағы мұнай мәселесі

Бұл жаңалықтың қызығы мынада. Кезінде араб елдері шетелдік инвесторларды тарту үшін патшалық қазыналарды пайдалануға түбегейлі қарсы болған еді. Енді, мемлекеттің басты қазынасын сатуды жоспарлап отыр. Әсіресе, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Оман мен Кувейт тарапы осындай қадамға бармақ.

Оның үстіне, сатылатын компаниялар да елдегі ең ауқымдысы саналады. Олардың құны миллиардтаған доллардан асып кеткен. Мәселен, таяуда Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Парсы шығанағындағы ең үлкен корпорацияның бірі – Aramco мұнай компаниясының 20 миллиард долларлық акциясы сатылымға шығатынын растады.

Сарапшылардың пайымдауынша, мұның басты себебі – коронавирус пандемиясы. Біріншіден, әлемдегі мұнай қорының жартысын иеленетін Парсы шығанағы елдері індет салдарынан шығынға ұшырады. Мәселен, былтыр Таяу Шығыс елдеріндегі бюджет дефициті 10,8 пайызды құраған. Ал ішкі жалпы өнім көлемі 3 пайызға төмендеген.

Естеріңізге салсақ, коронавирус пандемиясы салдарынан әлемдік мұнай нарығында сұраныс азайып, «қара алтын» құны түсе бастаған-ды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқандай» болып, былтырғы наурыздың басында Ресей ОПЕК+ келісімінен шығып кетті. Кремль мұның себебін Сауд Арабиясының өндіріс көлемін азайту туралы талабын басыну деп қабылдағанымен түсіндірді. Ресейдің әрекетіне шамданған арабтар да қарап жатпай, өндіріс көлемін көбейтетінін мәлімдеді. Осылайша пандемия салдарынан қалтырап тұрған «қара алтын» бағасы тіпті құлдырады.

Рас, кейінірек ОПЕК+ елдері мәмілеге келіп, мұнай көлемін рекордтық деңгейде азайтуға келісті. Соның нәтижесінде «қара алтынның» құны көтерілді. Дегенмен, мұның бәрі мұнайға тәуелді елдердегі жағдайды жақсартқан жоқ. Салдарынан былтыр Сауд Арабиясындағы ішкі жалпы өнім көлемі 4,6 пайызға азайды.

Былтырғы алғашқы тоқсанда бюджет тапшылығы 9 миллиард долларды құрады. Мұнай секторы 2011 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8,2 пайызға төмендеп кеткен. Әйтсе де елдегі экономиканың тоқырауына тек коронавирусты кінәлау жеткіліксіз. Кейінгі бес жылда ел экономикасы құлдырап келе жатыр. Былтыр осыған байланысты Сауд Арабиясы экономикасын қайта қалпына келтіру мақсатында қосымша құн салығын үш есе өсірді.

Оған қоса, сарапшылар халықаралық қоғамдастықтың жасыл энергетикаға сенім артуы да мұнай компанияларын сату процесін жеделдеткенін айтады. Өйткені уақыт өткен сайын мұнайға тәуелділік азая береді. Мұндай кезеңде экономиканы әртараптандыру үшін Парсы шығанағы елдеріне қосымша қаражат қажет.

«Аталған елдердің құны түспей тұрғанда компания акцияларын сатып жіберуге тырысуы түсінікті. Өйткені олар энергия көзінің ауысып жатқанын аңғарып, құны жоғалмай тұрып пайда көріп қалуға тырысады», дейді MENA Advisors консультациялық компаниясының экономисі Александр Джастин Al Jazeera арнасына берген сұхбатында.

Қазіргі таңда сатылымға қойылған компаниялар ішінде Сауд Арабиясының Aramco және Біріккен Араб  Әмірліктерінің Adnoc компанияларының шоқтығы биік. Екеуі де энергетика саласындағы алпауыттар саналады. Aramco әлем бойынша мұнай өндіруден ешкімге дес бермейді. Ал Adnoc БАӘ-дегі бүкіл мұнай мен газды өндіреді.

