Парламент • 30 Сәуір, 2021

Жер мәселесі – ел мәселесі

2431 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Жер мәселесі – ел мәселесі

 

Жер мәселесі – қоғамда қызу тал­қыланып жатқан көкейкесті проб­лемалардың бірі. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық сөзіне құлақ асып, аталған мәселені шешудің нақты жолын ұсынды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өзінің заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын Парламенттің қарауына жолдады.

Парламенттің екі палатасы да бұл құжат бойынша ауқымды жұмыс атқарып, оны жан-жақты қарады. Заң жобасын талқылауға жұртшылық, сарапшылар және ғалымдар да белсене қатысты.

Сонымен қатар осы заң жобасында егер меншік иесі болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына шетелдіктер мүше болған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған.

Заң жобасы жөнінде сенаторларға Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндап берді.

«Заң жобасында ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін шетелдіктерге және шет­елдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компания­ларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу көзделген.

Бұдан басқа заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайтыны және олар пайдалану мерзімі аяқтал­ғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған.

Ал қандастар жер учаскесін жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар.

Қазіргі уақытта жалпы ауданы 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерді шетелдік қатысуы бар жеті заңды тұлға жалға алып отыр. Оның ішінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына арналған ауданы 5,9 мың гектарды 1 кәсіпорын, Павлодар об­лысында ауданы 32,2 мың гектар жерді ауыл шаруашылығына пайдаланылатын  1 кәсіпорын, Атырау облысында 1,6 мың гектар жерді пайдаланатын 1 кәсіпорын және Ақмола облысында жалпы алаңы 34,7 мың гектарды құрайтын жермен жұмыс істейтін 4 кәсіпорын бар. Сондай-ақ екі шетелдік компания жұмыс істейді. Шығыс Қазақстан облысында 14,9 мың гектар алқапта 1 кәсіпорын және Жамбыл облысында 3,6 мың гектар алқапта 1 кәсіпорын.

Бұл ретте шетелдік компаниялардың ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау мерзімдері 2022 жылдан басталып 2025 жылға дейінгі кезеңде аяқта­лады. Тиісінше, жалға алу мерзімі аяқтал­ғаннан кейін жаңа мерзімге ұзартыл­майды, өйткені бүгін талқыланып отыр­ған заң жобасы шетелдік жер пай­дала­ну­шыларға және әртүрлі бірлескен кә­сіпорындарға жер беруге толық тыйым салуды қарастырады», деді Сапар­хан Омаров.

Ведомство басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту бойынша заңна­малық механизм әзірленбек.

«Сондай-ақ 2020 жылғы желтоқ­санда Салық кодексіне заңнамалық түзетулер қабылданды. Онда пайдаланылмайтын жерлерге жер салығының мөлшерлемелерін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайту көзделген, яғни ұтымсыз жер пайдаланушылар пайдаланылмайтын жерлерден өз еркімен бас тартуы үшін экономикалық мәжбүрлеу тетігі іске қосылғанын атап өткім келеді», деді министр.

Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында сенатор Әбдәлі Нұралиев құжаттың нормаларына қатысты Сенаттың тұрақты комитеттері мен жекелеген Сенат депутаттарынан 2 ұсыныс түскенін айтты.

«Аталған ұсыныстар бойынша жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беру туралы тиісті өзгеріс пен толықтыруды Жер кодексінің
48 және 128-бабына енгізу ұсы­нылып отыр», деді Әбдәлі Нұралиев.

Заң жобасын талқылау барысында оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Соған байланысты Сенат заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Осы заң жобасы қабылданғаннан кейін де елімізде жер мәселелерін заң­намалық реттеуді жетілдіру жұмыс­тары жалғаса береді. Таяуда арнайы құ­рылған Жер комиссиясы өз жұмы­сын аяқтағаны белгілі. Оның құра­мына бес бірдей Сенат депутаты мүше болғанын айта кеткен жөн. Ко­мис­сияның отырыстары кезінде бұл са­ладағы заңнамаларды жетілдіруге қа­тысты көптеген ұсыныс айтылды. Соған сәйкес қазіргі таңда Үкімет жер­ді пайдалануға қатысты заңна­ма­лық түзетулер топтамасын әзірлеуде. Со­ның нәтижесінде алдағы уақытта тиісті заң жобасы Парламентке келіп түседі.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және кол­лекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, қабылдады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бұл құжат микроқаржылық және кол­лекторлық қызметті іске асырудың құқықтық базасын жетілдіруді көздейді. Енді осы заңға сәйкес коллекторларға басқа адамдардың телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады және олар борышкерлермен арадағы кез келген іс-әрекет кезінде видео және аудиофиксация жүргізуге міндетті болады.

Палата депутаттарының пікірінше, бұл норма коллекторлар тарапынан дөрекі сөйлесуден немесе заңнаманы бұзудан сақтайды. Сонымен қатар несие тарихына қатысты өзгеріс енгізілді. Егер бұрын ондай тарихты сақтау мерзімі 10 жыл болса, енді енгізілетін түзетуге сәйкес бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарады.

«Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі де маңызды мәселе болып отыр. Банктер өткен 10 жылда қарыз төлемдерінің мерзімін өткізіп алған адамдарға кредит беруден бас тартады. Несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарғанда біздегі 490 мыңға жуық отандасымыз қажет болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға мүмкіндік алады», деді сенатор Ольга Перепечина.

Заң жобасында банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілді. Енді мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәрті­бін енгізу көзделіп отыр, ол банктер­дің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредит­теріне де қолданылады. Сондай-ақ қарыз алушылардың кредиторларға өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.