Шындығын айтқанда, бұған дейін екі корпорация пандемияға дейін де жекешелендіру жоспарына кіріскен. Мәселен, Aramco 2019 жылы Эр-Риядтағы қор нарығына шығарылды. Adnoc 2017 жылы жанармай жеткізу қызметінің акцияларын сатты. Сәуір айының басында Aramco-ға америкалық компания 12,4 миллиард доллар инвестиция салуға әзір екенін хабарлаған.

Aramco компаниясы ел басшылары үшін маңызға ие. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Aramco-ны «Көзқарас 2030» бастамасын жүзеге асыруға қажет деп есептейді. Осы жоба аясында қалың құмның арасына құны 500 миллиард долларлық NEOM деп аталатын заманауи қала салынуы тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының құлдырауы оған мүмкіндік бермей тұр.

Бұдан бөлек, кейінгі кезде Сауд Арабиясы халықаралық аренада мысқалдап жинаған абыройынан батпандап айырылып жатыр. Әсіресе, журналист Жамал Хашоггидің арнайы тапсырыспен өлтірілуі ел беделіне едәуір нұқсан келтірді. Рас, Эр-Рияд билігі бірнеше адамды кінәлі деп тауып, жазалаған. Әйтсе де, адам құқығын қорғайтын ұйымдар мен БҰҰ-ның арнайы жұмыс тобы корольдің отбасын кінәлады.

Йемендегі азаматтық соғыс та абырой әперген жоқ. 2015 жылы басталған қақтығысқа Эр-Рияд әрдайым араласып отырды. Сауд Арабиясының әскери ұшақтары бомбалаған нысандарда қарапайым тұрғындар қаза тауып, халықаралық қоғамдастық тарапынан сынға ұшырады.

Сондай-ақ МБС-нің кейінгі жылдары қабылдаған шешімдеріне елдегі кей топтар разы емес. Әсіресе, әлеуметтік жеңілдіктер, әйелдерге көлік жүргізу құқығын беру, кинотеатр ашу секілді бастамалар дін ұстанатын элитаға ұнаған жоқ.

Парсы шығанағы елдерінің энергетика саласындағы компанияларын сату жоспарының астары бар. Біріншіден, аталған корпорациялар түгелдей сатылымға қойылған жоқ. Акциялардың бір бөлігі ғана қор нарығына шығарылды.

Екіншіден, Aramco мен Adnoc акцияларды тікелей иеленуді емес, ұзақ мерзімге лизингке алуды ұсынып отыр. Қазіргі таңда екі компанияға да Moelis & Co компаниясы консультация ұсынып отырғаны белгілі. Сондықтан желдің қайдан соғып тұрғанын түсіну қиын емес.

Сонымен қатар Қатар мен Оманның да мемлекеттік компаниялары қор нарығына шығуды жоспарлап отыр. Мәселен, Qatar Petroleum газ экспорты көлемін 10 миллиард долларға ұлғайтуды көздейді. Сарапшылардың айтуынша, мұнай компанияларына сырттан ақша тартудың тағы бір себебі – пандемиядан туындаған былтырғы бюджет тапшылығының орнын толтыру.

Оманның OQ компаниясы өткен аптада жеті жылдық еурооблигациялардың кем дегенде 500 миллион долларын сататынын хабарлады. Тағы бір мемлекеттік компания Energy Development Oman жыл соңында осындай қадамға баруы мүмкін. Өйткені компания 3 миллиард долларлық акцияны сатуды жоспарлап отыр. Сұлтан Хайтам Бин Тарик билікке келгелі шетелден инвестиция тартып, тоқыраған экономиканы қайта түлетуді көздейді. Сондықтан мемлекеттік компаниялардың акциясын сату – осы жоспардың бір бөлігі.

Кувейт билігіне тиесілі Kuwait Petroleum Corp халықаралық облигация шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, алдағы бес жыл ішінде 20 миллиард доллар қаражат жинамақ.